Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Жауынгердің жорық жолы

1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысында жеңіске жету жолында миллиондаған адам құрбан болды. Қазақстанның халық жазушысы, майдангер ақын Әбу Сәрсенбаевтың:

Сен құрметте оны!

Түсіндің бе, қарағым?

Ол ақшаға сатқан жоқ

Тізеден кесіп аяғын.

Еріккеннен ұстап жүрген жоқ

Қолтықтағы ұзын таяғын.

…Сенің келешегің үшін берді ол

Азаттық, жолында аяғын! — деген шығармасын тебіренбей оқу да, тыңдау да мүмкін емес.

Үш жыл бойы сол сұрапылға қатысып, бораған оқтың астында жүрсе де міндетін адал атқарып, елге аман-есен оралған Қызылқоға өңірінің байырғы тұрғыны, қарапайым ғана шаруа адамы Мақыбай Алтыбаев болатын.

1903 жылы Гурьев уезіне қарасты Жарыпшыққан өзенінің бойында дүниеге келген ол аға-інілері Мақаш, Елеш және Сәду 1911-1915 жылдары ашылған Доссор, Мақат кәсіпшіліктеріне жұмысқа кеткенде, елде қалып, мал бақты. Осылайша өз күнін өзі көріп жүргенде Тайсойған ішінде ТОЗ, артельдер мен «Қосшы» қоғамы құрылып, соларда еңбек етеді. 1938 жылы дербес шаңырақ көтерген Гурьев облысының құрамында Мақат ауданы құрылғанда Ойыл өзенінің түстігіндегі аумақ Мақат ауданының қарамағына берілгені тарихтан мәлім.

Соғыс басталған жылдың желтоқсанында Доссор кентіндегі Мақат аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылып, Қызыл Армия қатарына алынған Мақыбай сол кезде екінші рет жасақталып жатқан 211-атқыштар дивизиясының 829-артиллерия полкінің сапына қосылып, әскери машық-тәсілдерге үйренеді. Біраз уақыттан соң 211-дивизия үш атқыштар және артиллерия полктерімен, басқа да бөлімдерімен майданға жөнелтіледі. Ол артиллерия полкінің құрамында 1942 жылғы мамырдың алғашқы күндері Орел облысы аумағында неміс әскерлерімен алғашқы ұрысқа кіріскен.

1943 жылдың жазында дивизия 70-армияның құрамында Курск иінінің солтүстігіндегі Жоғарғы Гранкино-Шепелево аумағында қорғаныс шебінде тұрып, қорғаныс ұрыстарын жүргізген. Сол жылғы күзде құрама Чернигов қаласын азат ету операциясына қатысады. Десна өзенінен өту кезінде Чернигов тасжолының Михайло-Кошыбинское-Андреевка учаскесін өз бақылауына алуда ерекше өжет іс-қимыл көрсетеді. Сол үшін дивизияға «Черниговтік» құрметті атағы берілген.

Бұдан кейінгі жорық жолдарында дивизия Днепр өзенінің оң жағалауындағы плацдармды кеңейтіп, Житомир-Бердічев, Каменец-Подольск, Проскуров-Черновиск, Львов-Сандомир шабуылдау операцияларына қатысады. КСРО шекарасынан өткеннен кейін Шығыс Карпат, Морава-Острова операцияларын жеңіспен аяқтаған 1-гвардиялық армия құрамында соғысты Чехословакия астанасы – Прага қаласында жалғастырған. Бұл кезде Морава-Острова өндірістік ауданы аумағындағы шабуылдау операциясы аяқталғанымен, чех жерінде неміс әскерлерінің құрамаларымен қатар жергілікті ұлтшылдардың қарсылығы кең етек алған еді.

1-Белорус майданының құрамалары Берлинді алу операциясын жүргізіп, 2 мамырда Берлин толық КСРО Қарулы Күштерінің қол астына өтті. 8 мамырда неміс жағы тізе бүккені жөнінде ресми түрде жариялады. Бұл кезде Чехословакияда 6 мамырда басталған Прага операциясы әлі жүріп жатты. 11 мамыр күні Прага қаласы басқыншылардан толықтай азат етілді.

Мақыбай Алтыбаевтың полкі бұдан кейін де Чехословакия жерінде біраз уақыт аялдаған. Жауынгер ағаның омырауына «Праганы азат еткені  үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары тағылды. 1945 жылдың 31 тамызында аман-есен еліне оралды.

М.Алтыбаевтың сұрапыл жылдардағы ерлік іс-қимылдары үшін 1944 жылдың 17 қыркүйегінде II дәрежелі Богдан Хмельницкий орденді 829-артполк командирі, капитан Капрановтың №038/н бұйрығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Марапаттау бетшесінде қатардағы жауынгер Мақыбай (Махабай) Алтыбаевтың мініс аттары взводы 8-12 қыркүйек аралығындағы шабуыл кезінде төніп тұрған қауіп-қатерге де қарамастан азық-түлік пен көлікті дәл уақытында және кідіріссіз жеткізіп тұрғанын, жылқылардың күйлі, әскери тасымалға жарамды екенін атап көрсеткен.

Елге оралған майдангер аға соғысқа дейінгі кәсібі – шопандыққа кірісіп, Сталин атындағы ұжымшардың Ақши бөлімшесінде бір отар қойды бағып отырады. 1961 жылы жаңадан құрылған Энгельс атындағы кеңшардың орталығы – Қарабау селосында жұмыс істеп жатқан үлкен ұлы Мақсоттың қасына көшіп келеді. Жасы келген ардагер құрметті еңбек демалысына шығып, зейнетке шықты. Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, мерекелік медальдармен марапатталды.

Абзал аға 1992 жылы өмірден озды. Бүгінде оның немере-шөберелері батыр аталарын әрдайым еске алып отырады.

Орақ ДЕҢГЕЛБАЕВ,

өлкетанушы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button