Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Жауынгердің жан сөзі

Соғыс – үлкен трагедия. Ол әр үйдің есігін ашып, әр ананың жүрегіне жара салды. Бірақ сол сұрапыл жылдарда ел үшін еңіреп туған ерлердің ерлігі тарих қойнауында ғана емес, жүрек төрімізде сақтаулы. Олар оқ пен оттың арасынан өмір мен өлімді таразыға салып, болашақ үшін жанын шүберекке түйіп шайқасты. Сол боздақтардың ерлікке толы естеліктерінен жиналған  «Жауынгер күнделігінен» атты топтамада соғыс жылдарында от пен оқтың ортасынан аман шыққан ардагерлердің әр жылдардағы сұхбаттарынан өз аузынан жазылып алынған шынайы оқиғалармен  таныстырғанды жөн көрдік.

Бұл – жауынгерлердің жан сөзі, көкірек түкпірінде қалған шындықтың үні. Майдан даласында бастан өткерген әрбір сәт, әр сезім – бүгінде алтыннан да қымбат дерек, рухани мұра. Олар қағазға түскенде ғана емес, жүрекпен оқылғанда ғана тірі. Әрбір естеліктен окоптағы қаруластың демі, даланың дүмпуі, ананың аманаты, туған жерге деген шексіз сағыныш сезіліп тұрады.

Майдангерлер – жай ғана солдат емес, олар – тарихтың куәгерлері. Бүгінгі бейбіт аспан, тәуелсіздік таңын қарсы алған әрбір таң – солардың көз жасы мен қанымен келген шындық. Біз сол ақиқатты ұмытпауымыз керек. «Жауынгер күнделігінен» топтама – өткенді ұмытпау үшін, ұрпаққа аманат болсын деп жазылды.

Сөз – уақытты тоқтата алмайды, бірақ өткеннің үнін естіртеді. Ендеше, жауынгер күнделігі – естеліктен өрілген ескерткіш. Оқып отырып, әр сөзден от кешкен ұрпақтың рухын сезінесіз. Олар бізге болашақты сыйлады, біз оларға мәңгілік тағзым етеміз!

Қапиз ЕРҒАЗИЕВ,

майдангер:

Жүректегі жара жазылмайды

Қанша жыл от пен оқтың ортасында жүріп, қиын кезеңдерді бастан өткерсем де, 1942 жылдың 6 қаңтары – мен үшін мәңгілік есте қалды. Сол күні мен майдан шебіне аттандым. Бұл күн санамда атойлап тұр – дәл сол күннен бастап менің өмірім соғыс пен ерлікке толы жаңа бетке көшті.

Майдандағы алғашқы бағытым – Солтүстік Кавказ болды. Сол жерде мен бөлімше командирі қызметін атқардым. От кешкен күндер, толассыз шайқастар, жауынгер жолдастардың жан алысып, жан беріскен сәттері – бәрі де көз алдымда. Сұрапыл соғыс маған үш рет жарақат салды. Соңғысы – ауыр болды. Аяғым мен қолым жараланып, есімді әрең жинап, Арменияның Ереван қаласындағы госпитальге жеткізілдім. Сол жақта 9 ай бойы емделіп, ауыр сырқатпен арпалыстым. Сол жарақаттарым бүгінде де жанымды қинайды, денем емес, жүрегім сыздайды. Дегенмен, күлкісі кіршіксіз бейбіт тұрғындарды көргенде жаным тынышталып, солардың шаттығынан қуат алып, сауығып кеткендей боламын.

1944 жылы аман-есен елге оралдым. Соғыстың дүмпуінен кейінгі тыныштық та адамды емдейтіндей екен. Соғыс көрген адам үшін бейбіт өмірдің әр күні – үлкен олжа. Елге келген соң, Қарағанды педагогикалық институтының сырттай бөлімінде оқып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алдым. Білім жолы – менің екінші майданым болды. Балалардың болашағына жол ашып, оларды білім мен тәрбиеге баулып, ұзақ жылдар бойы ұстаздық еттім. 1989 жылдан кейін ғана, жас жетіп, денсаулық сыр бергеннен соң мұғалімдікті қойдым.

«Тау алыстаған сайын биіктейді» дейді дана халық. Жеңістің мәні мен маңызы да сол секілді – жыл өткен сайын арта түсуде. Біз бұл соғысқа қатыстық деп емес, ел қорғауда өз үлесімізді қостық деп мақтан тұтамыз. Еліміздің бүгінгі жетістігі, Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт күні – біз армандаған болашақтың көрінісі.

Жастарға тілерім – сапалы білім алыңдар, елге адал қызмет етіңдер. Еліміздің іргесі аман, көгілдір Туымыз көкте желбірей берсін!

Раушан Досқалиев,

майдангер:

Өткеннің ізі – бүгіннің іргесі

Ол бір ауыр кезең еді. Халықтың басына қара бұлт үйірілген, заманның ең күрделі, ең сұрапыл сәттері болатын. Қиын-қыстау күндерде жүрекке үміт ұялатқан жалғыз нәрсе – Отанға деген адалдық, туған жерге деген сүйіспеншілік болатын. Сол сезім мені 1943 жылы өз еркіммен майданға сұранып баруға жетеледі.

Жауынгерлік өмір оңай болған жоқ. Екі рет бастан жарақат алдым. Сол кезде алған ауыр снаряд жарықшағы әлі күнге дейін басымда. Денедегі жара жазылса да, жүректегі із қалды. Сол бір сұрапыл шайқастардың бірінде, Румыния жерінде ауыр жараланып, дала госпиталіне жеткізілдім. Жиырма күн бойы ажал мен өмір арпалысып жатты. Ақ халатты абзал жандардың шипасы мен жанкешті еңбегінің арқасында аман қалдым. Олар сол бір от пен оқтың арасында жүріп, нағыз ерлік жасады – жаралы жауынгерді аман алып қалу да майдандағы күрестің бір түрі еді.

Соғыс – ерлік пен төзімнің, қайсарлық пен үміттің мектебі болды. Сол жолда қаншама жан құрбан болды, қаншама тағдыр күрт өзгерді. Бірақ біз бәріне төздік, өйткені артымызда ел, жер, халық тұрды.

Бүгінде сол күндерді еске алғанда, мемлекетіміздің бізге деген ықыласына, жас ұрпақтың алғысына қарап, төккен тер мен тартқан азаптың бос кетпегеніне көз жетеді. Ел басына күн туған шақта ел қорғаған ерлердің ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Тыныш заманның қадірін соғысты көрген ғана емес, бүгінгі ұрпақ та ұғына білсе екен деймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.

Ғафуролла ДАЙЫРОВ,

тыл еңбеккері:

Ерте есейткен заман

Соғыс басталғанда мен небәрі тоғыз жаста едім. Бақытты балалық шақ деген бізге бұйырмады. Қуаныш пен күлкі орнына үрей мен аштық, қара қағаздар мен қаралы хабарлар келді. Майдан шебінде болмасақ та, соғыстың салқынын бала кезімізден сезініп өстік. Сол кездің көріністері әлі күнге дейін көз алдымда.

Біз немістің ұшағын көріп өстік. Әуеде гүрілдеген ұшақ дауысы шықса, бәріміз үй мен жеркепелердің ішіне тығылатынбыз. Бір қызығы, ол кезде кеңес одағының және неміс фашистерінің ұшақтарының үнін бірден айыра білетінбіз – дауысынан, ұшып өту жылдамдығынан танып, қай жақтікі екеніне дейін айтып беретінбіз. Баланы ерте есейткен заман еді ол.

Мектепте білім алу да оңайға соқпады. Жерге жазып, сыза отырып сабақ оқыдық. Қағаз деген қат тауар болды. 1-2 парақ қана бар, соған үй тапсырмасын орындаймыз. Сол парақты сақтап, бүктеп, қайта-қайта пайдаланатынбыз. Сусыз, жарықсыз, аш-жалаңаш жүрсек те, білімге деген құштарлығымыз ерекше еді.

Есімде, неміс ұшақтары кейде төбемізден парақшалар тастап кететін. Ол парақшаларды ешкім өз бетімен оқуға болмайтын. Қолымызға тиген бойда ауылдағы басшыларға апарып тапсыратынбыз. Бірде сондай бір парақшаның шетінен қазақ жігітінің суретін көріп қалып, жанымыз түршікті. Сурет қасына жабыстырылған жазуда «Мынау – қазақтың солдаты. Қазір біздің қолымызда кепілде. Егер кеңес жағы бізге көмек көрсетпесе, бұл жігіт азапталады» деп жазылған еді. Ол сөздер жанға қатты батты. Балалық жүрекпен де оның қандай ауыр екенін сезіндік. Сол сурет, сол жазу – бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді.

Біз майданда болмасақ та, соғыстың қасіретін сезініп өстік. Бала жүрекпен оның не екенін түсініп, ел мен жерге деген сүйіспеншілікке ерте үйрендік.

Жазып алған: Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Сурет: e-history.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button