Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Жарияланбаған жазбалар

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Қазақ КСР-інде, кейін тәуелсіз Қазақстан Республикасында төрт жыл бойына тобықтан қан кешкен майдангерлерге қатысты жүйелі түрде анықтаулар жүргізілген жоқ. Уақыт өткен сайын олар туралы беймәлім мәліметтер көмескілене түседі, ізденіс қиындап, әр отбасында сақталған құжаттар ұрпақ алмаса келіп, біртіндеп жойыла бастайды. Әйтсе де бұл осы тақырыптың мән-маңызын жойғандығы емес, керісінше құндылығы арта түседі.

Мұндай маңызды жайларды саралай келіп, 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығы аталып өткеннен кейін басталған зерттеу-анықтау жұмыстары қолға алынған еді. Ұзақ мерзімді «Қазақстандық қаһарман майдангерлер» жобасын небары үш-ақ адам – Бақтықожа Ізмұхамбетов (топ жетекшісі), Жұмабай Доспанов және Қойшығұл Жылқышиев жасақтап, өте ауқымды жобаның бастапқы бөлігі 2015 жылдың сәуірінде «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 10 томдық жинақ түрінде тұңғыш рет жарық көрді. Атырау қаласындағы «Ағатай» баспасынан осы құнды жинақтың шыққаны жөнінде сол кезде бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат хабарлар жазылғанымен, оның мән-маңызы туралы толыққанды мағлұматтар жарияланбағанын атап өткен жөн.

Осыған орай, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Атырау-Ақпарат» ЖШС өз бастамасымен Екінші дүниежүзілік соғыстың беймәлім мәліметтері мен қаһармандарына арналған  арнайы жобаны қолға алып отыр. Жобаға сәйкес қаңтар-маусым айларында облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси және аудандық газеттерде әскери тарихшы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жұмабай Орынғалиұлы Доспановтың зерттеу мақалалары тұрақты жарияланып тұрады.

Редакция

2015 жылдың сәуірінде шыққан «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 10 томдық жинаққа ұлты қазақ 8500 шамасында майдангер офицер кірген болатын. Бұл 2005 жылы республика Қорғаныс министрлігі ресми өкілінің «1939-1945 жылдардағы жаһандық соғысқа қатысқан қандас офицер саны жөнінде нақты дерек жоқ, шамамен 1 мыңдай болады» деген жауабын түбегейлі жоққа шығарып, егер жан-жақты зерттеу жұмысы қолға алынса тізімнің әлі де толыға түсетінін аңғартып отыр. Өйткені, бұл Қазақстан тарихында қазақ офицерлері туралы жүйелі түрде жасақталған тұңғыш көп томдық кітап еді. Мысалы, Жеңістің 70 жылдығында тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының екі мәрте иегері Тілеу Көлбаев батальон командирі болған 15-ші майдангер қазақ табылғаны туралы республика жұртшылығынан сүйінші сұрағанда, сол сәтте жарыққа шыққан біздің 10 томдықта «батальон командирі» лауазымындағы қазақтың саны 155 адам болатын, қазір 188-ге жетті.

Араға 20 ай салып, 2016 жылғы желтоқсанда 25 томмен осы кітаптың екінші басылымын шығарғанда майдангер сардарларымыздың саны 12056-ға жеткен-ді. Соғысқа қатысты архивтік құжаттардың ауқымы біз ойлағаннан да өсе түсетінін сезіп, алдыңғы қатарда өз өлкемізден майданда болған 42 мыңнан астам атыраулықтың мемлекеттік марапат (орден, медаль) алғандарын түгендеуді жедел жүргіздік. 2017 жылдың аяғында облыс бойынша 5600-ден астам адамның ресми құжаты бойынша бес томдықты дайын еттік. Тек бір аймақта мыңдаған отбасының қуанышқа, тіпті жұбанышқа бөленгенін біліп, жұмыс қарқынымыз бен сеніміміз ұдайы арта түсті.

Сөйтіп, 2018-2023 жылдар аралығында 16 томнан тұратын бес түрлі кітап шығарып, посткеңестік мемлекеттерді таң қалдырдық. Қазақстанда туған майдангер қыз-келіншектердің нақты саны құжаттарымен дәлелденгенде 600-дің шамасы еді, 2019 жылы 8 мыңға жуықтаған соң 6 томға жинақтауға тура келді.

Ал, 2020 жылы шыққан «Не ставшие Героями Советского Союза» атты үш томдығымызда осы атаққа ресми ұсынылса да, берілмеген бұрынғы 15 одақтас республиканың 8 мыңнан астам майдангері толықтай дерлік жазылған. Атап айтқанда, РКФСР (5,5 мың адам), Украин ССР-і (1521 адам), Қазақ ССР-і (431), Беларусь ССР-і (224) және Өзбек ССР-інен (157 адам) ұсынылушылар саны көп екен. Бұл кітапқа 63 ұлттың өкілі енген, ал «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған қазақтың саны – 167 (5-ші орын). Ғажабы сол, Орталық Азия республикаларынан осы ең жоғары атаққа ұсынылушыларды түгел қоссақ та, қазақ ұлтынан ұсынылғандар санына жеткен жоқ (102 өзбек, 20 қырғыз, 17 түркімен, 17 тәжік, 1 қарақалпақ, 1 ұйғыр, 1 дұнған – барлығы 159 адам).

Тағы бір анықталғаны, бұрынғы Одақ бойыша «Кеңес Одағының Батыры» атағына екі мәрте ұсынылған – 224 адам (олардың 23-і қазақстандық), үш дүркін ұсынылған – 18, төрт мәрте – 1 (Ресейдің Қорған облысынан).

Соғыс кезінде «Кеңес Одағының Батыры» атағына екі мәрте ұсынылып, берілмеген қазақтардың ішінде 2 керекулік, 2 алматылық, бір-бірден Ақмола және Қостанай облыстарының тумалары бар. Олар:

БАЙЖАНОВ Зейтен (1915 ж., Павлодар обл.) – екі рет (26.06.1943, 14.08.1944) ұсынылған. Орнына «Қызыл Жұлдыз» (4.07.1943) және «Жауынгерлік Қызыл Ту» (23.10.1944) ордендерімен марапатталған.

КӨКТАЕВ Қабыш (1922 ж., Павлодар обл.) – екі рет (9.08.1944, 4.02.1945) ұсынылған. Орнына Ленин (23.09.1944) және «Жауынгерлік Қызыл Ту» (14.02.1945) ордендерімен марапатталған.

ЖАНСЕРІКОВ Құдайберген (1914 ж., Алматы обл.) – екі рет (13.08.1944, 22.02.1945) ұсынылған. Екеуінде де «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен (30.09.1944, 5.04.1945) марапатталған.

САҒЫНДЫҚОВ Мінайдар (1906 ж., Алматы обл.) – екі мәрте (8.08.1944, 31.03.1945) ұсынылған. Екеуінде де «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен (8.09.1944, 5.05.1945) марапатталған.

НҰРМАҒАМБЕТОВ Сағадат Қожахметұлы (1924 ж., Ақмола обл.) – Кеңес Одағының Батыры (27.02.1945). Екінші рет 1945 жылғы 8 мамырда ұсынылған, орнына «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен (31.05.1945) марапатталған.

ТЕМІРБАЕВ Сейітхан Нұрмұхамбетұлы (1906 ж., Қостанай обл.) – Кеңес Одағының Батыры (31.05.1945). Бірінші рет 1945 жылдың 2 ақпанында ұсынылған, орнына «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен (22.02.1945 ж.) марапатталған.

Сонымен қатар, бұған дейін анықталмаған дерек ретінде «Кеңес Одағының Батыры» және «Даңқ» орденінің толық иегері атанбаған атыраулық майдангерлердің де есімдерін нақтыладық. Атап айтқанда:

ӘЖІҒАЛИЕВ Дүйсенғали (1915 ж., Гурьев қ.) – 58-гвардиялық атқыштар дивизиясының 173-полкінің құрамындағы пулемет командирі. Әскери шені – гвардия сержанты. Ұлты – қазақ. «Кеңес Одағының Батыры» атағына 8.02.1945 ж. ұсынылған. Орнына «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталған (24.03.1945).

ГРИГОРЬЕВ Андрей Николаевич (1922 ж., Сафон с/кең., Теңіз ауд.) — 14-гв. атқ. дивизиясының 38-гв. атқ. полкі құрамындағы 1-атқ. батальонының комсомолдық ұйымдастырушысы. Гв. лейтенанты, ұлты – орыс. «Кеңес Одағының Батыры» атағына 8.02.1945 ж. ұсынылған, орнына «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталған (16.01.1945).

ДҮЙСЕНБЕКОВ Сәді Бисенұлы (1922 ж., Жылыой ауд.) – 19-механикаландырылған бригаданың 9-танк полкі құрамында танк мұнарасының командирі. Кіші сержант, ұлты – қазақ. «Кеңес Одағының Батыры» атағына 7.05.1945 ж. ұсынылған. Орнына «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталған (30.05.1945).

ДЖУМАШЕВ Жамиль (1919 ж., Жалғансай с., Бақсай ауд.) — 39-гв.атқ. дивизиясының 117-гв. атқ. полкі құрамындағы автоматшылар взводы командирінің көмекшісі. Гв. аға сержанты, ұлты – татар. «Кеңес Одағының Батыры» атағына 7.05.1945 ж. ұсынылған. Орнына І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған (20.07.1945).

ҚАРАМАНОВ Рахметолла (1909 ж., Құлсары пос., Жылыой ауд.) – 266-атқ. дивизиясы 1008-атқ. полкі атқыштар батальонының партиялық ұйымдастырушысы. Аға лейтенант, қазақ. «Кеңес Одағының Батыры» атағына 29.04.1945 ж. ұсынылып, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталған (31.05.1945).

МУРАВЬЕВ Анатолий Федорович (1922 ж., Кудряшово с., Теңіз ауд.) – 73-гв. атқ. дивизиясы 209-гв. атқ. полкі құрамындағы зеңбірек взводының командирі. Гв. лейтенанты, орыс. «Кеңес Одағының Батыры» атағына 10.03.1946 ж. ұсынылып, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталған (19.03.1945).

ӨМІРӘЛИЕВ Ғапу Қайырлыұлы (1914 ж., Забурын а/кең., Новобогат ауд.) – 20-гв. механикаландырылған бригаданың 2-моторландырылған атқ. батальонының бөлімше командирі. Гв. старшинасы, қазақ. «Кеңес Одағының Батыры» атағына 23.03.1945 ж. ұсынылып, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталған (15.04.1945).

ӨМІРЗАҚОВ Қаракүш (1916 ж., Қараша а., Жылыой ауд. – 7.04.1945) – 3-гв. әуе десанты дивизиясы 8-гв. әуе десанты атқ. полкі взвод командирінің көмекшісі. Гв. сержанты, қазақ. «Кеңес Одағының Батыры» атағына 23.03.1945 ж. ұсынылып, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталған (18.04.1945).

РАХМЕТҚАЛИЕВ Қамал (1900 ж., Бақсай ауд.) – 134-атқ. дивизиясы 738-атқ. полкінің құрамында санитарлық нұсқаушы. Аға сержант, қазақ. «Кеңес Одағының Батыры» атағына 16.09.1944 ж. ұсынылып, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталған (10.10.1944).

СЕВРЮГИН Анатолий  Сергеевич (1925 ж., Гурьев қ.) – 29-гв. моторландырылған атқ. бригадасы атқыштар взводының командирі. Гв. кіші лейтенанты, орыс. «Кеңес Одағының Батыры» атағына 1.02.1945 ж. ұсынылып, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған (10.02.1945).

ЕСЕНҒАЛИЕВ Адай (1925 ж., Таңдай а., Бақсай ауд.) – 2-миномет бригадасы 135-миномет полкінің дивизион барлаушы-байқаушысы. Сержант, қазақ. «Даңқ» орденінің толық иегері атағы үшін – І дәрежелі «Даңқ» орденіне 11.05.1945 ж. ұсынылып, орнына І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған (30.05.1945).

2023 жылы баспадан шыққан бес том екі кітабымды Қазақстан Республикасы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетов сол жылғы мамырда өткен ТМД елдері Ардагер кеңестерінің бірлескен мәжілісінде өзге мемлекеттер өкілдері – генералдар, ғалымдар мен басқа да қайраткерлерге көрсеткенде, олар бұл еңбекті жоғары бағалап, қатты қайран қалысты. Осыны естіген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, баспагер Қойшығұл марқұм (Жылқышиев) мені құшақтап тұрып, көз жасын тоқтата алмай, балаша егілгені әлі күнге дейін көз алдымда.

Ал, мынау осы кітаптардан бір анықтама. Өйткені төменде келтірілген тізім – небары он тоғыз жасында батальон, дивизион командирі болған қазақстандық майдангер офицерлердің бір тобы.

ЗАБАРИН Иван Петрович (20.08.1923, Алматы обл. – 25.09.1943) – 15-атқ. дивизиясы 676-атқ. полкі 2-атқ. батальонының командирі (11.08-25.09.1943), капитан (27.07.1943). Ұлты – украин.

КОЛЕСНИКОВ Сергей Харлампиевич (22.11.1922, ОҚО) – 331-атқ. дивизиясы 1106-атқ. полкі 2-батальонының командирі (11.1941-03.1942), лейтенант. Ұлты – орыс.

ПОЛНОВ Анатолий Федорович (3.06.1923, Гурьев обл.) — 61-гв.атқ. дивизиясы 67-дербес гв.танкке қарсы дивизион командирі (03.1943-1945), аға лейтенант (01.1943). Ұлты – орыс.

САВВА Владимир Артемович (22.11.1923, СҚО) – 240-атқ. дивизиясы 842-атқ. полкі 2-батальонының командирі (08.1943-1944), капитан (1943). Кеңес Одағының Батыры (29.10.1943). Ұлты – украин.

ТАРШИЛОВ Леонид Севастьянович (25.03.1923, Гурьев обл.) – 333-атқ. дивизиясы 1116-атқ. полкі 3-батальонының командирі (06.1943-1944), аға лейтенант (04.1943). Ұлты – орыс.

ТӨЛЕКЕЕВ Қапият (9.05.1923, Қарағанды обл.) – 192-атқ. дивизиясы 753-атқ. полкі 3-батальонының командирі (02-09.1943), капитан (01.1943). Ұлты – қазақ.

Осыншама ауқымды жобаның кейбір талаптары бойынша жоғары нәтижелер де жоқ емес. Мысалы, бүгінде Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ ұлтынан шыққан майдангер офицерлердің саны 17 200-ге жетті. Бұл – әлемдегі түркі-мұсылман тектес халықтар арасында бірінші орында тұрғанымыздың дәлелі. Осы сұрапылда батальон басқарған қазақтардың саны 188-ге, артиллерия дивизионы қазақ командирлерінің 50-ге жақындағаны, офицер ұшқыш-тарымыздың 100-ге таяғаны қуантады. Ал, ұлты – қазақ пулемет ротасы командирінің жеке өзі 750 жаудың көзін жойып, бүкіл Қызыл Армия бойынша екінші орында тұрса, 100-ден артық дұшпанды жойған мергендердің саны жағынан қандастарымыз өзге ұлттардан озып, үшінші орынға шығыпты.

Тағы бір жетістігіміз – дайындалып жатқан қазақстандық майдангер офицерлер корпусы тақырыбындағы

50 томдықтың 24 томы сәуір айында басылып шықса, осы жоба негізінде жинақталып, қалың бұқараның қолына тиген еңбектің жалпы саны 80 томға жетіп қалады.

Былтыр 15 наурызда Атырау қаласында өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев біз 30 жыл бойы тыңғылықты зерттеп жүрген 56 томдық «Қазақстандық қаһарман майдангерлер» жобасына арнайы тоқталып, оның жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетовке Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге атсалысуды тапсырған еді. Әрине, ол да аса жауапты жауапкершілік. Десек те, көптеген көзі ашық жандар біздің жобамыздан бейхабар. Біз де өзімізді жарнамалауға соншалық құлықты емеспіз.

Дейтұрғанмен, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің басшылығы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біздің жобадағы кейбір ерекше майдангерлер туралы материалдарды облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттері арқылы оқырман назарына беруді қолға алды. Әлбетте ол үшін холдинг басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қай кезде де тарих өз шындығынан айнымауы шарт.

Жұмабай ДОСПАНОВ,

әскери тарихшы,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button