
Жапонмен соғысқан майдангер
Бұл күнде ата-анасына құрмет көрсетіп өткенге салауат, болашаққа ғұмырлы жол салған кейбір азаматтардың істеріне сүйсінуге болады. Жуырда Атырау облыстық мемлекеттік архивінен ауылдас інім Асхат Байбосынұлы Атырауовты жолықтырдым. Әкесі туралы көзін көріп білгендермен сұхбаттасып, тарих сырын бүркеген мұрағаттарды ақтарып, дерек жинап жүрген азаматтың қаракетін нағыз тәрбиелік мәні бар, игілікті іс деп бағаладым. Заман ағымына сай әр жаққа шашылып, той-томалақ, садақа мен ас беруде шүйіркелесіп басы қосылатын ағайындардан гөрі, қиын-қыстау шақта жетімдіктің тақсыретін көрсетпей, бір-біріне қамқор болған үш ағайындының өмірін ой елегінен өткізіп, артынан ерген бүгінгі іні-қарындасына ұлағаттағысы келгеніне қатты қуандым. Бұл екеуара әңгімеден соң жазылған мақала еді.

Шындығында неміс фашистерімен қан майданда жаумен арпалысқан, бейбіт өмірде мұнай саласында еселі еңбек еткен Байбосын Атырауовтың өнегелі тағылымын, еңбек жолын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Алпыс жыл ғұмырлы өмір кешіп, артына Алма, Сәлима, Сатыбалды, Сәния, Самат және Асхат атты ұрпағын қалдырып, ұл-қыз өсірген Байбосын ағамыз Мақат ауданының Доссор кентінде 1914 жылы өмірге келген. Алайда ата-анасынан айырылғанда ағасы Панақожа он жаста, ал Байбосын алты жаста екен. Жетімдіктің зарын ерте тартқан балаларды бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен әкесі Атыраудың інілері ешқайда тентіретпей қамқорлыққа алып, бауырына басады. Жас кезінен зерек, ағалары Арал мен Тоғайдың тәрбиесінде өскен құймақұлақ бала Байбосын еңбекке ерте араласқан. Ес біліп, ел таныған сәттен бастап мал бағып, шөп шауып ағаларына қолғанат болады. Кейін білімге деген құштарлығын байқаған ағасы Арал оны кенттегі кәсіптік мектепке береді. Байбосын 1931 жылы Доссордағы жеті жылдық тау-кен мектебін есепші мамандығы бойынша бітірген бойда Байшонас мұнай кәсіпшілігінің қаржы-есеп бөліміне жұмысқа орналасады.
Ембінің ежелгі, Доссор мен Мақаттан кейінгі үшінші кәсіпшілігі – Байшонаста «қара алтын» кенінің алынуы 1931 жылдан басталатыны тарихтан мәлім. Отан алдындағы борышын өтеуге де осы жерден 1936 жылдың қарашасында шақырылып, 1939 жылдың желтоқсанына дейін шекара әскері қатарында радист болыпты. Байшонасқа қайта оралған Байбосын ағамыз бұрынғы жұмысына кіріседі. Сол жылдары, яғни 1938-41 жылдары Ембі аймағындағы барлық бұрғылау жұмыстары көлемінің 10%, пайдалану бұрғылауы көлемінің 28,5%-ы Байшонаста бұрғыланып, алынған мұнай көлемінің 34%-ы осында алынатын-ды.
1940 жылдың 25 шілдесінде өмірлік серігі Жеміс Қалиақпаровамен отау көтеріп, келесі жылы өмірге келген тұңғышы Роза соғыс кезінде шетінеп кетеді. Ағамыздың немере інісі, бүгінде тоқсан жасты еңсерген қария Темірғали Тоғайұлы жеңгесінің орталау мектепте өзімен бір сыныпта оқығанын айтады: «Ағамның Жеміске үйленуі мен үшін тосын оқиға болды. Өйткені, сыныптастарым оқуға зерек менен есеп көшіріп алу үшін дәптерімді сұраушы еді. Бірақ қызғаншақтық танытып, ешкімді жақындатпаймын. Ал, Жемістің болашақ жеңгем боларын білгенде есеп түгілі шығармасын да жазып беретін едім», — деп қалжыңға бұрады…
Байбосын Атырауұлы өз еркімен 1941 жылдың шілдесінде Төлеген мұнай кенішінен Отан қорғауға аттанады. Сол кезде фашистік Германиямен қатар, Жапонияның квантун армиясының елге басып кіруіне жол бермеу үшін КСРО басшылығы Маньчжуриямен шекарада 40 дивизия ұстап тұруға мәжбүр болды. Сол құрамда болған ержүрек жауынгер Байбосын Атырауов әуелі №80 жабдықтау станциясы батальон командирінің көмекшісі, 1942 жылдың маусымында әскери ант қабылдаған соң №210 танк полкі командирінің материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі көмекшісі, радиобайланыс бөлімінің бастығы болып 1946 жылдың шілдесіне дейін соғыс даласын жүріп өтеді. Ол Кеңес Одағының маршалы Кирилл Мерецков басқарған №1 Қиыр Шығыс майданы әскерлері құрамында Уссури өзенін кесіп өтіп, жапондардың қолындағы Хутоуский, Мишаньский, Пограниченский және Дуннинский аудандарын бұзып, жан баласының аяғы баспаған қатерлі 500 шақырым жерді жаяу өтеді. Сөйтіп Мишань, Гирин, Яньцзы, Харбин қалаларын милитаристік Жапонияның квантун армиясынан тазартады.
Бұл кезде одақтастық борышына адал кеңес өкіметі Қиыр Шығыстағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қытай халқына оның өз елін шетелдік құл иеленушілерден азат ету жолындағы ерлік күресінде көмек көрсету мақсатында 1945 жылы 8 тамызда империалистік Жапонияға қарсы соғыс жариялайды. Келесі күні таңертең соғыс қимылдарына кіріскен Қиыр Шығыстағы кеңес әскерлері мен Тынық мұхиты әскери флотына қарсы квантун армиясы жанталаса қарсылық көрсетеді. Бірақ Қызыл Армия оларды тас-талқан етіп жеңіп, Маньчжурия мен Солтүстік Кореяның көп азап көрген халқын жапондардың тепкісінен азат етіпті. Жапон өкіметі жеңілгенін мойындап, сол жылғы 2 қыркүйекте тізе бүгу туралы актіге қол қойды. Дәл осы адамзат тарихындағы екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған күннен бастап, бейбітшілік пен демократия жауларын, фашизмнің қара түнек күштерін талқандаған бостандық сүйгіш халықтардың зарығып күткен ұлы жеңісі орнады. Сол сұрапылда басынан аяғына дейін аға сержант Байбосын Атырауовтың да болғанына жауынгердің кіші ұлы Асхаттың қолындағы әскери билет айқын дәлел.
Майдандағы қаһармандығы үшін Байбосын Атырауов бірнеше жауынгерлік медаль мен алғыс хатқа ие болған. «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарының иесі БК(б)П мүшелігіне жаумен арпалысқан майданның алдыңғы шебінде жүріп, 1944 жылы қабылданады. Ал, өзі үшін аса қымбат награда – 1945 жылдың 23 тамызында Жоғарғы Бас Қолбасшы қол қойған Алғыс болатын. Онда:
«Старший сержант АТРАУОВ Байбусин Атрауович!
За отличные боевые действия, Вам – участнику боев с японцами на Дальнем Востоке в составе 1-го Дальневосточного фронта приказом №372 Верховного Главнокомандующего Генералиссимуса Советского Союза товарища Сталина – объявлена БЛАГОДАРНОСТЬ» деп жазылған.
1946 жылдың желтоқсанында туған жерге аман оралған майдангердің ендігі өмірі Сағыз мұнай кәсіпшілігінде қаржы бөлімінде есепшілік қызметпен жалғасады. Доссордан 24 шақырым жердегі көне кәсіпшіліктің бірі – Сағыз 1937 жылы ашылып, елді мекеннің іргесі 1939 жылы қаланған. Соғыс жылдарында Ембідегі бүкіл пайдалану бұрғылауы көлемінің 13,6%-ы Сағыздың үлесіне тиесілі. 10 дюймдік Сағыз-Қошқар мұнай құбыры тартылып, өнім сақтау паркі салынған.
Ел экономикасының локомотиві атанған Ембі мұнайын тонналап тиеп жүйткіген пойыздар легінің есебін шығаруда есепші Б.Атырауовтың да зор үлесі бар еді. 1947 жылдың 1 қазанынан Сағыз мұнай кәсіпшілігі материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің есепшісі, бөлім бастығы, 1950-1952 жылдары Доссор мұнай училищесі директорының орынбасары, 1953-1971 жылдары Сағыз мұнай кәсіпшілігінің материалдық-техникалық жабдықтау инженері, коммуналдық шаруашылық қызметінің бастығы, 1971 жылдың 6 қыркүйегінен бастап өз өтініші бойынша Сағыз мұнай кәсіпшілігінің операторы болып ауысады. Осында жүріп кәсіпшіліктің бастауыш партия ұйымының хатшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарып, бірнеше мәрте еңбекшілер депутаттары поселкелік кеңесінің депутаты болып сайланған. «КСРО мұнай және газ өнеркәсібінің 100 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 20 жылдығы» мерекелік медальдарының иесі.
Осы арқылы біз сонау сұрапыл кезеңде Отанға төнген қауіптің тек фашистік Германия тарапынан ғана болмағанын айқын аңғарамыз. Соғыста да, бейбіт өмірде де өз биігінен түспеген айбынды аталардың көзі жоқ болса да, өмір жолы мен айғақты құжаттары бізге бейбіт өмірдің мәнін ұғындыра түскендей.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
тарих ғылымдарының кандидаты