
Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа аманат
Бүгін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына тура 45 күн қалды. Соғыс — бұл тек қайғы мен қасірет қана емес, сонымен қатар шайқастар мен ерліктер туралы асыл мұра. Осындай мұраны, бабаларымыздың жеңіске жету жолындағы жанқияр ерлігін ұмытпай, келер ұрпаққа жеткізу — біздің қасиетті парызымыз.
Бұл — сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділігін паш ететін, тарихта мәңгілік сақталатын ұлы күн. Бұл күн — соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқасып, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлерге тағзым етілетін ерекше мереке.
Тура 45 күннен кейін біз елі мен жері үшін жанын пида етіп, туған-туыстарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, өз ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл ел болып еске алып, жеңіс тойын атап өтеміз. Қазақ халқы Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Отандастарымыз майдан даласында ерен ерлікпен шайқасып, олардың жартысынан жуығы елге қайтып оралмады.
Жауынгерлеріміздің батырлығы мен қайтпас қайсарлығы — жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға зор мүмкіндік берді. Аға буынның теңдессіз ерлігін құрметтеп, зұлмат соғыстың зардаптарын ешқашан ұмытпау — біздің қастерлі борышымыз.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай биыл 29 қаңтарда Ұлттық ұлан әскерінің қатарында “Жеңіске 100 күн қалды” акциясы басталған болатын. Осы акция аясында Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен өнерпаздары қоғамдық орындарда, қала көшелерінде және қоғамдық көліктерде Жеңіс әндерін орындап, Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, құттықтап, өздерінің жылы ықыластарын білдірді.
Әрине, бұл іс-шаралармен ғана шектелген жоқ. Акция аясында әскери бөлім аумағында белгілі тұлғалар мен ақын-жазушылармен кездесулер, тақырыптық кештер және басқа да түрлі жиындар өткізіліп келеді. Сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, аулаларын қардан және қоқыстан тазарту жұмыстарына атсалысты. Мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Ұлы Жеңіс — бабаларымыздың ерлігі мен рухының мәңгілік символы. Олардың өшпес ерлігін ұлықтау — әрбіріміздің абыройлы міндетіміз.
Ерлан ИПАТОВ,
ҚР Ұлттық ұланы 5546 әскери бөлім командирі,
полковник