Ұлттық ұланда “Ұлы Жеңіске 100 күн қалды” атты акция басталды
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери бөлімдерінде “Ұлы Жеңіске 100 күн қалды” атты акция басталды. Ауқымды іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып, ардагерлерге құрмет көрсету мен өскелең ұрпақтың патриоттық рухын нығайтуға бағытталған.
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” Өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскери қызметшілер мен жастар ардагерлердің үйлеріне барып, хал-жағдайын сұрап, көмек көрсетеді.
Мектептер мен оқу орындарында әдеби шығармашылық конкурстар өтеді. Әскери бөлімдерде ашық есік күндері ұйымдастырылып, жастарға экскурсиялар жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар жастар арасында патриоттық челлендждер бастау алмақ.
Ұлттық ұланның бастамасымен қолға алынған бұл іс-шара тарихи оқиғалардың маңыздылығын насихаттауға және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетуге бағытталған. Мұндай акциялар жас ұрпақтың бойында ерлік пен отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруға септігін тигізеді.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ