
Ұлттық ұлан сарбаздары қоғамдық көліктерде соғыс әндерін шырқады
Ақтау қаласында Ұлттық ұланның әскери оркестрі “Жеңіске 100 күн қалғанда” патриоттық акциясы аясында қоғамдық көліктерде соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Бұл ерекше іс-шара жолаушылар мен қала тұрғындарына айрықша көңіл-күй сыйлады.

ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскерилердің тосыннан ұйымдастырған концерттері автобустар мен қоғамдық орындарда өтті. Жолаушылар “Катюша”, “Жас қазақ”, “Синий платочек” сынды көпшілікке таныс әндерді сүйсіне тыңдап, кейбірі ән ырғағына қосылып отырды.
Қала тұрғындары мен қоғамдық көлік жүргізушілері бұл бастаманы жылы қабылдап, сарбаздарға ризашылықтарын білдірді. Кейбір жолаушылар соғыс жылдарындағы әндерді тыңдап, көзіне жас алғанын жасырмады.
“Осындай керемет шара үшін алғысымыз шексіз. Жеңіс күнінің жақындап қалғанын сезініп, ардагерлерімізді еске алдық. Бұл – ерекше әсер сыйлаған бастама”, – деді жолаушылардың бірі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, патриоттық акция аясында алдағы уақытта да түрлі іс-шаралар өткізілмек. Ерлік пен елдікті дәріптеп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге бағытталған бұл бастама Атырау қаласында да қолға алынады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА