
Ұлт жадындағы ұлы жеңіс
Биыл – халқымыздың рухын жаңғыртып, елдік тарихымыздың мәңгілік парағына алтын әріппен жазылған Ұлы Жеңіске 80 жыл.
9 мамыр – бүкіл әлемге төнген қара бұлтты сейілтіп, адамзатқа үміт сыйлаған ұлы күн. 1945 жылдың 9 мамыры – ерлік пен елдік етене өрілген тарихи сәт. Қазақ халқы бұл Жеңіске өз батырлығымен, маңдай терімен, жанқияр еңбегімен үлкен үлес қосты. Ұлы Отан соғысы – ұлттың жігері мен рухын сынға салған күрделі кезең болды. Сол жылдары әр қазақтың шаңырағына соғыс сызаты түсті. Бірі майдан даласында оққа кеудесін тосса, екіншісі тылда тынымсыз еңбек етіп Жеңіс күнін жақындатуға өз үлесін қосты. Жас баладан еңкейген қарияға дейін ел болашағы үшін аянбай тер төгіп, нәтижесінде Жеңістің туы желбіреп, бейбіт өмірдің де таңы атты.
Бүгінде бейбіт күннің әр таңы – сол боздақтардың жанқиярлығы мен жанпида ерлігінің жемісі десек артық айтқанымыз емес. Бүгінде Жеңіс жолында қан кешкен ата-бабаларымыздың ерлігі – бүгінгі ұрпақтың рухани темірқазығына айналып отыр. Әрине жылдар өткен сайын майдангерлер қатары азайып келеді. Алайда олардың ерлігі мен еңбегі – ел жадында, өнегесі – ұрпақ санасында мәңгі сақталатынына сенемін.
Біз, бүгінгі тәуелсіз елдің ұландары, олардың аманатына адал болып, еліміздің тыныштығы мен халқымыздың қауіпсіздігі үшін қызмет етуге ант бергенбіз. Ұлттық ұлан сарбаздары осы сенім жүгін арқалап, әскер алдына қойылған міндеттерді абыроймен атқарып, бейбіт өмірдің қорғаны болып келеді.
Біз Ұлы Жеңісті тек бір күндік салтанат ретінде емес, ұлттың ұлы мұрасы, елдің еңсесін тіктеген рухани құндылық ретінде қабылдаймыз. Өткенге тағзым ету – болашаққа деген жауапкершіліктің көрінісі. Елін сүйетін, жерін қорғайтын азамат тәрбиелеу – баршамыздың ортақ парызымыз. Осы тарихи күн қарсаңында барша қазақстандықтарды Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір шаңыраққа тыныштық пен амандық, елге береке мен бірлік тілеймін. Жеңіс күні құтты болсын!
Бекайдар ҚАЗКЕЕВ,
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы