
Ұландықтар ардагерлерге құрмет көрсетті
Атырауда ҚР Ұлттық ұланының 5546 әскери бөлімінің сарбаздары Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіп, оларға ерекше көңіл бөлді. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

“Ұлы Жеңіске 100 күн қалғанда” атты акция аясында әскери оркестр ардагерлерді арнайы құттықтап, жүрек тебірентер патриоттық әндер орындады. Сондай-ақ майдангерлерге естелік сыйлықтар табыс етіліп, олардың ерліктеріне тағзым етілді.
Бұл іс-шара – сарбаздардың ерлік пен батырлықтың бағасын біліп, майдангерлердің жанқиярлық еңбегіне бас июінің айқын көрінісі. Оркестрдің соғыс жылдарындағы әндерді орындауы ардагерлерді өткен күндерге жетелеп, олардың көздеріне жас үйірді.
Өз кезегінде ардагерлер жас сарбаздарға шынайы ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді. Олар өскелең ұрпақтың осындай іс-шаралар арқылы патриоттық рухты сақтап, елдің амандығы үшін қызмет ететінін мақтанышпен атап өтті.