Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Тыл ардагерлеріне құрмет

Атырау қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай тыл еңбеккерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов соғыс жылдарындағы қажырлы еңбектерімен елге үлгі болған қос ардагер – Аби Жүгінісов пен Сара Махмұдқызына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыс етті. Сонымен қатар, партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ардагерлерге азық-түлік себеттері сыйға тартылды.

6312b26f 4b3d 4cd8 8fbb 2bbb62dcfcbb


1927 жылы дүниеге келген Аби Жүгінісов 1943 жылдан бастап мұнай барлау саласында тынымсыз еңбек етті. Ел экономикасының дамуына үлес қосқан ардагер өмірінің 54 жылын өндіріске арнаған. Көп жылғы еңбегі үшін «Коммунистік еңбек екпіндісі», «Ерен еңбегі үшін» белгісі, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, Құрмет тақтасына енгізілді.
– Бұл марапат – біздің еңбегіміздің бағалануы. Ел үшін жасаған адал қызметімнің еленгені жанымды жадыратты. Бүгінгі ұрпақ бейбіт өмірдің қадірін білсе екен деймін, – дейді Аби Жүгінісов.
Атырау қаласының Құрметті азаматы, тыл еңбеккері Сара Махмұдқызы да ел есінде өнегелі ғұмыр иесі ретінде қалды. Соғыс жылдарында егісте жұмыс істеп, кейін қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. Ол Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің мүшесі, халық депутаттары кеңесінің депутаты, мұғалімдер съезінің делегаты болды.

4d180e74 8014 4e57 8957 d829dce4c666


– Соғыс жылдары оңай болған жоқ. Аштық, ауыр еңбек, беймаза күндер әлі көз алдымда. Бірақ халықтың төзімі мен бірлігі бәрінен биік болды. Бүгін ел аман, жұрт тыныш. Бұдан асқан бақыт жоқ, – дейді Сара Махмұдқызы.
Шара барысында Абдолла Идресов ардагерлерге шынайы алғысын білдіріп, ұзақ ғұмыр мен амандық тіледі.
– Біз ардагерлерге құрмет көрсету арқылы Тәуелсіздікке дейінгі қиын-қыстау кезеңдердегі ел тағдырын арқалаған жандардың еңбегін бағалаймыз. Ардагерлер – елдің шежіресі, рухани тірегі, – деді ол.
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында жүзеге асқан бұл шара – ұлт тарихын ұлықтауға бағытталған тағылымды іс. Ардагерлердің өнегелі өмірі мен еңбегі – өскелең ұрпаққа үлгі.

Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button