Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Танк экипажының ержүрек командирі

1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия таңғы сағат 4-те шырт ұйқыда жатқан Кеңес Одағының аумағына басып кіргені тарихтан мәлім. Бастапқыда батыс беттен тұтқиылдан кірген басқыншыларды бір апта ішінде толықтай қуып шығатынын айтып, Одақ басшылығы барша әлемге жар салған. Бірақ онысы тым ұшқары айтылған сөз болды, қанқұйлы соғыс бірнеше жылға созылды. Вермахт әскері 11 аптаның ішінде ентелей келіп, Отанымыздың астанасы – Мәскеудің іргесіне жеткенде фашистік Германияның оңай шағылатын жаңғақ еместігіне Жоғарғы Бас Қолбасшы Иосиф Сталиннің көзі анық жетті. Өйткені жау әскері қаладан – 19, Кремльден – 30 шақырым жерде тұр еді.

Сол кезде мемлекеттік қорғаныс тактикасына сәйкес Гурьев облысы – штабы Чкалов (Орынбор) қаласына орналасқан Оңтүстік Орал әскери округіне берілген болатын. 1941 жылдың желтоқсан айында округ штабының бұйрық-тапсырмасы бойынша облыстан 6 мың адам әскерге шақырылушы ретінде сұрыптаудан өткізіліп үлгереді. Қаңтарда олар түгел дерлік 4 эшелонмен қысқа мерзімді дайындықтан өтетін аймақтарға жөнелтілген. Әр эшелонда 3 мың адам – 30 ағаш жүк вагонына бір ротадан тиелген. Бұл – біздің облыс тарихында ең көп – бір ай мерзімде 12 мың Отан қорғаушынының соғысқа жіберілуі болатын. Мысалы, менің әкем мен туған ағасы Бақсай аудандық әскери комиссариатынан шақырылып, Гурьевтен 3 қаңтар күні қозғалған бірінші эшелонмен Орынбор қаласына барады.

Ал осы мақаланың кейіпкері жылыойлық майдангер Сәді Дүйсенбеков, біздің топшылауымызша, сол 4 эшелонның екіншісіне отырған тәрізді. Чкалов облысына барған 1 ақпаннан олар соғыс жағдайындағы әскери дайындықты бастап кетеді. Бірақ бір облыс аумағында 10-ға жуық дивизия, бригада, дербес полктардың толыққанды оқу-жаттығуын жүргізу тарлық еткен соң, бұларды тағы да вагондарға тығылыстыра тиеп, Свердлов облысының Ирбит қаласына жеткізеді. Сол жерде 19-моторландырылған атқыштар бригадасын жасақтау мен соғысқа машықтану ісі батальон, ротаға бөлу жұмысымен бір мезгілде, 1 сәуірден бастап жүргізілген.

Полковник Михаил Андреевич Дороговтың қолбасшылығымен 1942 жылдың 4 мамырында құрылып, жаз ортасында жартысы ғана жасақталған бұл құрама Москва әскери округіне беріледі де, дереу толық жасақталып, 14 қыркүйекте 19-механикаландырылған (негізі танкілерден тұратын) бригадаға айналдырылады да, 1-механикаландырылған корпустың құрамына беріледі.

Ал қыркүйек айында 9-танк полкінің танк экипажы құрамына алынған 20 жастағы Сәді Дүйсенбековтің әскерден бұрын тракторшы мамандығын игеруі екі айдың ішінде танкті үйреніп алуына пайдасы тиеді. Оның есінде ерекше сақталып қалған жайлардың бірі – сол полкке бірге келіп, 1-танк батальонының 1-ротасына бір күнде қабылданған аға лейтенант Матвей Нестерович Бартовский деген азамат. М.Бартовскийдің әскери өмірдерегіне назар аударсақ, 1918 жылы 17 шілдеде Украинаның Житомир облысында туған ол әскер қатарына 1938 жылы шақырылыпты. 1939 жылы кіші сержант шенін алған украин жігіті соғыс басталғанда кіші лейтенант шенімен ұрысқа кіріп, 1944 жылы майор шеніне ие болады. Әуелі 9-танк полкінің құрамындағы 1-танк ротасының, 1-танк батальонының, кейін осы полктің командирі болған оған 1945 жылдың 31 мамырында ерен ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген.

Онымен бірдей қаһарман ерліктің үлгісін көрсеткен Сәді Дүйсенбеков «Жауынгерлік Қызыл Ту» (30.05.1945), екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» (6.02.1945.; 30.11.1946), ІІІ дәрежелі «Даңқ» (15.05.1945), І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен (6.04.1985) және «1941-1945-ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен (20.12.1945) марапатталған.

Сәді Бисенұлының алғашқы ордені Балтық теңізі арқылы Германия астанасына Бушау бағытынан шабуыл барысында көрсеткен өжет іс-әрекеті үшін беріліпті. Марапат бетшесінде: «Социалистік Отан үшін неміс басқыншыларына қарсы шайқастарда жүректілік, батылдық және өжеттіктің үлгісін көрсетті. Бушау елді мекені үшін болған 1945 жылдың 20 қаңтарындағы ұрыста экипаж құрамында зеңбірек пен пулеметтен дәлдеп атқан снарядтары мен оқтары арқасында, біздің бөлімдеріміздің алға жылжуына кедергі келтірген 3 зениттік қондырғы, 2 танкке қарсы зеңбірек, 2 ДЗОТ, 6 пулемет нүктесін, 2 миномет, 20 шақты жауынгер мен офицерді жойып, Берлин бағытына сәтті шабуылдауды қамтамасыз етті.

Жүректілікті, батылдықты және өжеттікті көрсеткені үшін үкіметтік марапат «Қызыл Жұлдыз» орденіне лайық», — деп жазылған.

Бұл құжатқа 1945 жылдың 29 сәуірі мен 7 мамыры аралығында лауазымдық сатысы мен кеңселік тәртіпке сай қол қойған танк ротасының командирі, гвардия лейтенанты Царьков пен 9-танк полкінің командирі, майор Бартовский – «Қызыл Жұлдыз» орденіне лайық десе, 19-механикаландырған бригада командирі, полковник Соколов – ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденіне, ал 1-і механикаландырылған корпус командирі, танк әскерлерінің гвардия генерал-лейтенанты Кривошеин – «ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне лайық» деп бұрыштама соққан. Генералдың аты генерал ғой, ақыры комкор Кривошеиннің сөзі өтеді.

Сол жылдың 16 сәуірі мен 2 мамыры аралығындағы С.Дүйсенбековтің бірнеше мәрте ерен ерлігін рота командирінен бастап, І-Беларусь майданы әскерлерінің қолбасшысына дейінгі лауазым иелерінің барлығы да «Кеңес Одағының Батыры» атағына лайық деп таныған. Марапат бетшесіндегі жазбаға көз жүгіртсек, онда былай дейді:

«Дүйсенбеков жолдас 16 сәуірден 2 мамыр аралығында Социалистік Отан үшін неміс басқыншыларына қарсы шайқастарда экипаж құрамындағы іс-қимылымен жүректілік, батылдық пен өжеттік көрсетті.

1945 жылдың 17 сәуіріндегі Буцлов деревнясы маңындағы түнгі шабуылда танкпен бірінші болып алға ұмтылып, қарсыластың қорғанысын тылына айналып өту арқылы бұзып, 1 зениттік батареясын, 2 танкке қарсы зеңбірегін, 35 автокөлігін, 30 неміс жауынгері мен офицерін жойып жіберді.

1945 жылдың 24 сәуірінде Берлин көшелеріндегі шайқастарда алға ұзаңқырап кеткен оның танкін қарсылас қиратып қатардан шығарғанда, кейіндегі танктер жеткенше, экипаж мүшелері Берлинер көшесінің қиылысында тағы 2 танкті жойып үлгереді. Танктері екінші рет отқа оранғанда – машиналарын тасалау жерге апарып, жалындаған отты өз күштерімен өшіріп, айқастарын одан әрі жалғастырады.

27 сәуірде алғашқылардың қатарында жаудың қарсылығына қарамастан Шпрее өзенінен өтіп, Берлинге Бисмаркштрассемен бірінші болып кіреді. Танктің екпінін азайтпастан зеңбірек пен пулеметтен қатар оқ жаудырған күйі төрт кварталдан өткенде 2 танкке қарсы зеңбірек, 100-ге тарта гитлершілерді жояды. Екі басты көшені азат етіп, біздің әскердің қала ортасына бойлай енуіне жағдай туғызады.

1945 жылдың 1 мамырында танк зеңбірегімен көше қиылыстарына көмілген күйде қарсылықтарын тоқтатпаған немістің 3 танкісін, баррикадаларды, олардың артына тығылып қарсылық танытқан 25 фауст-патроншы мен автоматшыны жойып, Берлиннің қақ ортасына шығады. Осы шайқастарда 115 қорғанушыны тұтқынға алады.

С.Дүйсенбеков «Кеңес Одағының Батыры» атағына лайық».

Осы бетшеге танк ротасының командирі, гвардия аға лейтенанты Чернышев, 9-танк полкінің командирі,  майор Бартовский, 19-механикаландырған бригада командирі, полковник Соколов, 1-механикаландырылған корпустың командирі, танк әскерлерінің гвардия генерал-лейтенанты Кривошеин, 2-гвардиялық танк армиясының қолбасшысы, танк әскерлерінің гвардия генерал-полковнигі С.Богданов, армия Әскери кеңесінің мүшесі, танк әскерлерінің гвардия генерал-майоры П.Латышев, 1-Беларусь майданы бронды танк және механикаландырылған әскерлерінің қолбасшысы, танк әскерлерінің гвардия генерал-лейтенанты Г.Орел Жеңіс жылының 5-10 мамыры аралығында қол қойған.

Бірақ 1-Беларусь майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының Маршалы Г.Жуков пен майдан Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-лейтенант К.Телегин ұсынысты кері қайтарып, генерал Г.Орелға танкист қазаққа «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденін беруді тапсырады.

Сөйтіп, жылыойлық ержүрек командирдің даңқты ерлігі бағаланбай қалады.

***

Ал Қабдош Бисенғалиев 1924 жылы Бақсай ауданының Сарытоғай ауылында туған. 1996 жылы Мәскеу қаласында дүние салған ол әскер қатарына 1941 жылдың тамызында он жеті жасында Гурьев қалалық әскери комиссариатынан шақырылған. 1943 жылдың ақпанында Чкалов (Орынбор) қаласындағы әскери ұшқыштар училищесін бітіріп, 16-әуе армиясы құрамында ұшқыш-байқаушы болған. Кезекті әскери тапсырманы орындауға барғанда, жаудың шеп құрған зенитті батареясының үздіксіз атқылауынан ауыр жараланса да ұшағын өз аэродомына аман жеткізеді.

Авиация корпусы командирінің атына жолданған құжатта ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ұсынылғанымен, төрт ай госпитальде жатып, одан шыққан соң құрлық әскерлері сапына ауыстырылғандықтан Қ.Бисенғалиевке тиесілі орденнің тағдыры белгісіз болып қалған. Госпитальден шыққасын жерлесіміз 1944 жылдың қарашасында 43-прожектор полкіне взвод командирлігіне тағайындалған.

1945 жылдың 16 сәуіріне қараған түні полк пен тағы екі дербес батареяның өте қуатты 143 прожекторы бір мезгілде 1-ші және 2-Беларусь майдандары әскери күштерінің Берлин бағытына бірлескен қаркынды шабуыл жасауына мүмкіндікті арттыра түседі. Қарсы жақ түгілі, Қызыл Армия жауынгерлерінің көздерін қарықтырған өткір жарық астындағы алапат шайқаста кіші лейтенант Қ.Бисенғалиев тағы да ауыр жараланады. Осы жалғыз прожектор полкінде Берлинге жол ашуға Атыраудан қатысқан өзге майдангердің есімі әзірге естіле қоймаған тәрізді.

Өкініштісі сол, соғыстан кейін әскер қатарында қалып, полковник шеніне дейін көтерілген Қ.Бисенғалиевке майдандағы өжеттігі мен қаһарман ерлігі үшін «Берлинді алғаны үшін» (28.05.1946) және «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» (29.09.1945) медальдарынан өзге марапат бұйырмапты. Тек Ұлы Жеңістің 40 жылдығы өткен соң, 1985 жылдың 23 желтоқсанында І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.

Қарап тұрсаңыз, соғыста қандастарымыз өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен. Жаумен арпалыста қасық қаны қалғанша аянбай айқасқан. Оның бірі ескерілсе, бірі ұмыт қалған. Бәлкім әдейі солай жасалды ма, әлде шынымен мемлекеттік марапатқа лайықты емес пе, оның анық-қанығын білетіндер жоқ. Ендігі жүгінеріміз – архив құжаттары ғана.

Жұмабай ДОСПАНОВ,

жазушы, зерттеуші

Коллажды жасаған: Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button