
Сұңғыла адамның сыры
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» деген тәмсіл бар. Ұлы Жеңістің 80 жылдығында майдан даласында от кешкен, бейбіт өмірде де еңбек еткен ерен тұлғаларды еске аламыз. Сондай жанның бірі – менің нағашы атам Жұмаш Базарбаев еді.

Сансыз сынақтан сүрінбей өткен
1923 жылы Жылыой өңірінде дүниеге келген Жұмаш Әндірұлы еңбекке ерте араласады. Мақаттағы орталау мектепте оқып, 1940 жылы училищеден токарь мамандығын алып шыққан. Еңбекке ерте араласқан бозбала 1942 жылы Отан үшін қан төгуге майданға аттанады. Алдымен 165-атқыштар полкінің, кейін 825-атқыштар полкінің құрамында шайқастарға қатысқан.
Ол Харьков түбіндегі кескілескен шайқастарға, Украина, Польша және Германия жерін азат етуге қатысып, Дрезденге дейін жетіп, Жеңісті сол жақта қарсы алады. Кеудесін оқ тессе де, рухын жау жеңе алмаған Жұмаш атамыздың ерлігіне берілген орден-медальдар соның айғағы. Ол кісі сансыз сынақтардан сүрінбей өткен жан еді.
Жеңіс туын желбіреткен нағашы атам соғыстан 1947 жылы оралды. Кеңес одағының маршалы Г.Жуковтың шешімімен сержант әскери шенінде Орынборда 1948 жылдан 1963 жылға дейін учаскелік инспекторлық қызмет атқарады. Ал 1963 жылы Махамбет ауданына қарасты «Бақсай» кеңшарына отбасымен бірге көшіп келеді. Содан бері Таңдай ауылындағы шаруашылықта механизатор болады. Кейін наубайхана ашып, өнімдері халықтың жоғары сұранысына ие болады. Кеңшар тараған соң наубайхана да қызметін тоқтатады. Атамыз мектепке шаруашылық меңгерушісі болып орналасып, зейнеткерлікке шыққанша абыроймен қызмет атқарады.
Заманында қызметтес болған әріптестері «Жұмекең орысша сауатты болды, жазуы да көркем еді. Тіпті Мәскеуге ауылдың мәселесін жазып, орысша хат жазды» деп жиі айтатын. Шынында да, ол ағаның ардақтысы, ұстаздың ұстазы деуге лайықты тұлға еді.
Жақсының аты өшпейді…
Жан жары Зейнім Өтешқызы ел анасы болатын. Ауыл-аймаққа сынықшы ретінде танымал, өте сабырлы, дана кісі еді. Бір әулеттің емес, бір ауылдың берекесі болған екеуінің шаңырағында алты қыз, бір ұл дүниеге келді. Олар да саналы адам болып, ел қатарына қосылады.
Әлі есімде, атамыз Жеңіс күнінде кеудесі орден-медальға толған костюмін киіп, салтанатты шараға кетіп бара жататын. Бірақ «майдангермін» деп өкіметтен көлік немесе үй сұрамапты. Себебі ол үшін материалдық игілік емес, жан тыныштығы маңызды еді. Сол тыныштықты ол кейін өз қолымен жасаған шеберханасынан тапты.
Жұмаш ата көп сөйлемейтін, тереңнен толғайтын жан болатын. Өзгелер от тілді, орақ ауыз болса, атамыз ісімен көзге түсті. Өзінің шеберханасында жан тыныштығын табатынын есейе келе түсіндік. Өзі салған тыныш әлемінде жүрген оны тек біздің «әже тамаққа шақырып жатыр» деген даусымыз ғана үзіп жіберетін.
Бала күнімде есімде қалғаны – шеберхананың есігі әрдайым ашық тұрады. Құдды бір ұстаның қасиетті ордасы сияқты: әр бұрышында станок, үстел үстінде неше түрлі құрал-сайман, шоқ темірдің иісі, оттың лебі араласқан бір ерекше аура сезілетін…
«Сұңғыла адам сырын білдірмейді» демекші, атам ешқашан дауыс көтермейтін. Үндемей жүріп үңіліп бір нәрсе құрастырып шығады. Өнертапқыш қабілеті өз алдына, ауыл тұрғындарына шоқ самаурынды тоқ самаурын етіп, қызыл кірпішті ирелектеп ойып, спираль салып плитка жасап беретін. Бірде самаурын жөндесе, енді бірде сынған теледидардың схемасын зерттеп отырады. Ауылдың адамдары электр құралдары бұзылса, бірден «Жұмаш атаға апар» дейтін. Ол кісінің қолы тиген зат қайтадан жанданып шыға келуші еді.
Бүгін өткенге көз тастасам, көз алдыма баяғы шеберхана келеді. Қолына темір ұстап, үндемей отырған Жұмаш ата… Майданнан оралған, бірақ майдан сызын ішінде сақтап қалған адам. Мүмкін, соғыс көрген жүрек тек үнсіз еңбекпен ғана тыныстай алатын шығар, бәлкім…
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». Биылғы Жеңістің 80 жылдығына орай осындай қарапайым, бірақ қайсар тағдыр иелерін еске алу – елдігіміздің белгісі. Біз Жұмаш атамыздың ерлігі мен еңбегін естен шығармау арқылы тарих алдындағы парызымызды өтейміз. Жеңіс күні де – дәл сондай рухани тағзымға толы күн.
Майра ЕРҒАЛИ
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА