
Соғыс – талай ұрпақтың қайғысы
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар». Осы бір дана сөздің терең мәнін соғыс жылдарының шежіресінен анық байқауға болады. Арада сегіз онжылдық өтсе де, Екінші дүниежүзілік соғыстың жарасы жазылған жоқ. Ол әрбір қазақтың, әрбір отбасының жүрегінде сыздап тұр. Әсіресе, Қазақстанның батыс қақпасы – Атырау облысы бұл тарихтың ауыртпалығын ерекше сезінді. Майдан мен тыл қатар жүріп, бір мезгілде от кешіп, бейнет көрген халықтың тағдырын бүгінгі ұрпақ жете түсініп жүр ме?
Балалығы майданға жұтылған ұрпақ
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы: «Соғыс – бұл талай ұрпақтың қайғысы, әрбір үйдің қасіреті, бақытсыздыққа ұшыраған балалық шақ, жесірлер мен аналардың көз жасы, миллиондаған ерлер мен әйелдерді, қарттар мен балаларды аяусыз қыру, аштық пен қайыршылық, қалалар мен ауылдарды жойып жіберу, ұлттық байлықтарды құрту, мәдени құндылықтарды жою» деген еді.
Расында да, Ұлы Отан соғысы – ХХ ғасырдың ең қасіретті кезеңі. Бұл жылдарда майдан шебінде ғана емес, тылда да тағдырлар сыналды, балалық шағы бұлыңғыр тартқан бүтін бір буын өмірге ерте араласты. Атырау облысы, сол кездегі Гурьев өңірі, географиялық жағынан майданға жақын жатқандықтан, ауыр соғыстың салмағын ерте сезінген аймақтардың бірі болды. Бұл өңірден қан майданға мыңдаған боздақтар аттанса, артында қалған жасөспірімдер мен әйелдер ауыр еңбекпен күн кешті. Солардың қатарында ойыншық ұстап, бейқам жүрудің орнына қолына кетпен мен айыр ұстаған мыңдаған бала бар еді.
Мәселен, марқұм әжем Қазира Дәулетиярова соғыс басталғанда небәрі 20 жаста болған екен. Ол сол бір сұрапыл жылдарды былайша еске алатын еді: «Күн шықпай тұрып, өгіз жеккен арбамен егін даласына баратынбыз. Қолымыз домбыра ұстамаса да, күрек пен айыр ұстауға мәжбүр болдық. Қыстың қақаған аязында мұз ойып, балық аулайтынбыз. Балықты жуып, ыстап, тұздап, қаптарға салып, вагондарға тиеп жіберетінбіз. Бұл – біздің майданға қосқан үлесіміз болатын».
Осындай тағдыр жалғыз әжемнің ғана емес, бүкіл бір буынның басынан өтті. Балалық шақтан бір-ақ сәтте ерте есейіп, ересектерше жауапкершілік арқалаған ұрпақ — нағыз «тылдың қаһармандары». Олар майдан шебіне аттанып, қару ұстаған жоқ. Бірақ қолындағы күшімен, жүрегіндегі намысымен жеңісті жақындатты.
Атырау өңіріндегі ауыл балалары үшін балабақша мен мектеп сыныптарының орнын шөп шабатын шалғы, егін оратын орақ, астық таситын арбалар басты. Олар таңның атысынан кештің батысына дейін егін даласында жұмыс істеді. Жыл сайын облыстағы балалар мен жасөспірімдер еңбек армиясына жұмылдырылды. Балық өңдеу зауыттарында, мақта комбинаттарында, мұнай кен орындарында еңбек етті. Балалар отын жинады, майданға хаттар тасып, жаралы жауынгерлерге арналған госпитальдерде санитарлық жұмыстар атқарды.
Жасөспірімдер үшін жастық, арман деген ұғымдар алыстап, оның орнын күнкөрістің қамы, тіршіліктің тауқыметі басты. Тіпті, мектеп оқушылары арасында ересек адамдарша «еңбек жоспарын орындау», «өнімділік» деген ұғымдар кеңінен қолданылды. Тарихи мұрағаттарда сақталған деректерге сүйенсек, Атырау облысында 1942–1944 жылдары еңбекке жарамды балалардың саны 6 мыңнан асады екен. Олар ауыл шаруашылығында ғана емес, өндіріс орындарында да ерлердің орнын басты.
Бүгінде сол балалық шағын соғыс жұтқан ұрпақ сиреп барады. Олар өмірінің тәтті кезеңін жоқшылық пен ауыр еңбекке айырбастап кеткен жандар. Олардың аузынан шыққан естеліктер – тарихтың тірі парағы. Қазіргі бейбіт өміріміз солардың көз жасымен суарылған, терімен қорғалған.
Соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлер ғана емес, тылда еңбек еткен бала, әйел, қарт – бәрі де Ұлы Жеңістің жарқын тұлғалары.
Тыл тірегі болған өңір
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Атырау облысы (сол кездегі Гурьев облысы) стратегиялық маңызы зор тыл аймағына айналды. Мұнай, балық, азық-түлік өндірісі мен тасымалы арқылы бұл өңір майданның сенімді тірегіне айналды.
Каспий теңізі мен Жайық өзенінің байлықтары соғыс жылдары майдан үшін маңызды азық-түліктің көзі болды. Балықшы кенті мен Еркінқала, Зинеден, Балықшы балық зауыттары майданға үздіксіз балық өнімін өндіріп отырды. Жайық бойындағы ауылдарда орналасқан кәсіпорындар майданды ас-ауқатпен қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарды.
Атырау облысы майданға 15 миллион балық консервісін, мыңдаған тонна ет, май, астық жөнелтті. Сол жылдары облыстың әр ауданында әйелдер мен балалар таңның атысынан кешке дейін балық аулап, тұздап, қаптап, вагондарға тиеп, батысқа жөнелтті.
Сол кезеңдегі мұнайшылардың еңбегі ерлікке пара-пар болатын. Мәселен, Доссор мен Мақат кен орындарында тәуліктеп демалмай, дала төсінде жұмыс істеген мұнайшылар туралы қаншама дастан жазылды. Олардың соғыс жылдары мұнай өндіру көрсеткішін бірнеше есе арттырып, майданға үздіксіз отын жеткізілуін қамтамасыз етті.
Сонымен қатар Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі де соғыс жылдары маңызды рөл атқарды. Бұл кәсіпшілік 1939 жылдың 1 қыркүйегінен бастап толығымен іске қосылып, шикізаттың көлемін арттырды.
Бейбіт күн дегеніміз – жай ғана соғыссыз өмір емес. Ол – ата-бабамыздың жанқияр ерлігімен келген баға жетпес құндылық.
9 мамыр – демалыс күні ғана емес!..
Иә, қазір еліміздің мектептерінде, колледждер мен жоғары оқу орындарында Жеңіс күніне арналған түрлі іс-шаралар өтеді: ашық сабақтар, көрмелер, флешмобтар, әскери-патриоттық шерулер. Алайда бұл шаралардың көбі бір күндік формальділікпен шектеліп жатады. Қоғамда нағыз рухани тереңдік пен тарихи жауапкершілік жетіспей жатыр.
Жастардың бір тобы үшін 9 мамыр – тек демалыс күні. Олар бұл күннің астарында қаншама адамның тағдыры, азап пен ерлік жатқанын түсіне бермейді. Мектепте ғана емес, отбасында, ортада, қоғамдық санада да жүйелі түрде тарихқа тағзым ету мәдениетін қалыптастыру қажет.
Өңірде жастар арасында патриоттық рухты қалыптастыруға бағытталған бірнеше бағдарлама іске асырылуда. Дегенмен олар көбіне облыс орталығы мен қала шеңберінде ғана жүргізіледі. Шалғай ауылдар мен шағын елді мекендерде мұндай жобалар жүйелі қолға алынбай отыр. Қазір көптеген мектептерде әскери даңқ бұрыштары бар. Алайда олардың мазмұны мен сапасы әртүрлі. Кейбір мектептерде бұл тек бір фото мен екі жолды мәтіннен тұратын қарапайым стендке айналған. Ал кейбір мектептерде шынайы мұрағаттық құжаттар, ардагерлердің хаттары мен марапаттары, ерлік оқиғалары жинақталған тарихи бұрыштар жасалған. Мұндай жұмыстар – жас ұрпақтың жүрегінде отансүйгіштік сезімін оятудың тиімді құралы.
Түйін:
Жеңіс мерекесі – бір күндік той емес. Бұл – жыл он екі ай еске алып отыратын ұлы күн. Әр мектепте, әрбір отбасында батыр бабалар туралы айту, естеліктер жинау, мұражайларға апару – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырады. Жапония, Германия сияқты елдер соғыстың салдарын ұрпағына үздіксіз түсіндіреді. Ал бізде тарихтан сабақ алу көбіне мереке қарсаңында ғана айтылатын үрдіске айналып бара жатқандай.
Бүгінгі ұрпақ – смартфон мен интернет дәуірінде өмір сүріп жатқан ұрпақ. Бірақ бұл ұрпақтың рухани өзегін әлсіретпеудің бірден-бір жолы – олардың тарихи жадын жаңғыртып, бейбіт күннің құнын ұғындыру. Ұлт боламыз десек, тарихты тануымыз керек. Ұмытпасақ – ұлт боламыз. Ұлықтасақ – ұрпаққа өнеге қалдырамыз.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сіз не дейсіз?
Каримолла СЕРІКБАЕВ,
еңбек ардагері:
Азаттықтың ақ таңын аңсадық
Біз, ардагерлер, өмірдің талай өткелінен өттік, тағдырдың талай соқпағына тап болдық. Сұрапыл жылдар мен ауыр кезеңдердің салмағын сезініп, сол күндердің күрескері болдық. Соғыстан кейінгі өмір де оңай болған жоқ. Майданға барлық ер-азаматтар аттанып кеткен соң, бар ауыртпалық әйелдер мен жас балалар, қарттардың иығына түсті. Ауылда бала болып ойнай алмай, балалық шағымыздың қызығын ауыр еңбекпен алмастырдық. Колхоз жұмысына белсене араластық. Колхозда көктем шықса өгіздің басын жетектеп, оған соқа жегіп, жер жыртамыз. Мал азығын дайындаймыз. Майданнан «қаралы қағаз» келсе жасып қаламыз, сосын жауға деген өшпенділігіміз тұла бойды кернеп, демалыссыз еңбек етеміз. Майдан шебіндегі жауынгерлерге арнап жылы киімдер тігіп, еліміздің барлық ауылдары азықтарының ең соңғы түйірлеріне дейін майданға беріп отырды ғой. Бала болып ойнай да алмаған біздер үшін бұл соғыс көкейден өшпейтін қасіретті жылдар еді.
Бірақ біз барлық қиындыққа мойымай, жеңісті тағатсыздана күттік. Біздің бүгінгі тілегіміз – осы жарық күннің мәңгі сөнбеуі, ел ертеңі саналатын жастарымыздың ешбір ауыртпалық көрмеуі. Жастар – ұлттың тірегі, мемлекеттің алтын қазығы. Олардың жігері – еліміздің күші, олардың білімі – ұлтымыздың келешегі, олардың адалдығы – тәуелсіздігіміздің кепілі. Біз болашақ ұрпақтың саналы, рухты, елін сүйетін азамат болып қалыптасарына кәміл сенеміз. Өйткені олар – азат елдің ұландары, бейбіт күннің белсенділері. Әрқайсысының жүрегінде отансүйгіштік оты лаулап, бойында ұлы далаға деген шексіз махаббат тербеліп тұрса, қазақ жерінің болашағы жарқын болары сөзсіз. Тек сол еркіндіктің ақ таңын көру бақыты бұйырсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болсын!
Марфуға ӘДІЛОВА, еңбек ардагері:
Ерлікті ұмыта алмаймыз!
Жеңіс күні – ең қастерлі мереке. Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толады. Бұл – бір ғасырға жуық уақыт. Өкінішке қарай, соңғы уақытта соғысқа сипат беру өзгеріп, көп мәселеге байланысты басқаша көзқарас, пікірлер айтылып жүр. Дегенмен фашистік Германияға қарсы соғыста кеңес халқының ерлігі мен қаһармандығын жоққа шығара алмаймыз. Себебі әкелеріміз қан майданда тәуелсіздік жолында күресті. Егер фашистік Германия кеңес одағын басып алса, оны жоқ қылып, құрамындағы халықты да жояр еді. Сондықтан Жеңіс күнінің әрбір қазақстандық үшін маңызы зор деп білемін.
Кейінгі уақытта Жеңіс күні өз деңгейінде атап өтілмей келеді. Бұл дата өз мағынасын жоғалтып бара жатқандай көрінеді. Дегенмен ел Президентінің 80 жылдыққа ерекше көңіл бөлгені бізді қатты қуантып отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізілетін іс-шараларды бекітті.
Біз секілді қиын кезде өмір сүрген, өмірге келгендерде балалық шақ болды деп айта алмаймыз. Ол уақытта үйде қалған қариялар, әйелдер өздері аш болса да, жылы киім, азық-түліктің бәрін майданға аттандырды. Ер-азаматтардың жұмысын атқарды. Буынымыз қатып үлгермесек те, еңбекке ерте араластық. Егін егу, мал өсірумен айналысып, тағдырдың қатал жазуымен жастайынан жесір қалған анамызға қолғабыс жасауға талпындық. Соғыстың салқынын сезген бала болған соң, қазір Жеңіс күнін бір қуана, бір күрсіне қарсы аламыз.
Аймағымызда ерлікті ұлықтау шаралары жақсы жүзеге асырылды. Мәселен әр елді мекенде, аудандарда соғысқа қатысқан майдангерлерге арналған монументтер орнатылғаны белгілі. Арнайы алаңдар мен аллеялар да орналастырылды. Алдағы уақытта тың бастамалар боларына сенемін. Себебі заманның тыныштығы, халқының амандығы үшін кеудесін оққа тосқан, қасық қанын аямаған ата-бабаларымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды. Балаларға Ұлы Отан соғысының мән-маңызын, ата-бабаларымыздың не үшін майданға аттанғанын түсіндірудің маңызы зор.
Елімізде ешқашан соғыс болмасын! Ұрпағымыз мұндайды көрмесін деп тілеймін! Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы жоғары деңгейде тойланып, келешек ұрпақ бейбіт күннің қалай келгенін жатқа білсе деймін!
Сурет: egemen.kz