
«Сарғайған хаттар сөйлейді» көрмесі өтті
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Сарғайған хаттар сөйлейді» атты көрме өтті. Бұл шарада музей қорында сақталған Ұлы Отан соғысы жылдарындағы сарғайған хаттар жұрт назарына ұсынылды.

Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, көрменің басты мақсаты — соғыс жылдарындағы жауынгер хаттары арқылы сол кезеңнің ауыртпалығын, ерлік пен үмітке толы сәттерін көрсету, бейбіт күннің қадірін ұғындыру болды.

Экспозицияда төте, латын және кириллица әріптерімен жазылған хаттар қойылып, олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры Мұса Баймұхановтың туған-туыстарына жолдаған хатының көшірмесі, Ш.Қаржауовтың жары Зейнепке жазған марапаттары мен ерліктері баяндалған хаты, сондай-ақ Темірғали Еркінғалиев, Бисенғұл Сақипов, Маман Өтетілеуов, Елемес Қосалиев, Ғабдұрахим Сапин секілді жауынгерлердің жанұяларына жазған хаттары орын алды.

Сонымен қатар, Константин Анечкиннің қаза тапқаны туралы жазылған хат та көрмеден орын тапты.
Шараға ардагерлер, оқушылар мен студенттер қатысты.