
Қуатты армия – Тәуелсіз елдің тірегі
Бүгін Елорда төрінде тарихи маңызы зор шара – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысу мәртебесі бұйырды. Сондай-ақ 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесі екені де белгілі. Бұл қос мереке – елдігіміздің тұғыры мен ерлік дәстүрінің жалғастығын айшықтайтын айтулы күн. Атыраудан барған 14 адам салтанатты шерудің жоғары деңгейде өткеніне тәнті болдық.
Бұл – еліміздің қорғаныс саласына, әскери тәртіпке, ұлттық қауіпсіздікке берілген үлкен мәннің айғағы.
Биылғы парадтың басты ерекшелігі – оның Жеңістің 80 жылдығына арналуы. Бұл – батыр бабаларымыздың майдандағы ерлігі мен тылдағы жанқияр еңбегіне тағзым, азаттықты аңсаған ұрпаққа мәңгілік тағылым. Шеру – өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір іспетті.
Парадта Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Қазақстан Қарулы Күштерінің рөлі мен маңызын терең талдай отырып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы ұстанымдарды нақты атап өтті. Президенттің бұл жолғы Үндеуі – ел ішінде сенім мен патриотизмді арттыратын, болашақ ұрпақты ел қорғауға тәрбиелейтін маңызды бағдар.
Иә, әскери қызметшілердің сап түзеп жүруі, техника шеруі мен кәсіби дайындық деңгейі – нағыз тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісі. Бұл – тек армияның ғана емес, бүкіл елдің айбыны. Қуатты армия – Тәуелсіз Қазақстанның тірегі екенін бұл шара тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад – ұрпаққа үлгі, елге сенім, мемлекетке берік тірек болатындай өтті. Осы рухты шараға куә болғанымызға қуаныштымыз, әскеріміздің айбынды екенін көріп бір марқайып қалдық.
Сейтжан ДҮЙСЕКЕНОВ,
Төтенше жағдайлар департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы