
Қолбасшы қолдаған қаһарман
Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, «Кеңес Одағының Батыры» атанған отандастарымыз аз емес. Алайда, кеудесін оққа тосқан ержүрек майдангерлердің кейбірі көзі тірісінде «Батыр» атағын алған жоқ. Бірақ бұл олардың даңқын аласартпады, керісінше ақиқат ашылған сайын халықтың шексіз құрметін арттыра түсті. Солардың бірі де бірегейі – биыл туғанына 100 жыл толатын Кенжебай Мәденов.

Әріптесі прапорщик И.Г.Кривовпен бірге. 1974 жыл.
Жыл басында «Ana tili» басылымына берген сұхбатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елге еңбегі сіңген елеулі тұлғалардың ұмыт қалдырмай, ұрпаққа насихаттау керек екенін жеткізді. Әсіресе, ол: «Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқиярлықпен соғысты», — деп атап көрсеткен болатын.
Президенттің осы сөзін айғақтап тұрғандай, Кеңес Одағының Маршалы, төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры Георгий Константинович Жуков өзінің 1971 жылы баспа бетін көрген «Воспоминания и размышления» атты еңбегінің 626-бетінде:
«…29 апреля в центре города развернулись наиболее ожесточенные сражения.
На ратушу наступали 1008-й стрелковый полк и 1010-й полк 266-й стрелковой дивизии. Первым сюда ворвался взвод лейтенанта К.Маденова. Вместе с отважным лейтенантом смело действовали бойцы Н.П.Кондрашев, К.Е.Крюченко, И.Ф.Кашпуровский и другие. Они закидали вестибюль и коридоры ручными гранатами. Каждую комнату приходилось брать с бою», — деп айрықша тебіреніспен баяндайды.
Кенжебай Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе (қазіргі Атырау облысының Қызылқоға) ауданы Қаракөл ауылында кедей-шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Мәден Керешев те 1880 жылы Қызылқоға ауданында туып-өскен, сауда саласында қызмет істеген, күйші Керештің ұлы. 1920-1930 жылдары Қызылқоға ауданының орталығындағы кооперативте жұмыс істеген. 1951 жылы Орал қаласында қайтыс болған. Анасы – Керешова Жәмиға, 1902 жылы Қаратөбе ауданының Батпақкөл ауылдық кеңесінде туып-өскен.
Соғыс басталғанда он алты жасар Кенжебайдың ағалары Өтеген, Алтынбай және Жаулыбай бірден Отан қорғауға аттанған еді. Үйде қарт әке-шешесі мен шиеттей жас балалар қалды. Сол себепті балалардың естияры Кенжебай ІХ сыныпты бітірген соң жұмыс істеуге тура келді, 1942 жылдың маусымында Қаратөбе аудандық шикізат дайындау мекемесіне есепшілік қызметке орналасты.
Тылда да оңай болып жатқан жоқ-ты, ауылда жұмыс істеп жүрген қарттар, әйелдер мен жасөспірімдер ғана. Олар «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен бел жазбастан еңбек етті.
Майдан Сталинград түбіне жетіп, соғыс үні Орал, Гурьев облыстарының кейбір аудандарына да жеткен. Сол күндері өзіне тете ағасы Жаулыбайдың ерлікпен қаза тапқаны туралы қара қағаз алады. Қайғылы хабар жас Кенжебайды қатты тебірентіп, зұлым жаудан кек алу үшін армия қатарына сұранды. Жасөспірім шағынан Кенжебайдың қайтпас қайсар, өрен өжет мінезінің болғанын мына бір естелік айғақтайды:
«…Өзiнен бар болғаны үш жас үлкен, тетелес өскен ағасының қазасы Кенжебайды ызаға булықтырып, жаудан кек қайтаруға итермелегенi соншалық, тәбетi қашып тамақ iшуден қалды. Өзi қан жұтып отырса да қолындағы жалғызының аянышты түрiн көрген апасы Дәметкен:
– Кенжебай-ау, қарағым, сен кешеден бері дастарқан басына келуден қалдың ғой. Тамақты қайдан iшiп жүрсiң? — деген сұрағына:
– Менi Гитлер тойғызып қойды. Сұм фашистерге деген ашу мен ыза тұла бойымды жайлап алған. Немiстерден кек қайтармай, тамаққа орын жоқ, — деп қызметiне кеттi…»
Он сегіз жасқа толмаса да, 1943 жылдың 8 қаңтарында Кенжебай Қызыл Армия қатарына өз еркімен аттанған. Әуелi Орынбор облысының Красный Холм мекенiндегi кіші командирлер даярлайтын әскери училищеде оқиды. Онда қару-жарақтың әр түрiмен, әскери тактикалық тәсiлдермен танысып, қоян-қолтық жекпе-жек әдістерін үйренедi. Сосын Уфа, Сақмар қалаларында да жаумен қарусыз шайқасудың сан алуан айла-тәсілін ыждағатты меңгерген. Тепсе темiр үзетiндей болып шынығып, оқу орнын тәмамдаған соң, 1943 жылғы 12 қарашада ІІІ-Украин майданының 170-гвардиялық атқыштар полкiнiң құрамында станоктi пулемет бөлiмшесiнiң командирi болып бекітіледі. Сұрапыл соғыстағы алғашқы қадамын Кривой Рог түбіндегі ұрыстарға қатысудан бастаған К.Мәденов ұрыс кезiнде аяғынан ауыр жараланып, госпитальда емделіп шыққанда, оның қаруластары Молдавия жерiне таяп қалған екен. Атақты 5-екпiндi Армияның құрамында күнiне бес-алты селодан азат ете отырып, жауды Кишиневтен де қуады.
1944 жылғы 27 тамызда 94, 89-гвардиялық және 266-атқыштар дивизиясы бұдан төрт күн бұрын қоршауға түскен немiстiң «Оңтүстiк Украина» армиясының Прут өзенiнен өтiп кетпеуi үшiн олардың шабуылына қарсы бекiнiстi күн-түн демей күшейттi. Сол сәтте қырағы барлаушылар Менжер және Кутурлуй ормандарының оңтүстiгі жағынан 208,9 биiктiгiне қарай бағыт алған 5-7 мыңдай немiс әскерiн байқап қалды. Олар танк пен өздiгiнен жүретiн ауыр артиллерияның бүркемелеуiмен бiрнеше машинамен келедi екен.
Сол жерде тағы да шайқас. Реактивтi қондырғылар, артиллерия мен минометтер iске қосылып, танктердiң соңынан iлескен жаяу әскердiң есiн жиғызбастан Сарато-Розештiң солтүстiк-батысындағы батпаққа тiредi. Қарсыластардың жағдайын пайымдаған генерал П.Фирсов фашистерге көп қантөгiске бармай, берiлулерiн талап еткен бiтiмгерлер жiберген едi. Бiрақ олар бұл ұсынысты қабылдамады. Кеңес әскерлерiнiң мұнан соңғы жойқын шабуылы қарсыластарын ұзаққа шыдатпады. Tipi қалған немiс солдаттары мен офицерлерi жаппай берiлдi. Үш мыңға жуық гитлершілер тұтқынға түстi. Мыңдаған әскери техника ұрыс алаңында отқа оранып жатты.
Аса жауапты шайқастарда фашистерді талқандаудағы көрсеткен ерлігі үшін Жоғарғы Әскери кеңес жеке құрамға алғыс жариялап, өкімет наградаларына ұсынылған 650 офицер, сержант және сарбаздың бірі Кенжебай Мәденов те «Қызыл жұлдыз» орденiмен марапатталған едi.
1944 жылғы қазан айының соңына таман 5-екпiндi армия ІІІ-Украин майданынан І-Беларусь майданының қарамағына берiлдi. Осы армияға қарасты 266-атқыштар дивизиясының 1008-полкiндегi взвод командирi К.Мәденов Польша жерiндегi Варшава-Познань операциялары кезiндегi ұрыстарда да қарауындағы солдаттарды жiгерлендipiп, ерен ерлiктiң үлгiciн көрсетумен қатар, ұйымдастырушылық қабiлетiн де танытты.
Польшаны жаудан тазартқан соң, Мәденовтің взводы 1945 жылы қаңтардың соңында Германия жеріне табан тірейді. Кеңес әскерлерiнiң Берлиннен 70 шақырым жерге келгенiн естiген гитлершiлердiң естерi шығып кетсе керек, 2 ақпан күнi артиллериядан үздіксіз бомбалаумен болды. Барлық таңдаулы күшiн «Гитлерюгенд» деп аталатын жастар отряды мен әйелдер батальонын пайдалану арқылы дамылсыз шабуыл жасап, кеңес әскерлерін Одер өзенiне батырып жiберуге, ең болмағанда одан асырып тастау үшін жанталасты. Осындай аса қысылтаяң сәтте шебер қорғаныстың үлгiciн көрсеткен І-Беларусь майданына қарасты жауынгерлер асқан табандылық танытты. Немiстер кеңес танктерiнiң алға жылжуына кедергi жасау мақсатында, Одер өзенiндегi бұрыннан тұрған негiзгi көпiрдi жаруға әрекет жасап жатқанын 15 ақпан күні барлаушылар хабарлаған болатын. Полк басшылығы диверсанттардың көзiн жоюды қаймығуды бiлмейтiн ержүрек, әрі ең сенiмдi Кенжебайдың взводына тапсырды. Олар 7 немiстiң көзiн жойып, көпiрдi сақтап қалды. Өлiм мен өмiрдiң арасын қылкөпір бөлiп тұрған сәтте қимылына көз iлеспейтiн командир К.Мәденовтiң батылдығы мен жанқиярлығы ескерiлiп, ол екінші мәрте «Қызыл жұлдыз» орденiне ие болды.
Мәскеудегi Бас штабтың асқан ойшылдықпен жасаған жоспарымен әйгiлi «Берлинге шабуыл» операциясына І және ІІ-Беларусь, І және ІІ-Украин майдандарының армиялары қатысты. Сол сәтте Мәденов өз взводымен қардай борап тұрған оққа қарамастан, Альт-Одер өзенiнен граната мен автоматтың күшiмен жау окобына түсiп, қоян-қолтық ұрыс барысында 15 немiс солдатының көзiн жояды.
21 cәyip күнi Берлин қаласы жанындағы Марцан елдi мекенiнде К.Мәденовтiң взводы власовшылармен болған ұрыста да ерекше көзге түскен. Осы шайқастар барысында жиырма жастағы командир жарақат алғанына қарамастан ұрыс алаңынан кетпей, қаруластарын жiгерлендiре түстi. Кескiлескен шайқас барысында көрсеткен ерлiгi үшiн лейтенант Кенжебай Мәденов І дәрежелi «Отан соғысы» орденiмен марапатталады.

Суретте: Кенжебай Мәденов пен Қазиза Уалиева балаларымен бірге. Солдан оңға қарай: ұлдары Серік, Исатай (отырғаны); қыздары Рауза, Сәуле (тұрғаны). 1965 жыл.
Бұдан соң фашистердің екі мемлекеттік мекемесі Рейхстаг пен Ратуша төңірегінде адам айтқысыз қырғын соғыс болды. Қала орталығындағы империя кеңсесiне жақындаған сайын адам шығыны көбейе берді. 29 сәyip күнi әдеттегіше ұрыс жүрiп жатқанда, Кенжебайды батальон командирі И.Бобылев шақырып алады.
– Сенiң взводың Польша жерiнен бергi ұрыстардың бәрiнде де бүкiл армияның мақтанышы болып, ерлiктерiмен көзге түсiп жүр. Сондықтан да саған құрметтi, әрі аса жауапты мiндеттi тапсырғалы отырмын. Талай сындарда сыналған жауынгерлерiңмен «Империя кеңсесi» деп аталатын немiстердiң Рейхстагтан кейiнгi ордасы – Ратушаға бiрiншi болып басып кipiп, төбесiне Жеңiс туын қадау сенiң взводыңа жүктеледi. Тек сенiмдi ақта! — дейдi салмақты үнмен.
– Тапсырма түсінікті, жолдас комбат!
– Тапсырманы орындау кезінде де, орындағаннан кейінгі абырой да бәрімізге ортақ. Ратушаға Жеңіс туын тігуге өзге бөлімдер де құштар. Бірақ бұл үлес бізге бұйырды. Жолдас лейтенант, бұл тек менiң бұйрығым емес, Жоғарғы командованиенiң бұйрығы!..
Бұйрықты алған соң оның қалай орындалғаны жөнінде мақтануды білмейтін К.Мәденовтің 1965 жылғы тамыз айында өз аузымен айтылған естелігінен білуге болады. Бұл жазба 2015 жылы Атыраудағы «Ақ Жайық» баспасынан жарық көрген «Ратушаға ту тіккен қазақ батыры» атты жинақтың 129-130 беттерінде жарияланды.
«…Біз бар пәрменімізбен шауып келеміз. Негізгі ой – неміс туын құлатып, өз туымызды қадау. Осы арман, осы мақсат мені алға сүйреді. Бір кезде қасымдағы жолдасым Кондратьев құлаған жерге мен де құладым. Тұла бойымды сипаймын, жарақат жоқ сияқты. Көп қимылдауға болмайды, мұндайды снайперлер көзден таса жібермейді. Сондықтан дыбыстау керек. Айналамда 3-4 адамнан ғана дыбыс болды, Кондратьевтен дыбыс естілмеді. Алда әлі 80-100 метрдей жер бар. Қалай да жету керек!..
Бар күшті жинап, қайта шабуылға шықтық. Жандәрмен үш адам Ратуша табалдырығына жеттік. Ол жерден бірнеше адам бізді қарсы алып, ілгері жүруімізге жәрдемдесті. Аз ғана үзілістен кейін 20 шақты адам баспалдақпен жылжыдық. Бұл жерде де қырғын соғыс болғаны көрініп тұр. Айналаға сақтықпен қарап, автоматымызды кезенген күйі ілгері жылжып келеміз. Ойда жоқта немістермен қолма-қол айқасқа түстік, екі жақтан да шығын болды. Мақсат – ілгері жылжу. Тағы да қақтығыс, тағы да жау. Сақ болу қажет, айла-тәсілсіз болмайды. Тағы да жаудың екі жауынгерін сұлатып, ілгері жылжыдым. Алдымдағы адамдар оққа ұшты ма, әлде жауынгерлік тапсырманы орындау үстінде ме, одан бейхабармын, тек қана арт жақта адамдар дыбысы естіледі.
Қанша уақыт өткенін білмеймін, Ратуша күмбезінің ішкі жағына жетіп, қансыраған Константин Громовқа көмек бердім. «Шыда, досым, қазір Ратушада өзіміздің алқызыл туымыз желбірейді», — дедім. Оның болар-болмас жымиып күлуге ғана әлі келді. Фашистің қара ала туы құлап түсті. Мен белімдегі қызыл туды шешіп алып, күмбез басына көтердім. Жіптің ұшын қадаға байлап үлгердім. Содан кейін айнала у-шу болды да кетті. Өзімнің қатты шаршағанымды алғаш рет сол жерде сезіндім.
Есімді жиғасын каскамды қарасам тікелейі бар, жанамалай тигені бар, алты оқ тиіпті. Тіпті біреуі каска мен пилотка аралығындағы қызыл жұлдыз арасында тұр екен. Бұған өзім де таң қалдым…»
Бір өкініштісі – жараланып, қансырап жатқан батальон комсоргі, кіші лейтенант Константин Громов «Кеңес Одағының Батыры» атағымен марапатталды да, лейтенант К.Мәденов «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденін қанағат тұтты.
Осыдан алпыс жеті жыл бұрын жарық көрген қайраткер-қаламгер Кәкімжан Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты мақаласында халқымыздың хас батыры, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев өз әңгімесін: «Біздің істегеніміз – үлкен ұлы Жеңіске қосылған бір кішкене бөлшек», — деп түйіндейді («Лениншіл жас» газеті, 20.ІІ.1958 ж.). Мүмкін, адалдық, шыншылдық, қарапайымдылық тумысынан қанына сіңген қазақтың батыр оғланы Кенжебай Мәденов үшін де қан-қасап соғыста шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп, гитлерлік Германияның аждаһа ордасы Ратушаға ту тігуі жеңіске қосылған шағын бір бөлшек болып көрінер. Алайда, тәуелсіз Қазақ елінің, жаңа Қазақстанның реалистік тарихына қиянат жасалмауы керек.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті Қазақстан, әділетті қоғам, әділетті адам идеясы, «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы шындықтың, әділдіктің, ақиқаттың салтанат құруына мүмкіндік береді деген сенімдеміз. Қазақ халқының баһадүр ұлы Кенжебай Мәденов «Халық қаһарманы» атағына бірден-бір лайықты майдангер һәм ардагер деп санаймыз.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті