
Қаракүштің ерлігі
Кең Жылыойдың батыры еді Қаракүш,
Дәлел соған марапаты алған үш!..
Осындай жыр жолдарының тууына сұранып тұрған жылыойлық батырдың есімі бүгінде жерлестерінің жадынан өше бастағаны анық. Өйткені ол – қан майданда толарсақтан қан кешкен қаһарман. Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында «Жилокоса», «Жилая коса» деп аталған кең Жылой өңіріндегі Қараша ауылында 1916 жылы кіндік қаны тамған Қаракүш Өмірзақов Қызыл Армия қатарына 1942 жылдың қаңтарында Жылыой аудандық әскери комиссариатынан шақырылған.
Неміс басқыншыларына қарсы соғыста 3-Украин майданы құрамындағы 27-армияның 3-гвардиялық әуе десанты дивизиясы 8-гвардиялық Богдан Хмельницкий орденді әуе десанты атқыштар полкінің бағынышындағы атқыштар взводы командирінің көмекшісі, гвардия сержанты Қ.Өмірзақовтың аты-жөні pamyat-naroda.ru сайтында «Умеразов Каракуш», «Умерзахов Каракуша», «Умерзахов Каракум», «Умерзахов Каракулис», «Умерзахов Карякулис» деп жазылыпты. Мұны штаб қызметкерлерінің ағаттығы деп қабылдасақ та, өмір мен өлімнің таразыға түскен шағындағы жанталасқан әрекет деп түсінген жөн.
Қырық екінің қаңтарында қазіргі М.Темірханов көшесіндегі Гурьевтің теміржол вокзалынан Оңтүстік Орал әскери округіне аттанған Қаракүш Өмірзақов Чкалов қаласына барып бір тоқтайды. Ол кезде бүгінгі Орынбор солай аталушы еді. Жабық жүк вагондарынан түскен тың күш – жүздеген жауынгер уақытша казармаларға тоғытылады. Бір айдай әскери дайындық ойындары жүріп жатқанда, бұлардың 18-әуе десанты бригадасы Приволжск әскери округіне беріліп, соғысқа дайындық Саратов қаласы маңында жалғасқан. Алайда шілденің орта шенінде бұл бригада Мәскеу әскери округінде тұрған 8-әуе десанты корпусына бағындырылады да, әскери дайындық күнделікті өте береді.
Бұл кезде 900 мың дұшпан КСРО-ның астанасы – Мәскеуден қол созым жерде тұрған еді. Сол 240 шақырым жердегі бекінісінен 1944 жылдың маусымына дейін тапжылмаған фашист басқыншыларынан Одақ басшылығы да сескенейін деді.
1943 жылдың 17 ақпанында таратылған 8-әуе десанты корпусының құрамалары 3-гвардиялық әуе десанты дивизиясын толықтырып, қатардағы жауынгер-атқыш Қ.Өмірзақов сәуір айынан бастап сол дивизияның құрамында қас дұшпанға қару кезеніп, бір жыл үш ай дегенде алғаш рет беттеседі. Әрине, әскери құрылымдардың майдан шебіндегі дұшпанмен бетпе-бет шайқасы кез келген уақытта және әртүрлі жағдайда болып жататыны анық. Майдандағы шайқастар Қаракүш ағамыз үшін өте ауыр болады, қарсы жақта қарудың барлық түрі дерлік бар. Найзалы немесе снайперлік винтовка, автомат, пулемет пен миномет, зеңбірек оқтары мен снарядтар, бомба, мина, граната – осының бәрі басқыншылардың басым күшін көрсетіп тұрды. 1943-тің сәуірінен 1945-тің наурызына дейінгі аралықта ол бес рет жараланып, 10 ай госпитальда емделген. Екі қайтара әскерден босату туралы ұсыныс болғанда, қазақтың жаужүрек қайсар жігіті аяқ-қолы сау тұрғанда дұшпанды тізе бүктірмейінше қайтпасқа серт берген.
Онысы рас болса керек, соғыстың соңғы үш айында 10-нан астам ерлік жасап үлгерген қатардағы жауынгер Қаракүш Өмірзақов «Кеңес Одағының Батыры» атағына да ұсынылады. 8-гвардиялық Богдан Хмельницкий орденді әуе десанты атқыштар полкінің командирі, гвардия полковнигі Десятниченконың бұйрығында былай деп жазылыпты: «3-гвардиялық әуе десанты дивизиясының 8-гвардиялық әуе десанты атқыштар полкі 3-атқыштар батальоны құрамындағы атқыш, гвардия қатардағы жауынгері Өмірзақов Қаракүш 1945 жылдың 7 ақпанында маңызды саналатын 120.0 биіктігіне жаудың қарсы шабуылын тойтару кезінде 7 дұшпанды өз қаруымен жойғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттаймын.
№03/н бұйрық, 10 наурыз 1945 жыл».
Ал, «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған марапат қағазында 3-гвардиялық әуе десанты дивизиясының 8-гвардиялық әуе десанты атқыштар полкі взвод командирінің көмекшісі, гвардия сержанты Қаракүш аға Өмірзақовтың ерлігі былайша сипатталған:
«1945 жылдың 12 наурызында Корчма елді мекені маңында қарсылас шабуылдауды үдетіп бақты, яғни взводтың қарулы сапына біртіндеп тақала түсті. Осы уақытта алғы шепте болған взвод командирінің көмекшісі Өмірзақов өз қаруымен 8 гитлершілді жойып жіберді. Ұрыста оққа ұшқан қарулас пулеметшіге еңбектеп жетіп, оның қол пулеметімен ентелеп келген тағы 6 фашисті атып өлтіріп, қалғандарын бас көтертпей оқ себеледі. Жаудың шабуылы осылай тоқтатылды.
1945 жылы 14 наурызда жаудың ротаға жақын жаяу әскері 4 танк пен 3 бронетранспортерге сеніп, өздерінен күші үш-төрт есе кем қорғанушы взводқа екпіндей қозғалып келе жатты. Өмірзақов жолдас өзінің автоматынан үздіксіз оқ жаудырып, танктердің тасасына тығылып келе жатқан дұшпан әскеріне тойтарыс берді. Жаудың шабуылы осылайша тұншығып, ойы іске аспады.
15 наурызда Корчма елді мекені маңында 2 батальон шамасындағы жаудың жаяу әскері 19 танк, 4 бронетранспортердің күшімен 3-атқыштар батальонының шебіне тағы тікелей шабуылдады. Осы кезде ауыр жараланып саптан шыққан взвод командирінің міндетін өз мойнына алған Өмірзақов жолдас құраманы шебер де батыл басқара отырып, жаудың жаяу әскерін бой тасалап келе жатқан танктерден бөліп тастады. Осылайша 10 солдатынан айырылып, соншама әскері жараланған фашистер кері шегінуге мәжбүр болды.
Зеңбірегі жоқ біздің 3-ші батальонның офицерлері түгел дерлік саптан шыққан екі ротаның ту сыртына шығып үлгерген жау танктерін тоқтатып жою үшін гвардия сержанты Өмірзақов өз өмірін ажалға тігіп, алыстан ататын полк артиллериясынан өзі отырған шаршыға снаряд жаудыруды сұрайды. Нысананы дәл бергеннің арқасында зеңбіректен шамалап атқанның өзінде бірден дұшпанның 3 танкі талқандалып, қалғаны қаша жөнелгенде Өмірзақов жолдас басқарған взводтың жауынгерлері тағы соншама танкті өртеп жіберді.
Гвардия сержанты Өмірзақовтың взводы ержүрек командирінен үлгі ала отырып, аз шығынмен күші мен саны әлденеше есе басым жауға қайсарлықпен қарсы тұрды, өз шебінен шегінуге бірде-бір сарбаз жол берген жоқ.
1945 жылдың 19 наурызында Корчма елді мекені маңында әбден жанталасқан дұшпан ақырғы күшін жинап, Өмірзақовтың взводы тұсына қарсы шабуылға шыққанда траншеядан бірінші болып шыққан взвод командирінің міндетін атқарушы гвардия сержанты жолдастарына үлгі көрсетіп, қарсы шабуылға бастайды. Мұны күтпеген фашистер амалсыздан бас сауғалап қаша жөнеледі. Өмірзақов қашқан жауды қуып жетіп, көзін жояды да, оның пулеметін немістердің өздеріне бағыттайды…
Батылдығы мен қиын сәттегі тапқырлығы, қарсыласқа тірілей зор шығын келтіргені үшін Өмірзақов жолдасты үкіметтік жоғары марапат – Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынамын.
8-гвардиялық әуе десанты атқыштар полкінің командирі, гвардия полковнигі Десятниченко. 23 наурыз 1945 жыл».
Бұл ұсынысты қолдаған 3-гвардиялық әуе десанты дивизиясының командирі, гвардия генерал-майоры Конев пен 35-гвардиялық атқыштар корпусының командирі, гвардия генерал-лейтенанты Горячев «Кеңес Одағының Батыры» атағының «Алтын жұлдыз» медаліне Ленин орденінің қоса тапсырылуын құптайды. Алайда оны 27-армия Әскери кеңесінің қорытындысында армия қолбасшысы, генерал-полковник Трофименко мен армия Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-майор Севастьянов Қаракүш Өмірзақовтың қаһармандық ерлігін төмендетіп, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен ғана марапаттаған.
Осылайша, «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған ержүрек жауынгер, қаһарман майдангер Қаракүш Өмірзақов 1945 жылдың 7 сәуірінде Австрияның оңтүстік-шығысындағы Штирия провинциясына қарасты Зюдостштаермарк округінің Тейка селосы маңында болған шайқаста қаза табады. Оған сол селодағы №4 бауырластар зиратынан топырақ бұйырады.
Жұмабай ДОСПАНОВ,
әскери тарихшы, жазушы