
Отты жылдар әуендері ардагерлер байқауының арқауына айналды
Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық ардагерлер кеңесі, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналып «Отты жылдар әуендері» атты ардагерлер арасында облыстық өнер фестивалі өтті.

Өнер додасын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов кіріспе сөзбен ашып, іс-шараның маңызы мен мазмұнына тоқталды. Үмітін үкілеп келген қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
Мақсат – жастардың ел тарихына, соғыс және тыл ардагерлеріне деген құрметін арттыру, ұлы жеңістің тарихи маңызын жас ұрпаққа жеткізу, алдыңғы толқын мен жас буын арасындағы рухани байланысын нығайту.

Фестивальне қатысушылар ІІ кезең бойынша бақ сынады. Біріншісінде музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен отты жылдар әуендерінен бір әнді шырқады. Екіншісінде қазақ композиторларының жігерлі шығармаларынан бір күй орындады.
Ардагерлердің өнерін саралап, бағалаған әділ қазылар алқасының шешімімен фестивальге қатысқан өнерпаздарға (барлығы 18 адам) «Лауреат» атағы берілді.

Айта кету керек, фестиваль мәресіне жетіп, ардагерлер марапаттаулар сәтте сахна төрінде балғын өнер иелері көтеріліп, шараны әндерімен әрлеп, құрмет-қошеметтерін көрсетті. Олардың қатарында Атыраудағы атаулы өнер мектептерінің шәкірттері болды.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ