
Он жасында тұтқын атанған
Тарихи деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік концентрациялық лагерьлерде 20 миллионнан астам адам тұтқында болған. Олардың 2 миллионға жуығы бала еді. Солардың ішінде атыраулық Екатерина Серафимовна Абсатырова да болған. 1931 жылы Мордва АКСР-ндағы «Красный пахарь» ұжымшарының орталығы – Первомай деревнясында туған оның ата-анасы сол шаруашылықта жұмыс істейтін. 1939 жылы кеңес-фин соғысы басталғанда Финляндия аумағының бір бөлігі КСРО-ға қарай ығысты.

– Сол кезде финдер үйлерін тастап көшіп кетті. Жер де, тұрғынжай да иесіз, қаңырап бос қалды. Осы уақытта сырттан келген жалдап алушылар бізді өздерімен бірге тұрып, шаруашылықпен шұғылдануға шақырған. Әке-шешем мен әжем тоғыз баламен жағдайдың қалай боларына алаңдап, əуелі əкем ол жақтағы жағдайды барлап келіпті. Оған бəрі ұнаған, үйлері мұндағыдай лашық емес, тастан салынған сарай. Сөйтіп, отбасымызбен сол жаққа қоныс аудардық. Бізге бұйырған бес бөлмелі пəтерде алаңсыз тұрмыс кешіп жатқанбыз, жағдайымыз да жақсы еді. Сол жерде екі жылдай тұрғанда балалар үлкендерге қолғабыс жасайтын. 1941 жылы неміс-фашист басқыншылары КСРО-ға тұтқиылдан шабуылдап, Ұлы Отан соғысы басталғанда əлгі үй-жайын тастай қашқан финдер кері оралды. Олар бізді мүсіркеп, аяушылық танытқан жоқ, ұйып отырған ұядай үйімізден қуып шықты. Осылайша, бір сəтте баспанадан айырылып, ас-сусыз далада қалдық. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, көп ұзамай жанымызға жетіп келген түсі суық, қарулы жендеттер жан-жағымыздан қоршап, босқындардың бəрін тұтқындады. Əрі қарайғы күніміз күн болған жоқ, — дейді Екатерина Серафимовна.
Болмаған балалық шақ
Басқыншылар бұларды Германияға бірден айдап əкеткен жоқ. Үлкен-кіші деп айырмастан бәрін жақын маңдағы концентрациялық лагерге жөнелткен. Олар Финляндияның астанасы – Хельсинки қаласының маңындағы Юрокко лагеріне келіп түседі. Он жастағы Катя үшін де тікенек сыммен қоршалған концлагерьдегі азапты күндер басталды. Еркіндігі мен азаттығынан айырылған тұтқындарға ешқандай аяушылық жоқ еді. Ересектермен бірдей балалар да ашқұрсақ жүретін, күзетшілер оларды сəт сайын ұрып-соғатын. Аяқ астынан кінə тағып, азаптап, ойларына келгенін жасайтын. Ұл-қыз деп бөлмей, қорлықтың да небір түрін көрсететін.
Бірақ Катя бала болса да қиындыққа мойымай, басқа түскен қиындық пен қорлықты жеңе біледі. Татар дəмі, көрер жарығы таусылмағаны шығар, үш жыл үш ай дегенде концлагерьдегі тозақтан бостандыққа шықты. Кейін тұтқындар Ханко жартыаралындағы, соңынан Пернео қаласындағы концлагерьлерге ауыстырылған.
Алайда, «қайда барсаң да қорқыттың көрі» демекші, қай жерде де көрген қорлығы, тартқан азабы, шеккен жəбір-жапасы аз емес еді. Ашқұрсақ жүрсе де үлкендермен бірдей тер төгіп, бұғанасы бекіместен небір ауыр жұмысты атқарды. Аштық пен аурудан бұралып өлгендерді де көзі көрді. Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлетіні рас екен, Ленинград үшін шайқастан соң кеңес əскерлері келіп, тірі қалған тұтқындарды еркіндікке жіберді. Соның алдында ғана ату жазасына кесілгендер ажалы жетпей аман қалған. Бұлардың ішінде Екатерина да бар болатын…
«Сөз сүйектен өтеді» деген…
– Пойызға мініп, елге қайтып келе жаттық. Солақай саясаттың салқыны шығар, пойыздағы жауынгерлер «Біз майданда Отан үшін, артта қалған ел үшін ерлік жасап, қан төктік. Ал бұлар сатқындық жасап, қара бастың қамын ойлап, отырып шықты» дегендей жиіркенішті көзбен күдіктене қарайтын. «Сөз сүйектен өтеді» демекші, мұның өзі есін енді жиып, елге бағыт алған жандарға ауыр тигені де рас. Одан да өзекті өртеген өкініштісі, маңдай тіреп келген үйіміздің орнында күлінің қалғаны еді. Байқасақ, кейін шегінген кезде финдер тұрып жатқан баспаналары мен шаруашылықтарын өз қолдарымен өртеп, тып-типыл етіп кетіпті. Содан жерүйді паналауға тура келді. Бірнеше күн бойы нəр татпағасын аштықтан бұралып, денеміз ісіне бастады. Бұған шыдай алмаған əкем қалаға барып, ет консервілерін әкеліп, соны талғажау еттік. Одан ішіміз ауырып, өлуге қалдық. Мектеп біз тұрған жерден 10 шақырымдай қашықта еді, оған жету үшін қыста аяғымызға шаңғы байлап аламыз. Төртінші сыныпты бітіргеніммен əрі қарай жалғастыратын оқулықтарым болмады. Сөйтіп жүргенімде бір танысы əкеме «Ұнды ұнтақтап, нан пісіретін əйелге көмекшілікке адам керек» деп қолқа салыпты. Соған жұмысқа тұрып, нан тауып, тамақ асырадық, — деп ол сол бір азапқа толы сәттерді есіне түсірді.
Бақытын қазақтан тапқан қыз
Бұл отбасының көрген қиындығы мұнымен бітпеген екен. Отағасын əлдекімдер басқа жаққа алып кетіп, жалдамалы жұмысқа жегеді. Сол уақытта отбасындағы оныншы бала, Катяның кенже бауыры дүниеге келген. Соғыстан соң да кірпіш зауытында, тағы басқа жерлерде жұмыс істеп, ауыр еңбектің зардабын тартады. Арасында сауда-саттықпен де айналысады, бала күтуші болып та істейді. Өзімен бірге туған сыңарының сəбиін бағуға да көмектеседі. Оның қасында, жақын маңдағы асханада аспаздың көмекшісі болып жұмыс істеп жүргенде бір топ әскери тамақтануға келеді. Олардың арасында келісті жігіт Вагаф бар еді.
Ол кезде Вагаф сондағы əскерилендірілген күзет бөлімшесінде қызмет атқаратын. Танысып-біліскесін олар отбасын құрады. Бұл 1950 жылғы тамыз айының 13-і болатын. Сібірде тұрып қалған екеуі Лидия, Анатолий есімді ұл мен қыз сүйеді. Араға ширек ғасыр салып, 1968 жылы отбасымен туған жері – Атырауға оралған Вагафтың отбасында кенже қызы – тағы бір Лидия өмірге келеді. Өйткені, тұңғышы жастай шетінеген соң оның есімін кішкентай сіңлісіне қойған. Бүгінде Екатерина Серафимовна сол Лида қызымен, одан өрбіген немере-жиенімен бірге Атыраудағы «Нұрсая» шағынауданында тұрып жатыр. Ал Анатолий отбасымен Украинада қоныстанған.
1925 жылдың желтоқсан айында Құрманғазы ауданының Бұзаусылан ауылында дүниеге келген Вагаф Сарталыұлы Абсатыровтың ата-анасы да қарапайым еңбек адамдары болатын. Отбасының тұңғышы Вагафтың әкесі өмірден ерте өтіп, шешесінің төрт ұлын бағуға саулығы болмапты. Соған байланысты олар балалар үйінде тəрбиеленгенде Вагаф аға небәрі он жаста еді. 1943 жылы Гурьев жаяу əскер училищесін бітіріп, бірден соғысқа аттанған ол ІІІ-Украина майданының құрамында талай кескілескен шайқастар мен ұрыстарға қатысады.
Соғыс аяқталғанмен əскер қатарында қызметін жалғастырған Вагаф Абсатыров 1953-1955 жылдары КСРО Ішкі істер министрлігінің Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласындағы əскери-саяси мектебінде оқыған. Қарулы Күштер қатарында жоғары лауазымды қызметтер атқарады. Подполковник шенінде еліне оралған Вагаф Сарталыұлы 2001 жылдың сəуір айында өмірден өтіпті.
Вагаф-Володя
– Қазақта «Ер – туған жеріне…» деген нақыл сөз бар екен. Сол айтылғандай, Вагаф Сарталыұлы да өмірінің ширек ғасырын жырақта өткізіп, туған жеріне оралды. Оның өзі біздің қалауымызға емес, отағасының əскери қызметте болуына байланысты еді. Тілім келмегендіктен емес, жақсы көргендіктен еркелетіп ол кісіні өзім «Володя» дейтінмін. Достарымыз да солай атайтын. Екеуіміздің өмірімізде де ұқсастықтар бар. Мен он жасымда концлагерьге түссем, ол дəл сол жаста балалар үйіне қабылданған. Əкесінен ерте айырылып, шешесі аурулы болған. Жастайынан тағдыр тауқыметін тартып, қиындықтың қамытын мойнына ерте киген. Бір сөзбен айтқанда, екеуіміз де өмірдің тəттісінен гөрі ащы дəмін көбірек татып өстік, зейнетінен гөрі бейнетін молырақ көрген тағдырлас жандармыз. Дəм айдап, осындай қойнауы құтты, адамдары ақжарқын да бауырмал, қарттары қазыналы елге табан тірегенде бауырына тартып, қатарына қосқан Атырау жұртына айтар алғысымыз шексіз. Менің атыраулық атануыма себепші болған əуелі құдай қосқан қосағым, сосын жергілікті халықтың кең пейілі деп санаймын. Аллаға шүкір, бүгінде бəрі де артта қалғандай, — деп әңгімесін түйіндеді жасы тоқсанды орталап қалған Екатерина әжей.
Әрине уақыт – емші, бəрін ұмыттырады. Əйтсе де өткен өмірің жадыңда жатталып, жүректің түкпірінен өшпейтіндей орын алып қалады екен. Теперішті көп көрген әжейдің жүзінен соны аңғардық.
Қайраты қайтпаған қария
Әңгімеміз тәмамдалар тұста сөзге араласқан Лидия Вагафқызы да ойындағысын іркіп қалмады.
– Анамның қайрат-жігеріне қайран қаламын. Бұл да бір Алланың берген қуаты, қасиеті шығар. Әрине, жас ұлғайғасын адамның бойында ауру-сырқау көбейіп, саулығының сыр беретіні де заңдылық қой. Бұрынғыдай емес, жылдан жылға жүріп-тұруы қиындап келеді. Әйтсе де ас ішуі мен ұйқысы қалпында. Ең бастысы, осынша қиындықты бастан кешіп, қартайғанына қарамастан анамның есте сақтау қабілеті мен жады қалпында. Бұйыртса, Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойын да өзімен бірге қарсы аламыз деген үміт-тілегіміз бар, — деді өзінің де жасы алпысқа қарай еңкейген Лидия Вагафқызы.
Дəулетқали АРУЕВ