Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Мұнайшының мәңгілік мұрасы

Міне, тағдыр тоғыстырған қос белес – Жеңістің 80 жылдығы мен Қазақстан мұнайының 125 жылдығы. Бірі – бейбіт өмірдің бағасын ұқтырған ұлы тарих, екіншісі – ел экономикасының күретамырына айналған қуат көзі. Осы айтулы даталар аясында біз тыл ардагері, мұнайшы, өңірдегі өндірістің өркендеуіне үлес қосқан Әбіл ЕЛЕУСІНОВТІҢ өмірі мен ерлігін еске алып, парасатты жолына тағзым етеміз.

71e14f58 74ad 46f2 8005 3167bddcee47

Еңбекпен шыңдалған Әбіл

…Кіндік қаны Қызылқоғаның Қарабау топырағында тамған Әбіл белі бекіп, бұғанасы қатпай жатып-ақ, өзін еңбекте шыңдады. Байларға жалшы болды, малын бақты, шөбін шапты. 1930 жылдан бастап мұнай кәсіпшілігіне жұмысқа кетті. Геолог-барлаушылар қай жерден мұнай қорын анықтаса, сол жақтағы жұмысқа бұрғышылар жететін. Әуелі жұмысшы, кейін бұрғышының көмекшісі, бұрғышы болып жұмыс істеген Әбіл Елеусіновтің Мақат, Доссор, Қошқар, Қаратон кенді алаңдарында табанының ізі қалды. 

​Осынау өлкеде ол жерасты байлығын ел игілігіне айналдыруға отыз жылдай ғұмырын сарп етіп, маңдай терін төкті. Қазыналы өңірде Қыдыр Бердиев, Сәдір Әжібаев, Құспан Шәудіров, Керей Тілепбергенов, ағайынды Мырзаш, Бақтыгерей Меңдіғазиевтармен және басқа да әріптестерімен бірге иық тіресе еңбек етті.

Үкімет майталман мұнайшылардың жасампаз еңбектерін бағалап, орден-медальдармен марапаттады. Жүздеген мұнайшы-бұрғышылар қатарында Әбіл Елеусінов те болды. Оған «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы айбынды еңбегі үшін» медалі бұйырды. Ал, Қосшағыл кәсіпшілігіндегі жерасты жабдықтарын жөндеу бригадасының аға шебері Құби Ілиясов, бұрғышы Сүйрік Самарханова Ленин орденін өңіріне тақты.

7d6fe0bd 53cf 48ae 9ca8 57aae44390cc 3

Айта кету керек, Әбіл Елеусінов Атырау өңірінен Ленин орденімен марапатталған алқашқы қазақтың бірі. Қай бір жылы КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігіне қарасты «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бір топ жұмысшылары, инженер-техникалық қызметкерлері мен өндіріс жетекшілері еңбектегі үздік көрсеткіштері үшін мемлекеттік марапаттарға ие болды. Социалистік жарыстардың әлденеше мәрте жеңімпазы атанған «Қаратон» мұнай кәсіпшілігінің бұрғышысы Әбіл Елеусіновке КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ленин ордені табыс етіледі. Бұдан соң да абыройлы жұмысымен әріптестерінің құрметіне бөленді.

Ол 1955-1959 жылдар аралығында №43 Қаратон сайлау округінен Гурьев облыстық Кеңесінің депутаттығына сайланып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне ерекше үлесін қосты. 

«Бәрі де Жеңіс үшін!»

Ұлы Отан соғысы басталып, ер-азаматтар майданға аттанған тұста бұрғышылар бронмен елде қалып, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» ұранымен тәулігіне 12-14 сағаттан жұмыс жасады. Сөйтіп, жер астынан «қара алтын» селін молайтуды мақсатқа айналдырды. 

​Екінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанған 1938 жылдан Ұлы Отан соғысы басталған үш жылда мұнай өнімін өндіру негізінен үш мұнай кәсіпшілігі арқылы жүзеге асырылды. Мәселен, Байшонас – 34,3%, Қосшағыл – 26% және Мақат 17% көлемінде «қара алтын» тапсыруды қамтамасыз етіп тұрған. Сол кезде мұнайшылар мемлекеттік қорға 830 мың тоннадан астам мұнай өткізді.

Соғыс уақытына қарамастан кен орнын игеру және пайдалануды жетілдіру нәтижесінде 1941 жылы мұнай өндіру көлемі 88 мың тоннадан екі жылда үш есеге жуық өсіп, бұл көрсеткіш 216 мың тоннаға жеткізілді.

Соғыс өрті өшіп, Жеңістен соң ел де еңселерін көтере бастады.  Қырық бестің бірінші қазаны. Түнде сіркіреп өткен жауыннан кейін аспан ашылып, күзгі күн нұрлы шуағын төгіп тұр. Бұрғышылар әдеттегідей қауырт іске берілген. Түскі үзілісте бригада жетекшісі жақсы жаңалық жеткізді.

​– Әбеке, сүйінші, сүйінші! Үміт жеңгеміз босаныпты. Ұл күтіп жүр едіңіз, ұлды болдыңыз. Бауы берік, ғұмыр жасы ұзақ болсын, — деп, Әбілді орталарына алып, құттықтамасы бар ма?!

​– Ой, жігіттер, рақмет. Өздеріңе де осындай қуаныш жұғысты болсын. Сүйіншісі болады.

​– Енді бір жақсы есім ойластыру керек қой, Әбеке?

​– Иә, жігіттер, бүгін менің көңілімді бір көтеріп, қуантып тастадыңдар. Ендеше ұрпақ жалғастырушы ұлымың атын Көңілқош деп қойсам лайықты болар, — деп дауысы дірілдеңкіреп, еңбектес жігіттерді кезекпен-кезек құшақтап жатты.

​– Көңілқош, жақсы есім. Өзіңіздей елге сыйлы, қызметімен қадірлі ортаның белді азаматы болуына тілектеспіз!

​– Онда бүгінгі күндік бұрғылау нормамызды кешегіден де жоғары орындайтын болайық. Сұрапыл соғыстан жүдеп-жадаған халықтың көңілін өнімді еңбегімізбен көтермейміз бе, — деген Әбіл де бұрғышы жігіттерді газеттен оқыған соңғы жаңалығымен бөлісіп, бір жігерлендіріп тастады…

Қыс қыспағындағы қайсар мінез

​…1954 жылдың наурыз айы басталды. Қытымыр қыс өз қаһарынан әлі де тая қоймаған кез. Келіп жеткен көктемге өткір мінезін көрсетіп-ақ бағуда. Кеше ғана төңіректің бәрін ат бауырлайтындай қалың омбы қар басты. Табиғаттың бұл құбылысынан мал-жанның қарға адым жерге жетуінің өзі мұңға айналғандай. Арты сақылдаған сарышұнақ аяз бен бет қаратпастай ызғырық желге ұласты. Онысы өңменіңнен өтіп барады.

Осы тұста Қошқардағы бұрғылау бригадасында жүрген Әбілге «Әкеңіз қайтыс болды» деген суыт хабар жетеді. Техника да, басқа да қалың қар құрауында қалғандығын көріп тұр. «Қалай барамын, ешқандай мүмкіндік жоқ. Не болса да ел бар, жұрт бар, бірдеңе етіп, әкемнің жерлеуін менсіз ұйымдастырар. Бір уыс топырақты кейін салармын. Марқұм әкем менің бұл жағдайымды түсінер, әрі кешірер» деп ойлаған Әбіл жүрегі жылап, көңілін мұң басса да осындай тоқтамға келді…

​Медицина саласында қырық жылдай қызмет еткен қызы Ақкенже апамыз отбасы туралы мағлұматпен бөлісіп, әкесінің ақкөңіл әрі балажан болғанын еске алады.

–Әкем Әбіл мен Үміт екеуі маған дейін жарық дүниеге бес қыз, үш ұл әкелген екен. Отызыншы жылдар мен сұрапыл соғыстың қиын-қыстау заманында бауырларымның біразы шетінеп кетіпті. Тапалтақ бойлы, өткір көзді, қою қара мұрты өзіне жарасып тұратын әкемнің жарқын бейнесі әлі күнге көз алдымда. Баланың кенжесі болғасын ба, әкем мені қатты еркелететін. Өзі жұмыстан шаршап келсе де мойнына асылдырып, құшағына қысатын. Сосын «Ақкенжемді еркелетуіммен шаршағанымды бастым-ау» дейтін де анамның құйған қою шайын ішіп, әзіл әңгімесін айтып отыратын. Маған «Сен оқуыңды бітірген соң адам жанына араша түсер дәрігер болуың керек. Сабағыңды жақсы оқы» деп ақылын айтатын, — деген қызы естелігімен бөлісті. 

Еңбек  ер атандырады

Мақалаға арқау болған Әбіл қарт пайғамбарлық жасқа жеткен шағында бақилық болды. Соңындақалған жалғыз тұяғы – Көңілқош Елеусінов ембілік мұнайшылар әулетінің ұлағатты шаңырағының біріне айналды. Екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген ол қазыналы Қаратондағы орта мектепте ұстаз, оқу ісінің меңгерушісі, ауылдық кеңестің хатшысы, кейінірек аудандық партия комитетінде жауапты қызметте болды.

1992-1994 жылдары «Теңізмұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасында геолог, кәсіподақ комитетінің төрағасы, кадр бөлімінің инженер қызметтерін де зор жауапкершілікпен атқарған Көңілқош Әбілұлы жаны жайсаң азамат-тұғын. Әттең, ғұмыры қысқа болды. Өйтпегенде бұл күнде парасатты ел ағасы, қадірменді қария боларына дау жоқ еді. 

​Иә, уақыт емші, артында қалған жары Үміт анамыз балаларын мәпелеп өсіріп, тәрбиеледі, білім берді. «Орнында бар оңалар» демекші, бүгінгі мұнайшылар әулетінің бастауында болған Әбіл қарттан тамыр жайған немелері мен шөберелері аталарының дәстүрін жалғап келеді. Қатарынан кем болмай, ел ырысын молайтуға үлестерін қосуды мұрат тұтқан бүгінгі Елеусіновтер тағдырларын «қара алтын» өндіру саласымен байланыстырған.

Иә, текті әулеттің тектілігін сақтап, Әбіл қарттың салған сара жолын ұрпақтары осылайша жалғастыруда.

Бақытжан ЖҰМАТ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button