
Ленинградты қорғағандар
Облыстың солтүстік-шығысына таман орналасқан Тайсойған құмының қақ ортасындағы ауыл бүгінде құм атауымен аталады. Бір кезде осы ауыл «№17 ауыл» деп аталғанын енді архивтегі сарғайған құжаттар ғана растағандай. Сол құжаттарда бұл аумақта соғыс жылдары 16 ұжымшар болғаны көрсетілген. Олардың дені Бақсай ауданына бағынышты болыпты. Осы №17 ауылдық кеңестің тумалары – 1905 жылы туған Дінқуат, 1909 жылы туған Бихан және ағалары Айдар соғыс басталғанда бірден әскер қатарына алынған жоқ. Өйткені қан майданда кескілескен ұрыс жүріп жатса да, майданға қуатты арсенал қажет екенін КСРО-ның «темір» көсемі Иосиф Сталин жақсы түсініп, Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің төрағасы ретінде мұнай өнеркәсібінде істейтін ер-азаматтарды Армия қатарына шақырудан босатқан еді.
Азамат соғысы кезінде өндірісі тоқтап қалған Мақатта 1926 жылдың басынан бастап кен орнын игеру жұмысы қайта қолға алынғанда ағайынды үш жігіт осы кәсіпшілікке келеді. Әуелі Айдар шығыр партиясының жұмысшысы, сосын Дінқуат бұрғылау жұмысшысы болып өндіріске жұмысқа тұрады. Кейін Дінқуат 1930 жылы ашылған мұнай техникумына оқуға түсіп, бұрғылау технигі мамандығымен Мақаттағы бұрғылау кеңсесіне еңбекке араласады.
Ал кішісі Бихан осы кәсіпшіліктің бұрғылау жұмысшысы болып еңбек жолын бастаған. Бес-алты жыл жұмыс істеген жас жігіт «Эмбанефть» тресінің жанындағы шоферлік курсты да оқып алулы. Сосын еңбек жолын электр бөлімінде май құюшы, оператор, гаражда автоэлектрик болып жалғастырады.
1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия тұтқиылдан КСРО-ға басып кірген күні-ақ жер-жердегі сияқты Мақат кәсіпшілігінде 1 мыңнан астам адам жиналған митинг өтеді де, ертеңіне еркек кіндікті атаулы майданға лек-легімен аттана бастады. Мұнайшылар «бронь» тізіміне ілігіп, әскерге шақыру кейінге ысырылады. Бірақ 1942 жылы мұнайшыларды да мобилизациялау ретімен майданға аттандырып жатады. Кезек Дінқуат пен Биханға да келіп, 1942 жылдың 23 шілдесінде Мақат аудандық әскери комиссариаты арқылы Отан қорғауға аттанады. Екеуі де бір әскери құрамаға – 86-атқыштар дивизиясына тап болады.
Дінқуат осы дивизияның 248-артиллерия полкінде зеңбірек көздеушісі болып, жаудың шабуылдарын тойтаруда аянбай іс-қимыл жасайды. Кейін осы полкте байланысшы міндетін атқарады. Ұрыс кезінде артиллерия бөлімдерінің арасындағы байланыстың үзіліссіз болуын қамтамасыз ететіндіктен, байланысшы Алтаев үнемі бораған оқтың астында еңбектеп жүріп, байланыс желісінің үзілген жерін қайта жалғап отырады.
Осындай ұрыстардың бірінде Дінқуат жарақаттанып, госпитальға түсулі. Емделіп шыққаннан кейін оны 381-атқыштар дивизиясының 1263-полкі құрамындағы бөлімшенің командирлігіне тағайындаған. Бұл дивизия 1944 жылдың маусым айында 98-атқыштар корпусының 23-армиясының қарамағына беріліп, Выборг операциясына қатысады. Карел мойнағындағы фин әскерінің ұзақ мерзімді қорғаныс шебін талқандау барысында қиян-кескі шайқастар болады. Сайранмяки қорғаныс жүйесін мықты жабдықталған үш траншеясы, төрт қатар тікенек сым қоршауы, екі 44,5 биіктігі ДОТ-тар мен ДЗОТ-тар құрады. Финдердің бұл плацдармын жоюға қатысқан дивизияның 443 жауынгері қаза болып, 1264 сарбаз жарақат алған.
1944 жылдың 4-7 шілдесі аралығындағы осындай ұрыстардың бірінде кіші сержант Д.Алтаев ауыр жарақат алып, Ленинград облысының Кямяря теміржол станциясындағы эвакогоспитальға жеткізілген. Алайда майдангер аға 9 шілде күні госпитальда көз жұмып, сол елді мекендегі зиратқа жерленеді.
Сөйтіп, жеңісті жақындату жолында опат болған жерлесіміз Дінқуат Алтаев Ленинградты қорғаудағы ерлік іс-қимылдары үшін қаза тапқаннан кейін «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталады. Елде жесірі Әлия мен Сайын, Мария есімді ұл-қызы қалған. Бірақ олардың кейінгі тағдыры белгісіз.
Дегенмен, Отан үшін шейіт болған жерлестің есімі елінде ұмытылған жоқ. Аудан орталығы – Мақат кентіндегі және Атырау қаласындағы «Жеңіс» саябақтарында орнатылған мемориалдық тақталарда оның да аты-жөні алтын әріппен жазулы тұр. Інісі Биханның ұрпақтары да Дінқуат ағамыздың есімін әрдайым еске алып отырады.
Ал Бихан аға 86-атқыштар дивизиясының 284-атқыштар полкінің сапында өте жойқын әскери операцияларға қатысқан. Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің Орталық архивы сайтына жарияланған құжаттардың ішінен 284-атқыштар полкінің жорық жолына көз салсақ, Бихан аға мен оның қаруластарының қандай қиын сынақтардан өткенін байқаймыз.
Ленинград қаласының «Үлкен жермен» байланысын қамтамасыз етіп тұрған «Невский пятачок» плацдармы ауыр шайқастардан кейін 1942 жылғы 26 қыркүйекте неміс әскерлерінің қолына өткен. Ал, Ленинград майданының әскери құрамалары үшін басты мақсат – осы плацдармды қайтару. Осы мақсатқа жұмылдырылған әскери күштің қатарында 86-атқыштар дивизиясы осы ұрыстарға басынан аяғына дейін қатысқаны деректі құжаттардан анық байқалады.
Нева өзенінің шығыс жағалауындағы шағын плацдармды қорғап, оны ұстап тұру да оңайға соқпаған. Өзеннің суы қатқанға дейін көптеген шабуылдарды тойтарған полк мұз тұрғаннан кейін Ленинград майданы құрамаларының қатарында әйгілі «Ленинград қоршауын» бұзу шабуылына дайындалады. 1943 жылдың қаңтар айында басталған «Ұшқын» операциясы барысында немістерден басым түскен кеңес әскерлері 18 қаңтар күні қоршау шебін бұзып, Ленинград және Волхов майдандарының жауынгерлері бір-бірімен қауышқан. Осылайша, «Үлкен жермен» құрлықтағы қатынас орнайды.
Бірақ Ленинград қаласы мен облысын басқыншылардан азат ету үшін ауыр шайқастар жалғаса берді. Өйткені немістердің 16 ай бойы орнатқан ұзақ мерзімге арналған бекіністерін алу оңайға түскен жоқ. 284-атқыштар полкі сол «Невский пятачокты» қорғаушылардың қатарында болған. 1943 жылдың жазындағы жойқын ұрыстардың бірінде аяғынан ауыр жараланған Бихан аға №1170 эвакогоспиталында біршама емделеді. Ақыры, «әрі қарай соғысуға жарамсыз» деген медициналық комиссияның шешіміне сәйкес туған жерге қайтады, бірақ Мақатқа қашан келгені белгісіз.
Бізге анығы – Б.Алтаев 1943 жылдың 17 қыркүйегінде Мақат кәсіпшілігінің автогаражына электрик болып жұмысқа қабылданған. Оны 1954 жылдың 25 қарашасындағы квалификациялық комиссияның хаттамасы растайды. Бихан аға 1964 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін мұнай операторы болып жұмыс істеген.
Соғыс жылдарындағы ерлік істері үшін ол І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 ж.ж. ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
Бихан аға мен жары Аққанжаннан өрбіген ұрпақ бүгінде майдангер әкенің өмір жолын әрдайым мақтан тұтады. Абзал аға 1998 жылы 89 жасында өмірден өтті.
Қиын кезде ұрыс даласында қар төсеніп, мұз жастанған осындай қаһармандардың есімі әркез халқының есінде болып, олардың рухына құрметіміз биік болуы тиіс.
Орақ ДЕҢГЕЛБАЕВ,
ардагер мұнайшы, өлкетанушы,
Мақат ауданының Құрметті азаматы