Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

“Гурьев-Астрахан”жолтабаны адамдардың білек күшімен салынды

1939 жылы И.Сталиннің бұйрығымен «Гурьев-Астрахан» темір жолы салына бастады. Темір жол табанын төсеу жұмыстары Гурьев қаласы мен Новобогат, Теңіз аудандарының халқына да жүктелді. 

Ол жылдарда халықтың ынтымақ-бірлігі, еңбекке деген құштарлығы ерекше-тұғын. Көз көрген қарттар ол кездегі бұғанасы бекімеген балалардың еңбекке деген ынта-жігерінің жоғары болғанын, берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындағандарын айтып отырады. 

1941 жылы тұтқиылдан жасалған шабуыл, соғыс өрті лаулаған сәтте Нұр-Мұхаммед Есенәлиев еңбекке ерте араласты. «Гурьев-Астрахан» темір жол табанын төсеуден бастап, Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін тылдағы қым-қиғаш, сан салалы бейнеті мен мазасы көп жұмыстарды білек күшімен атқарды.Бұл кезде біздің бүгінгі кейіпкеріміз 9 жаста болатын. Ол – Нарын құмының төрінде 1930 жылы өмірге келіп, қасиетті жердің төсінде ойнап өскен ұл. Бұл қазақ жерінде үш мәрте дауыл соққан ашаршылық жылдары еді. Тасқа жазылған тарихтан білеріміз, ол заман адамдарының қиындықты, ашаршылықты, қуғын-сүргінді көрмегені кем де кем болар. Бірнеше жыл бұрын тыл ардагерімен кездесіп, сөйлескенімізде біраз ақпаратқа қаныққан болатынбыз. 

  — …Сұрапыл соғыстың зардабы тимегендер саусақпен санарлық қой. Мен де еңбекке ерте араластым. Балалықтың бал шырынын жоқшылықтың ащы дәміне алмастырып, буынымыз қатаймастан ересектермен қатар таңның атысы мен күннің батысы Отан үшін, ел үшін жұмыс жасадық. Темір жол жұмыстары 1939-1940 жылдары Манаш-Забурын ауылдарында да басталып кетті. Манаш ауылында мұндай аса жауапты жұмысты ұйымдастыру ауылдық кеңестің төрағасы (ол кезде Совет деп атайды) Батырбай Бозтаевқа, Забурын ауылында Рахметолла Жүнісбаевқа жүктелген. Ал, аталмыш елді мекендердегі ұйымдастыру алқасы үштіктен құрылды. Олар совет, колхоз, мектеп мұғалімдер ұжымдары еді, — деп еске алған-ды тыл ардагері, Жылыой ауданының Құрметті азаматы, КСРО, ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері, Гурьев-Астрахан теміржолын алғаш салушы Нұр-Мұхаммед Есенәлиев. 

    Кеңес төрағалары әр ұжымға темір жол табанын төсеу учаскелерін күнбе-күн өлшеп, белгілеп беріп, қатаң бақылауға алып отырды. Ол жылдарда ауылда ешқандай техника жоқ. Жұмыс тек қана адамдардың қолымен, білек күшімен, түйе, өгіз арқылы  атқарылды. Ер азаматтардың майданда болуына байланысты, рельс астына топырақтан жолтабан үю жұмыстарына ауылдағы барлық әйелдер, қыздар мен қариялар жұмылдырылды. Топырақ үю нормасы орындалмаса, кешке нан-шай алу жағдайы да қиындады. Осылайша, оншақты ай мерзімде 200 шақырымдай жолтабанды әйел-балалар салып та үлгерді. Майдан шебі әрі ығысқасын (тарихтағы «коренной перелом в ходе ВОВ» — ден кейін) бұл құрылыс та таратылады. 

Ол кездегі  жұмыс топырақ үю ғана емес еді. Оны тегістеу, қолмен екі адам бірлесіп жуан кеспелтек ағаштармен нығыздау, жиегін шығару сынды алуан жұмыстар бойжеткендердің, жас балалардың нәзік алақандарымен жүзеге асырылды. Мектеп оқушыларынан да ауыл шаруашылығының барлық саласына жұмыс жасайтын бригадалар жасақталып, бригада мүшелерін жеке-жеке фермаларға бөліп жеткізеді.

Нұр-Мұхаммед Есенәліұлы да өз қатарластарымен бірге жазда пішен шауып, күзде құмаршық теріп, кейін бригадирлікке тағайындалады. Бригада мүшелері күндік тапсырманы 200 – 250 пайыз орындап отырды. 

 — Талай тынымсыз күндерді, ұйқысыз түндерді бастан кешкендерміз. Сталинград майданын да көрдік. Себебі, Сталинград біздің ауылдан (Забурыннан) бар болғаны 200-300 шақырымдай жерде-ақ! Жау Сталинград қаласын бойлай кешкі түнде бомбалайды. Ал, біздер ұйықтай алмай, әр тасталған ауыр бомбаларды санап тұратынбыз… Немістер ұшақтарынан парашютпен түскен жау десанттарын да көрдік…- деген болатын тыл ардагері.

Ал, Жеңіс таңын Нұр-Мұхаммед Есенәлиевжетекшілік ететін бригада мүшелері «Социалистік жол» колхозының фермаларында төл алу науқаны үстінде қарсы алды.    

Тылдағы еңбек майданының қайраткерлері барлық шаруаны атқарды. Мемлекет және қоғам қайраткері Қатимолла Ризуанов майданда туған қауіпті жағдайға бейімделу мақсатында Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің тапсырмасына сай Эмба мұнайын орталықтағы майданға тез жеткізу үшін шұғыл арада Гурьев-Астрахань теміржолын салу жұмысы қолға алынғанын еске алды. Бас көтерген азаматтар түгел майданда болуына байланысты жол құрылысына (рельс астына топырақтан жолтабан үю жұмыстарына) ауылдағы барлық әйелдер, қыздар мен қариялар түгел жұмылдырылған болатын (мобилизация). Ерлері майданға алынғанда құрсақта қалған сәбилері қу дала жағдайында аптап ыстық пен аязда (қыркүйек 1942 – мамыр 1943 ж.ж.) бағылды. 

– Топырақ үю нормасы орындалмаса кешке нан-шай алу жағдайы да қиындайтын болған. Сол оншақты ай мерзімде 200 шақырымдай жолтабанды әйел-балалар салып та үлгерді. Майдан шебі әрі ығысқасын (тарихтағы «коренной перелом в ходе ВОВ» — ден кейін) бұл құрылыс та таратылады.  

     Жұмыс тек топырақ үю ғана емес, оны тегістеу, қолмен екі адам бірлесіп жуан кеспелтек ағаштармен нығыздау (трамбовка), жиегін шығару (откос) т.б. сан алуан қиын жұмыстар бойжеткендердің нәзік алақандарымен ғана жүзеге асырылды. Сол жолтабан отыз жыл бойы сапасын жоғалтпастан сақталып өткен  ғасырдың 70 жылдығында Гурьев-Астрахань теміржолы құрылысына пайдаланылды, — дейді Қатимолла Ризуанов. 

Иә, Ұлы Жеңісте майдандағы сарбаздардың ерен ерліктерімен қатар, еңбек армиясындағы еңбеккерлердің де қолтаңбасы жатыр. Тыл майданның тірегі еді. 

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Сурет: rail-news.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button