
«Ешқашан жерді бұлай сілкінеді деп ойламадым»
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Нәзік мықтылар» әдеби-музыкалық композициясы көрермен назарына ұсынылды. Қойылымда көркемдік жетекші Татьяна Капуованың режиссерлігімен «Вершина» мәдени-демалыс орталығының жанындағы «Айна» миниатюралар театрының жас актерлері өнер көрсетті.

Бұл композиция Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әйел-аналарға, әпкелерге, медбикелерге, барлаушыларға, тыл еңбеккерлеріне арналған.
–Бұл – жай ғана қойылым емес. Мұны сахнада көрерменге ұсыну арқылы соғыста тек ерлер емес, әйел адамдардың да жан аямай еңбек етіп, күрескенін жеткізгіміз келеді. Бұл өскелең ұрпақ пен тарихтың байланысы. Сол зұлмат заманда тағдырынан оң үміт күткен әйел ғұмырының дауысы. Біз оларды ешқашан ұмытпауымыз керек. Спектаклдегі әрбір көрініс – тарих.
Әр сөз – архив.Әр нота — алғыс пен еске алу, — деді Татьяна Ивановна.

Спектакльге 13 жастан асқан балалар қатысты. Дайындық екі айға жуық уақытқа созылған. Әртістер әуесқой әрі балалар болғанымен, актерлік шеберліктері кәсіби мамандардан кем емес.
Спектакль шымылдығы “Шаттық” би тобының өте әсерлі өнерімен ашылды. Жетекшісі Исатай Елеусінов бір ғана эпизод арқылы оқиғаның мәнін терең жеткізді. Мәселен, костюмді құшақтап жылап отырған әйел, киімді өбектеп іңгәлаған баланы жұбата алмай жатқан ана, күйеуі деп елестетіп вальс билеп жүрген қалыңдық…

Командир шәйға жұмсаған қыздың алқапта гүл жинап кетіп, шәйнектің жайында қалғаны көрерменге әйелдің көзімен әлем басқаша екенін сезіндірді. Кейін гүл үшін сөгіс естіп, екі көзі жасқа толады. Қойылымда жүректі дір еткізер сәттер көп болды. Мәселен, қатардағы жауынгер қыз “ешқашан жерді бұлай сілкінеді деп ойламадым» дегенде залдағы көрермен көздеріне еріксіз жас алды.
Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ