Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Ерлікті ұмытпау – елдікті ұлықтау

Жеңіс күні – ең қастерлі мереке. Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толады. Бұл – аз мерзім емес, бір ғасырға жуық уақыт. Өкінішке қарай, соңғы уақытта соғысқа сипат беру жаңарып, көп мәселе басқаша көзқараспен қаралды. Дегенмен, фашистік Германияға қарсы соғыста Кеңес үкіметі халқының ерлігі мен қаһармандығын жоққа шығара алмаймыз. Себебі әкелеріміз қан майданда тәуелсіздік жолында күресті. Егер фашистік Германия Кеңес одағын басып алса, оны жоқ қылып, құрамындағы халықты да жояр еді. Сондықтан Жеңіс күнінің әрбір қазақстандық үшін маңызы зор деп білемін.

Қаншама әйел әкесінен, күйеуінен, баласынан айырылды. Мәселен, 1941-1945 жылдары Қазақстаннан 1 млн. 200 мыңға жуық адам аттанды. Оның 601 мыңнан астамы отбасына оралмады. Із-түзсіз жоғалып кеткендер де бар. Сол себепті ата-әкелеріміздің еңбегі ешқашан ұмытылмас.

Жоғарыда атап өткенімдей, кейінгі уақытта Жеңіс күні өз деңгейінде атап өтілмей келеді. Бұл дата өз мағынасын жоғалтқандай болды. «Мәңгілік даңқ» шеруіне тыйым салынды. Ел Президентінің 80 жылдыққа ерекше көңіл бөлгені бізді қатты қуантты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігімен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізілетін іс-шараларды бекітті.

Біз секілді 1941-1945 жылдары өмір сүрген, өмірге келгендерде балалық шақ болды деп айта алмаймыз. Ол уақытта үйде қалған қариялар, әйелдер өздері аш болса да, жылы киім, азық-түліктің бәрін майданға аттандырды. Ер азаматтардың жұмысын атқарды. Буынымыз қатып үлгермесек те, еңбекке ерте араластық. Егін егу, мал өсірумен айналысып, тағдырдың қатал жазуымен жастайынан жесір атанған анамызға қолғабыс болуға талпындық. Жұмысқа шамасы келмегендердің өздері майданға жылы киім тоқыды. Соғыстың салқынын сезген бала болған соң, қазір Жеңіс күнін бір қуана, бір күрсіне қарсы аламыз. 

Аймағымызда ерлікті ұлықтау шаралары жақсы жүзеге асырылды. Мәселен әр елді мекенде, аудандарда соғысқа қатысқан майдангерлерге арналған монументтер орнатылғаны белгілі. Арнайы алаңдар мен аллеялар да орналастырылды. Алдағы уақытта тың бастамалар боларына сенемін. Себебі заманның тыныштығы, халқының амандығы үшін кеудесін оққа тосқан, қасық қанын аямаған ата-бабаларымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды.

Балаларға Ұлы Отан соғысының мән-маңызын, ата-бабаларымыздың не үшін майданға аттанғанын түсіндірудің маңызы зор. Елімізде ешқашан соғыс болмасын! Ұрпағымыз мұндайды көрмесін деп тілеймін! Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы жоғары деңгейде тойланып, келешек ұрпақ бейбіт күннің қалай келгенін жатқа білсе деймін!

Марфуға ӘДІЛОВА,

еңбек ардагері

Құрманғазы ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button