
Ерлікке – тағзым, ұрпаққа – үлгі
Атырау қаласындағы Көлік және коммуникация колледжінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай «Жеңіс рухы – мәңгілік» атты облыстық әскери-қолданбалы спорттық іс-шара өтті. I курс студенттерін қамтыған бұл сайыс аталған колледж ұжымы мен өңірлік әдістемелік құрылымдардың бірлескен бастамасы аясында қолға алынды.

– Бұл сайысты ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты ояту, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпай, мәңгілікке есте қалдыру, сондай-ақ жастарды батылдық пен төзімділікке тәрбиелеу, салауатты өмір салтын ұстануға баулу. Біз осындай іс-шаралар арқылы жастарға тек физикалық емес, рухани тұрғыдан да тәрбиелік бағыт бергіміз келеді, — дейді облыстық білім беру басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаров.
Сайыс барысында студенттер бірнеше кезең бойынша өз білімдері мен дағдыларын сынады. Қатысушылар алдымен «Жол ережелері мен белгілері» бағытындағы тест тапсырмаларын орындады. Бұл бөлім олардың теориялық білімдерін тексеруге арналды. Келесі кезеңдерде қатысушылар әскери дайындық элементтері бойынша сынға түсіп, арнайы киім кию уақыты бойынша бақ сынасты.
Ең қызықты және күрделі бөлім – кедергілер жолағы болды. Мұнда студенттер оқ-дәрі салынған жәшікті межелі жерге дейін тасып, қаруды бөлшектеп, қайта жинап, нысанаға дәл тигізіп, жараланған сарбазды көтеріп кедергілерден өту секілді тапсырмаларды орындады.
Бұл додаға №5546 әскери бөлімінің өкілдері, Атырау қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма мамандары, Ф.Досымова атындағы №12 мектептің ұстаздары және Әкелер кеңесінің мүшелері қатысты. Сондай-ақ «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының әскери жетекшісі Ертай Асқарұлы қатысып, жастарға тәжірибелік кеңестерін ұсынды.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген автор