
Батыр үйінің маңдайшасына — ескерткіш тақта
Бүгін Атырау қаласында ІІ дүниежүзілік соғыстың ардагері, Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың есімін ұлықтауға арналған ескерткіш тақта ашылды.

Атырау облысы, Махамбет ауданы, Қайыршақты ауылында дүниеге келген Қайырғали Смағұлов Кеңес әскері қатарына шақырылып, 1941 жылдың маусым айынан Солтүстік Кавказ майданында, 18-армия, 318-атқыштар дивизиясы, 1339-атқыштар полкі құрамында Ұлы Отан соғысына қатысып, айрықша ерлік көрсеткен.
Жиында сөз алған қала әкімі Шәкір Кейкин елге тағзым етуге тұрарлық ерекше сәттің куәсі болып отырғандығын айтты.

– Қайырғали атамыз 1919 жылы дүниеге келіп, 1939 жылы әскер қатарына алынды. Ұлы Отан соғысы басталғанда өзінің қайсарлығымен, отансүйгіштігімен көзге түсіп, ерлігімен ел мақтанышына айналды. Шайқаста жиырма сарбазымен бірге жауға тойтарыс беріп, ерекше ерлік көрсетті. Осы ерлігі үшін 1943 жылы Қазақстан Республикасы Одағының шешімімен Қайырғали Смағұловқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыстан кейін, 1946 жылы елге оралып, кәсіптік-техникалық училищеде директорлық қызмет атқарды. Кейін университет қабырғасында ұстаздық қызмет атқарып, жас ұрпақты тәрбиелеуге бар күш-жігерін арнады. Бұл — атамыздың Отан алдындағы екінші үлкен борышы болатын.

Бүгінгі күні біз батыр атамыз тұрған үйдің маңдайшасына мемориалдық тақта орнатып, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық үлкен іске куә болып тұрмыз. Осындай шаралар арқылы біз ата-бабамыздың аманатына адал екенімізді көрсетеміз. Атамыздың рухы шат, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Батырдың ерлігі – мәңгілік, есімі – жүрегімізде, — деді қала әкімі.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов соғыс ардагерімен алғаш рет 14 жасында, 1962 жылы танысқандығын еске алып, оның өте керемет, мейірімді, ақкөңіл әрі ақжарқын жан екендігін айтса, батырдың замандасы, майдандас досы Жұма Медетовтың ұлы, Ішкі істер органдарының отставкадағы полковнигі Серік Медетов олардың бір-біріне деген бауырмалдығын өз көзімен көріп, нағыз жолдас, нағыз бауыр болғандығын жеткізді. Сондай-ақ Алматыдан арнайы келген батырдың ұлы Ұзақ Смағұлов мен келіні Мария Рамазанқызы сөз алып, мемориалдық тақтаның ашылуына ұйытқы болған облыс әкімдігі мен ардагерлер кеңесіне ерекше алғыстарын білдірді.

– Атырауда әкеміздің атымен аталатын мектеп, көше, спорттық нысандар бар. Алдағы уақытта да осы іспетті игі істер жалғасын табу үшін белсенді айналысып жүрмін. Алматы қаласы әкімдігіне Қайырғали Смағұловтың есімін бір көшеге беруді сұрап өтініш жаздым. Қазір бұл мәселе бойынша шешім шығарылады деп отыр. Жуырда Алматыдағы музейде үлкен шара өтіп, ол жерде студенттермен кездесіп, естелік әңгімелер айттым.
Жыл сайын Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» атты романы негізінде іс-шаралар өтеді. Оның басты прототипі менің әкем екенін білесіздер. Бұл кітап алғаш 1945 жылы жарық көрген екен. Бұл – үлкен іс, үлкен жұмыс. Осы жолда құрбы-құрдастардың да, замандастардың да көмегі зор болды. Барлықтарыңызға рақмет, — деп ағынан жарылды батырдың ұлы.
Батырдың өмірінің соңына дейін тұрған қазіргі Ғазиз Хакимов көшесіндегі №3 үйдің маңдайшасына орнатылған ескерткіш тақтаны ашу рәсімі қала әкімі Шәкір Кейкин мен батырдың ұлы Ұзақ Смағұловқа берілді. Салтанатты шараны әскери үрмелі аспаптар оркестрі сүйемелдеп, жиналған жұртшылыққа ерекше рух пен патриоттық көңіл күй сыйлады.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ