Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Елеусіз қалған ерлік

Екінші дүниежүзілік соғыстың бұрыннан белгілі, танымал майдангерлерін қайталамай, беймәлім есімдерді жарыққа шығарып, олардың ерліктерін халыққа паш етуді мақсат тұтқан біз көп жылғы ізденісіміздің нәтижесінде Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы бойынша 5600-дей майдангердің КСРО кезінде мемлекеттік наградалар алғанын анықтадық. Солардың 2,3 пайызы немесе 129 адам Кеңес Одағының жоғары дәрежелі ордендерімен марапатталыпты. Егер оны жіліктеп көрсек, Ленин орденінің саны – 11, «Жауынгерлік Қызыл Ту» – 94, ІІ дәрежелі Суворов және ІІ дәрежелі Ушаков ордендері – біреуден, ІІІ дәрежелі Богдан Хмельницкий ордені – 3, ал 19 рет Александр Невский орденімен марапатталған.

Мақтаныш болар майдангерлер

Ескеретін жайт – осыншама адам аталмыш ордендермен наградталған жоқ, себебі бір адам бір орденге бірнеше рет ие болғанын да қаперде ұстаған жөн. Мысалы, Қара теңіз флотының қолбасшысы, вице-адмирал Лев Анатольевич Владимирский, 3-алысқа ұшатын авиация дивизиясы құрамындағы 748-алысты бомбалау авиация полкінің штурманы (полк командирінің орынбасарымен тең лауазым), 1942 жылғы 18 тамызда қаза тапқан капитан Жакир Шағиұлы Абанов, 1-гвардиялық артиллериялық дивизиясына қарасты 399-гаубицалы артиллериялық полкінің құрамындағы батарея командирі, аға лейтенант Виктор Михайлович Артамонов, 26-атқыштар дивизиясының 312-атқыштар полкі құрамындағы пулемет взводының командирі, лейтенант Евгений Васильевич Струняшев – «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен екі мәрте, 6-жойғыш авиация дивизиясы 78-полкінің ұшқышы, лейтенант Григорий Стальевич Жолаев – төрт мәрте марапатталған. Ал, 23-атқыштар дивизиясының 117-атқыштар полкі құрамындағы 3-атқыштар батальонының командирі, капитан Базарбай Баймұханов – екі мәрте Александр Невский орденінің иегері.

Әрине, бұлардың аталған мемлекеттік марапаттармен наградталғаны жөнінде нақты мәліметтері сақталыпты. Дейтұрғанмен ұсынылуында қапы жоқ болса да, орденге қолы жетпеген 59 атыраулық бар екен. Атап айтқанда, Ленин орденіне – 16 адам, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденіне – 32, ІІІ дәрежелі Богдан Хмельницкий – 4, Александр Невский орденіне – 7 жерлесіміз ұсынылған. Тіпті, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденіне 133-атқыштар дивизиясы 681-атқыштар полкінің құрамындағы рота командирі, аға лейтенант Александр Павлович Лызлов – екі рет (21.ХІ.1944, 18.ХІІ.1944), ал 277-шабуылдаушы авиация дивизиясы 943-полкінің әуедегі атқышы, аға сержант Юрий Иванович Петров – үш рет (17.01.1945, 5.03.1945, 22.05.1945) ұсынылса да, берілмеген.

Мемлекеттік марапатқа ие болған 5600-ге тарта атыраулықтың 760-ы екі және одан да көп орден алған. Аға лейтенанттар Владимир Бебнев, Александр Лызлов, гвардия лейтенанты Александр Муравьев, лейтенант Михаил Фигурин, гвардия аға сержанты Вячеслав Ларионов, аға сержанттар Сәду Дүйсенбеков, Сақып Қызылов пен Юрий Петров, гвардия старшиналары Әжіғара Қалимов пен Василий Ульяновтар – 5 орденмен, подполковник Евгений Морозов, гвардия аға техник-лейтенанты Иван Карамышев, гвардия старшинасы Александр Лобиков, старшина Евгений Полынин – 6, адмирал Лев Владимирский, «Даңқ» орденінің толық иегері, гвардия аға сержанты Гавриил Шамин – 7, лейтенант Григорий Жолаев – 8 орденмен марапатталғанына архив құжаттары айғақ.

Біз тапқан атыраулықтардың тағы бір ерекшелігі – ұшқыш Григорий Жолаев «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен төрт мәрте, рота командирі, аға лейтенант Александр Лызлов, взвод командирі, лейтенант Михаил Фигурин – үш мәрте І дәрежелі «Отан соғысы», әуелік атқыш-радист, гвардия аға сержанты Әжіғали Мурашов, батарея командирі, гвардия аға лейтенанты Меңдеш Дәулетқалиев, авиазвено командирі, аға лейтенант Владимир Бебнев – үш мәрте ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған.

Ал, 14-гвардиялық кавалериялық дивизиясы 54-гвардиялық полкінің қару-жарақпен жабдықтау қызметінің бастығы, гвардия аға техник-лейтенанты Иван Карамышевтың ең жоғары дәрежелі наградалардың бірі – І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен 4 мәрте (21.04.1945, 4.06.1945, 9.06.1945, 6.04.1985) марапатталуы – жерлестері үшін зор мақтаныш.

Гурьев облысынан майданға аттанған 7 адам – взвод командирлері, гвардия лейтенанты Анатолий Муравьев, лейтенанттар Қарашбай Назаров, Константин Багайдин пен Григорий Жолаев, зеңбірек командирі, аға сержант Николай Кохов, танкист, гвардия аға сержанты Билан Қоңыров және телеграфист-мичман Павел Дворянов – үш мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болыпты. Бұдан басқа 7 адамның (зеңбірек командирі, аға сержант Василий Котов, бөлімше командирі, гвардия сержанты Дощан (Досжан) Ақжігітов, бөлімше командирі, сержант Григорий Подопригоров, бөлімше командирінің орынбасары, кіші сержант Оразғали Бәшенов, минометші, гвардия кіші сержанты Николай Лоботрясов, атқыштар – гвардиялық қатардағы жауынгер Ғұсман Олжабаев пен қатардағы жауынгер Ғұмар Мәтеновтің «Өжеттігі үшін» («За отвагу»), минометші, ефрейтор Мәнес Нұғмановтың «Жауынгерлік еңбегі үшін» медаліне үш реттен ие болулары да ерен ерліктің үлгісіндей.

Облыстан соғысқа шамамен 300-ге тарта қыз-келіншек қатысса, олардың 142-сі орден-медальға ие болыпты. Бұл топтың көш басында Халық қаһарманы, қазақ әйелдері арасындағы тұңғыш әскери ұшқыш-штурман, гвардия аға лейтенанты Хыйуаз Доспанова, қос орденділер – батальонның аға медбикесі, медицина қызметінің лейтенанты Зоя Горшкова, санитарлық нұсқаушы, сержант Мария Серебрякова, пулеметші, ефрейтор Зоя Шияповалар тұр.

Соғыс жылдарында әскери авиацияда қызмет еткен 56 атыраулық майдангердің 37-сі үкіметтік марапат алған екен. Қос «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденді гвардия капитаны Жакир Абанов соғыстың соңына дейін тірі болса, лауазымы полк командиріне, әскери шені полковникке дейін жетуі мүмкін еді. Ал, үш орденді эскадрилья командирі, авиация майоры Ермұхан Ідірісов 1943 жылғы 25 қыркүйекте ерлікпен қаза болмағанда полк командирі болуы ғажап емес. Мұндай пікірді Ідірісовтің майдандағы басшысы болған Кеңес Одағының Батыры, авиация маршалы Владимир Судец те жазған болатын.

Майданда атыраулық саперлер де үлгі етерлік ерлік пен төзімділіктің түрін көрсете білген. Қатардағы жауынгер Сүйеу Ишанов жасы 50-ге келгеніне қарамастан бір өзі 3282 жау минасын залалсыздандырған. Тағы бір қатардағы жауынгер Жақай Қармысов он бір айдың ішінде жеке өзі 9554 минаны қазып алып, жойып жіберген. Ол үшін Ленин орденіне ұсынылғанымен, бірақ оның адам сенгісіз ерлігі ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен ғана бағаланған. Саперлер бөлімшесінің командирі, аға сержант (1946 жылы кіші лейтенанттар курсын бітірген) Сақып Қызылов «Даңқ» орденінің үш дәрежесін толық иеленіп, «Кеңес Одағының Батыры» атағымен теңескен, оған қоса екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері.

Гурьев облысынан аттанған 53 мың майдангердің 803-і офицер шенінде болса, олардың 742-сі (92%) орден-медальдармен марапатталған, 93-і аға офицерге тиісті лауазымды атқарыпты.

Ұрыс даласында әлденеше рет жараланып қан төккендер көп-ақ, бірақ солардың ішінен тек марапат алған жерлестеріміздің өзі 4800-ге таяу. Олардың ішінде бес адам – 7 рет, тіпті взвод командирінің көмекшісі, гвардия аға сержанты Сисенғали Аманиязов – 8, атқыш, қатардағы жауынгер Сатыбалды Дошанов – 9, взвод командирінің көмекшісі, гвардия старшинасы Әжігерей Қалимов – 15 рет жараланған. Әскери ұрыс операцияларындағы өжет іс-қимылы үшін төрт рет марапат алған Ә.Қалимовты І дәрежелі «Отан соғысы» орденіне 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы 1945 жылдың 23 мамырында ұсынып, оны сол жылғы 30 шілде күні өз қолымен тапсырғанын да біліп жүргеніміз жөн болар.

Атағы жоқ Батыр

Сарғайған мұрағат деректерін ақтарғанда, кезінде «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылса да, ерлігі ескерілмей қалған қаһармандардың құжаттарын көп кездестірдік. Солардың бірі – жерлесіміз Дүйсенғали Әжіғалиев. 1915 жылы Гурьев қаласында кіндік қаны тамған ол барлық саналы ғұмырында туған жерден жырақ кетпепті.

1936 жылы Гурьев мұнай техникумын бітірген Д.Әжіғалиев Доссор және Ескене мұнай кәсіпшіліктерінде оператор, өндіру шебері, цех бастығы болып істейді. Қызыл Армия қатарына соғыс басталған жылдың шілде айында Украинаның солтүстігіндегі Николаев облысының Еланецкий аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Жеке іс құжатында 1940-1941 жылдардағы жазба болмауына қарағанда, Дүйсенғали сол аумақта әскери борышын өтеп жатқан болуы немесе мұнайшы ретінде Украина жеріндегі мұнай кеніштерінде жұмыс істеп жүруі әбден мүмкін.

Ал, соғыс кезінде 58-гвардиялық атқыштар дивизиясының 173-гвардиялық атқыштар полкі құрамында пулеметшілер тобының командирі болған оның әскери шені – гвардия сержанты екен. Д.Әжіғалиев түрлі ұрыс операциялары барысында ұзын-ырғасы 212 жау сарбазы мен 10 пулеметін жойған. Сондай алапат ерліктері үшін төрт рет түрлі наградамен марапатталғаны құжатта анық көрсетіліпті.

Ол алғашқы ерлігін 1944 жылғы 16 мамырда жасайды. Жорық картасындағы 134.4 жота маңына барлау тобы құрамында жіберілген Дүйсенғали себелеп тұрған жау оғына қарамастан, жалғыз өзі жойқын қимылмен 10 неміс солдатын автоматпен жайратып салып, жаудың бір қол пулеметін пулеметшілерімен бірге гранатамен жарып жібереді. Сол арқылы қарсыластардың шегініп барып құтылып кетуіне жол берген жоқ. Бұл ерлігін жоғары бағалаған 173-гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия полковнигі Кащеевтің сол күні-ақ оны үкімет наградасына ұсынған хатын 58-гвардиялық дивизия командирі, гвардия полковнигі Кацурин қолдап, 17 мамыр күні «Өжеттігі үшін» медалімен марапаттайды.

1945 жылдың 25 қаңтарында 2-атқыштар батальоны құрамындағы пулеметшілер тобының командирі, гвардия сержанты Д.Әжіғалиев Еуропа жерінде Одер өзенінің сол жағалауындағы плацдармды кеңейту үшін жүріп жатқан кескілескен ұрыста қайта шабуылдаған фашистердің 8 солдатын станокты пулеметімен жайратып салып, бір пулеметтің көзін жойып жібереді. Сол үшін полк командирі Кащеев пен полк штабының бастығы, гвардия подполковнигі Моисеев дереу «Өжеттігі үшін» медаліне ұсынған. 58-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі, гвардия генерал-майоры Русаков ол ұсынысты қолдап, келесі күні бұйрыққа қол қойған.

Пулеметші Дүйсенғали Әжіғалиев 1945 жылғы 19 қаңтарда Польша жеріндегі Баранув қаласы үшін ұрыс кезінде қайта шабуылдаған жаудың 12 жауынгерін жер жастандырып, 2 пулемет нүктесін жойып жіберген. Соның нәтижесінде қарсыласқан фашистердің беті қайтып, қаруластары межеленген елді мекенді тез бағындырды. Қайсар жауынгердің бұл жолғы табандылығы мен батыл тойтарысын командирі Кащеев ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне лайықты деп тауыпты. 21 қаңтарда берілген ұсынысқа дивизия командирі Русаков та қарсы болмай, 24 қаңтарда аталмыш орденмен марапаттаған.

Оның дәл осы орденмен марапатталуына негіз болуына ұқсас тағы бір жеңісті оқиға 20 қаңтар күні Баранув қаласында болыпты. 1945 жылғы 5 ақпан күні 173-гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия майоры Роговтың ұсынысына сәйкес қайта шабуылға шыққан қарсыластардың 30-40 адамы 8-атқыштар ротасының тылына өтуге барын салады. Сол кезде Әжіғалиев өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, әлгі жауыздардың және тағы біраз неміс солдатының көзін жойған. Басқыншылар шабуылын тойтарған соң жүргізілген есепте өлген немістің саны 60-қа жуық екен.

Ал, Люблинец қаласына жақын жердегі Тейхвальде елді мекені үшін болған шайқаста жол қиылысына қорғанысқа бекінген 8-атқыштар ротасы ойламаған жерден тыл жақтан келген жау әскерінің үлкен бір бөлігімен бетпе-бет келіп қалады. Бұл жерде де Әжіғалиевтің қайтпас қайсарлығы тығырықтан алып шыққан. Жағдайды бірден пайымдаған ол басқыншылар тобына пулеметін алып бұқпантайлап жеткен бойда тұтқиылдан оқ жаудырып, жанталаса қарсыласқанына қарамай, бес сағат бойы ілгері бастырмай қояды. Осы ұрыста Дүйсенғали жаудың 2 пулеметін, 35 жауынгерін және 3 көлігін жойып жіберіпті.

Бұдан әрі ашық жерде тұрған Гуттентаг (құжатта солай көрсетілген – авт.) қаласын азат ету барысында басқыншылар пулеметке қоса от шашатын қарумен кеңес жауынгерлерін беттетпей қояды. Мұны дереу түсініп, мықтап бекініп алған пулеметші Дүйсенғали тағы да дүркін-дүркін оқ жаудырып, шабуылшылар батальонына жол ашып берген. Бұл жолы оның есебіне жаудың 25-тен астам солдаты мен 2 станокты пулеметі жазылған.

Ал, 24 қаңтар күні Одер өзенінен өтпек болған 175-гвардиялық атқыштар полкінің әскерлері жаудың тегеурінді тойтарысына тап болады. Бұл жолы да әскери айла-тәсілге шебер Әжіғалиев өзеннің сол жағалауына жүзіп өтіп, кеңес полкінің бетін қайтарып тұрған қарсыластар әскеріне ерекше қайсарлықпен қарсыласып бағады. Қызыл Армияның әскери құрамасына тап болдық деп ойлаған басқыншылардың Дүйсенғалиды қоршап алып жойып жібермек болған әрекетінен түк те шықпайды. Керісінше жауынгерлік тактикасы мықты пулеметші әр шабуылды шеберлікпен тоқтатып, жақын келген жаудың 12 солдатының көзін гранатамен жойған. Жан алып, жан беріскен осы шайқаста ол қарсы жақтың 50-ден астам жауынгері мен 2 пулеметін жойып жібереді.

Ақпанның 5-інде қол қойып, осы ерліктері үшін отыз жастағы Дүйсенғали Әжіғалиевке «Кеңес Одағының Батыры» атағын беру туралы майор Роговтың ұсынысы 9 ақпан күні жоғарыда аталған комдив Русаковқа, одан әрі 18 ақпанда 34-гвардиялық атқыштар корпусының командирі, гвардия генерал-майоры Баклановқа жеткенде «Ленин орденіне лайық» деп бағаланса, 28 ақпанда 5-гвардиялық армия әскерлерінің қолбасшысы, гвардия генерал-полковнигі Жадов пен армия Әскери кеңесінің мүшесі, гвардия генерал-майоры Кривулин «бұл да ерлік, бірақ «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапаттауға!» деп бұрыштама соққан. Ондай лауазым иелерімен пікір таластыру ол заманда басыңды өлімге тіккенмен бірдей болатын. Бірақ оқырман мұны жалған даңғойлық деп қабылдамағаны жөн, әскери басшылардың қолдары қойылып, мөрі басылған барлық құжат сақтаулы.

Осылайша, атыраулық қаһарман пулеметші Дүйсенғали Әжіғалиев «Жауынгерлік Қызыл Ту» (24.03.1945), І дәрежелі «Отан соғысы» (1.08.1986), ІІІ дәрежелі «Даңқ» (24.01.1945) ордендерімен, екі мәрте «Өжеттігі үшін» (17.05.1944, 25.01.1945), «Берлинді алғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін» (16.11.1945), «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» (24.08.1945) медальдарымен марапатталған.

Алайда, ерлік ұмытылмайды, жүректі жігіттің ерліктерін бүгінде тек архивтегі сарғайған парақтар ғана дәлелдей алады. Ал, 1945 жылғы 5 ақпанда ұсынылған «Кеңес Одағының Батыры» атағы әлі күнге дейін иесін күтіп тұрғандай көрінеді. Амал не, тағдыр оған жеткізбеді, атағы жоқ батыр Дүйсенғали Әжіғалиевке 1999 жылы сексен төрт жасқа қараған шағында туған жері – Атырау қаласынан топырақ бұйырды.

Жеңіс жылының аяғында соғыстан оралған соң мұнай саласындағы еңбек жолын қайта жалғастырған батыр бейбіт кезде де батылдығынан тайған жоқ. «Қара алтын» өнеркәсібінде 35 жылдай жұмыс істегенде өндірісте 569 жаңалық ашып, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнертапқыш-рационализаторы» атағына ие болды. Түсінген жанға ол да оңай ерлік емес-ау, сірә.

Жұмабай ДОСПАНОВ,

әскери тарихшы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button