Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Елеусіз қалған бір сардар

1930 жылы Қазақстанда тұңғыш құрылған бес қой өсіретін шаруашылықтың бірі – №14 Бақсай кеңшары Нарынқұмның етегіндегі Таңдай ауылында шаңырақ көтерген. 1932 жылы қойдың саны 80 мыңнан асып кеткендіктен, ол №5 «Бақсай» және №8 «Гурьев» қой кеңшарларына бөлінеді. 1933 жылдың ақпанынан Одақта кеңшарлар мен МТС-терде саяси бөлімдер құрылып, олардың жандарында көп тиражды газеттер шығару басталғанын естіген Басар Иманәлиев жасы әлі он алтыға толып үлгермесе де, жеті сыныптық біліммен соған әріп теруші, әрі газет басушы болып жұмысқа кіреді. Сол «Социалистік қой шаруашылығы» газетіне мақала, өлең жазып танылған Басарды 1936 жылы әдеби қызметкерге көтереді. 1938-1939 жылдары шаруашылық директорының жауапты хатшысы қызметін атқарады.

Онымен Таңдайда қызметтес болғандар көп еді. Көпшілігі майдангер офицерлер, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде кеңшар, бірнеше ауданды басқарып, облыстық, аудандық дәрежеде басшылық лауазымдар атқарды. тіпті, республикалық Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Социалистік Еңбек Ері атанғандар да бар.

Тәлімгер

Жасынан газетке бауыр басқан Басардың офицер болу үш ұйықтаса ойына келмеген еді. 1939 жылғы қыркүйекте Бақсай аудандық әскери комиссариатынан Қызыл Армия сапына алынған ол Забайкалье әскери округі құрамындағы 152-атқыштар дивизиясының 544-атқыштар полкінде (Чита облысының Оловянная станциясында) қаруластарымен бірге бастапқы әскери дайындықтан өтеді. Үш айда тек «жақсы» бағамен көрінген Б.Иманәлиевті таңдаулы жауынгер ретінде Түмен (Тюмень) қаласына кадрлық офицерлер оқуына жіберген.

Сібір әскери округіне бағынышты 3 әскери оқу орнының бірі – Түмен жаяу әскер училищесін тәмамдап, 1940 жылдың 23 ақпанында салтанатты түрде ант қабылдағанмен, Басар Иманәлиевті 15-атқыштар дивизиясына қарасты 47-атқыштар полкінің құрамындағы пулемет ротасының командирі ретінде әуелі Саратов облысының Балашов қаласында алты ай оқу-жаттығу дайындығына қалдырады. Сосын Тәжік КСР-ның Ленинабад қаласындағы Орта Азия әскери округіне қарасты 99-тәжік дербес атқыштар бригадасына атқыштар ротасының командирлігіне ауыстырған. Бірақ 1941 жылдың желтоқсанынан жасақтала басталған бригада 1942 жылдың наурызында запас әскери бөлімдерге айналдырылады. Осылайша Ташкенттегі резервте ай жарым бұйрық күтіп қалған Басар Иманәліұлы енді Семей облысының Аягөз қаласындағы шекарашылар мен НКВД қызметкерлерінен құрылып жатқан Орта Азия әскери округінің 1-қазақ запас полкіне атқыштар ротасының командирі болып жіберілген. Маусымда «209-Зайсан запас атқыштар полкі» деп қайта аталған әскери құрамадағы мыңдаған жауынгерді ұрыс өнерінің қыр-сырына үйретуге тынбастан тер төгіп жүрген кіші офицер Б.Иманәлиевті әскери басшылық 1944 жылға дейін Аягөзде қалдырады.

Отау көтеру

Тағдырдың жазуы шығар, ол өмірлік жары – Арғынның қызы Үрия Әбдіғалымқызы Құрманқұлованы да осы жерде жолықтырған. Ол кезде Қарағанды облысының Қарқаралы жерінде дүниеге келген он тоғыз жастағы ару Аягөз маңындағы теміржол станциясына әкесінің жұмысына байланысты келіп, мектепті аяқтамастан Семейдегі үш айлық есепшілер курсында оқып жүр еді.

– Жексенбі күні курстағы қыздармен киноға барғанмын. Қазақтың сымбатты екі офицері бізбен бірге билет алғанда сөйлесіп қалдық, кинода да қатар отырдық. Шынымды айтайын, мен Басарды бірден ұнаттым, ол да сондай сыңай танытты. Олар Ташкенттен Аягөзге әскерге жаңа алынғандарды соғысқа даярлау үшін жіберілген екен. Мен жарты жыл оқыған №8 мектепті солардың полкіне босатып беріпті. Семейдегі курсты бітірген бойда Аягөзге құстай ұштым, өйткені 7 қараша күні Басар жиырма беске толатын еді, туған күніне үлгеріп бардым… 1943 жылдың қаңтарында төрт құрбым және он шақты офицердің басын қосып шағын той жасадық. 1944 жылдың 7 қарашасында тұңғышымыз Мейрам дүниеге келді. Ол туғанда әкесі Ташкенттегі «Выстрел» жоғары курсында оқуда болатын. 1945 жылғы қаңтардың басында қолыма тиген хатын екі апта бұрын Ташкенттен майданға аттанған сәтінде жіберген екен. Маған Мейрамды алып, Жаманқаладағы әке-шешесінің үйіне бара тұруымды, батальон командиріне тағайындалған жағдайда соғыс бітісімен өзіне алдыру мүмкіндігі барын жазыпты, — деп, 2015 жылы кездескенде тоқсан жастағы Үрия шешеміз әңгімесін айтып еді.

Ауа райы сәл жылынғасын төрт айлық Мейрамды құшақтап, өмірде көрмеген Гурьевке дейін жас келіншек бірнеше пойызды ауыстырып мініп, 14 тәулікте әрең жетіпті. Жолшыбай азығы таусылған Үрия станцияларда есектің, иттің, мысықтың, қарғаның етінен палау пісіріп, сатып жүргендерін де көреді. Абырой болғанда, офицердің әйелі екенін білген вагондағы офицерлер өз тағамдарын беріп жан сақтайды. Қандыағаштан өткен соң белгілі мұнайшы-геологтар әулеті – Шақабаевтардың біріне тап болып, жағдайы тәуірленіпті.

Жаманқаладағы ата-енесі де жақсы адамдар екен, сол жылдың күзінде Басар Мейрам екеуін Польшаға алдырғанша қамқорлап, үстінен құс ұшырмайды. Польшада Басар батальон командирлігіне қоса, Ситница деген шағын қаланың коменданты қызметін де атқарады.

Майданда

1944 жылғы маусымда Б.Иманәлиевті Орта Азия әскери округінің штабы жанындағы «Выстрел» филиалының алты айлық курсына жіберген. Мұнда батальон командирлері мен орынбасарларын, штаб бастықтарын дайындайтын еді. Оны 20 желтоқсанда бітірген Басар үш жарым жыл бойы сұранған майданға аттанады. Курсты үздік бітіруіне байланысты «батальон командиріне лайық» деген жолдамамен бірге аға лейтенант шенін де алады.

Б.Иманәлиев (сол жақтан екінші) әріптестерімен бірге

Бұл кезде Қызыл Армия Еуропа жерін фашизм құрсауынан азат етіп жатыр еді. Аға лейтенант Б.Иманәлиев 1944-1945 жылдары І, ІІ, ІІІ-Беларусь майдандарына қарасты 3-армияның 35-атқыштар корпусының құрамында Польша жерінде соғыс қимылдарын жүргізіп жатқан 250-атқыштар дивизиясының штабына бөлінеді. Дивизия командирі, полковник Махмуд Абилов пен штаб бастығы, полковник Николай Смирнов Басармен бір сағаттай сөйлескен соң 918-атқыштар полкіндегі атқыштар батальонының командирлігіне және дивизияның барлау қызметі бастығының орынбасары лауазымын қосып атқаруға тағайындайды.

Аға лейтенант Басар Иманәлиевтің майданға кешігіп баруы оның намысын одан әрі қайрай түспесе, бетін қайтара алған жоқ. Ол басқаратын атқыштар батальоны Шығыс Пруссия шебіндегі неміс әскерлерін жою кезінде дивизия штабының резервіне қалдырылады. Бірақ дивизия командирінің бұйрығына сәйкес комбат Б.Иманәлиев алдағы бақылау шебіне жауапты болып тағайындалған. Бұл міндетті қалтқысыз орындаған жаяу әскерлердің алдыңғы шебінен табылып, қарсыластардан үнемі айласын асырып отыратындай әскери тактикалық шешім қабылдай біледі.

1945 жылғы 16 наурызда фашистер қарсы шабуылға шығып, өз жағының қорғанысын бұздырмау үшін барлық күш-жігерін салып бағады. Сол кезде комбат Иманәлиев алдыңғы шептегі ахуалды және жаудың күшін бағамдай отырып, қаруластарын жауынгерлік тапсырманы орындауға жұмылдырып, жігерлендіреді. Осылайша, Шығыс Пруссия бағытындағы неміс фашистерінің күші әлсіреп, Қызыл Армия қарсыластарға ойсырата соққы беріп, ақыры жеңіске жетеді.

Осы шайқаста көрсеткен ерлігі мен өжеттігі үшін 250-атқыштар дивизиясы барлау қызметінің бастығы, майор Житник аға лейтенант Басар Иманәлиевті «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттау туралы 30 наурыз күні марапат бетшесін толтырады. Бұл ұсынысты дивизия командирі, полковник Абилов пен штаб бастығы, полковник Смирнов, 35-атқыштар корпусының командирі, генерал-майор Никитин де қолдаған. Нәтижесінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы атынан 3-армияның Әскери кеңесі 14 сәуірде аға лейтенант Б.Иманәлиевті «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттайды.

Арада көп өтпей, 7 мамыр күні Эльба өзені жағасында АҚШ армиясы жауынгерлерімен қосылғандардың алғашқысы да Басар мен оның қаруластары болатын. Осы тарихи оқиғаның анық айғағы болатын американдық офицерлермен түскен фотосурет Ақтөбеде тұратын ұлы Мұхтардың үйінде сақтаулы.

1945 жылдың 19 мамырында офицерлерді қайта аттестациядан өткізгенде, 918-атқыштар полкының командирі, гвардия майоры, ұлты грузин Ваграт Мурзаевич Кобалия 1-атқыштар батальонының командирі, аға лейтенант Басар Иманәлиевтің лауазымына сай екеніне мінездеме беріп, оны капитан шенін алуға ұсынады.

Белоруссия еліндегі қызмет

1946 жылдың қаңтарында Беларусь әскери округі құрамындағы 250-дивизияның 922-атқыштар полкіне атқыштар ротасының командирі-қала әскери комендантының көмекшісі болып тағайындалған Басардың құрамасы Минск облысындағы Борисов ауданының орталығы – Борисов қаласында орналасқан еді. Сол кезде 50 мыңнан астам халық тұратын бұл қала Минскіден небәрі 60 шақырым жерде болатын. 1941 жылдың шілдесінен бастап үш жыл бойы неміс басқыншыларының қарамағында болған Борисов қаласында тәртіп орнатумен шұғылданған әскери құрама жасырын ұйымдар, қарулы бандылар мен ұйымдасқан ұрыларды анықтап, ұстаумен де айналысқан.

Бірде оны сол комендатурамен байланыста жұмыс жасайтын жергілікті атқарушы орган басшысының орынбасары үйіне қонаққа шақырады. Үрияның бірге бармақ болғанына бастапқыда қарсы болғанмен, Басар келіншегінің көңілін қалдырмайды. Сымбатты үй иесі мен әйелі жылы шыраймен қарсы алып, төр бөлмедегі үстелге дастархан мәзірін жасайды. Қонаққа келген екеуінен басқа ешкім жоқ. Аздан кейін үй иелері сыртқа шығып кетіп кідірген соң, Үрия бұрышта тұрған сандықтың үстіне барып отырады. Құлақ түрсе, сандықтың астынан еміс-еміс дыбыс естіліп, біреулер күбірлеп сөйлескендей болады. Келіншек отырған күйі күйеуіне мән-жайды қазақша айтады. Ол дереу тапаншасын қолына алып, басқа бөлмелерді, сосын шатыр астын қарап шығады да:

– Тездетіп шығып кетейік! — дейді. Сескенгенмен үрейге бой алдырмаған Үрия:

– Бұлар бізді жібере салмас, ту сыртымыздан жазым етеді. Сен тезірек әскеріңді шақыр, мен мына сандықта отыра тұрайын, — дейді күйеуіне.

Басар жымсыз басып шығып кеткен соң, үй иелеріне сыр бермес үшін өзімен-өзі сөйлескен Үрия тіпті ән салған күйі сандықтың үстінде отыра береді. Қорыққаннан қол-аяғы қалтыраса да, міз бақпайды. Бір кезде сандықтың астындағы дыбыс күшейе түседі. Уақыт тоқтап қалғандай, Басар да, әскерилер де жоқ. Одан әрі отыра беруге шыдамы жетпей, аулаға шықса кірген есік жабық. Қожайындар көрінбейді. Жаны қысылып, терлеп қоя берген келіншек ауланың бұрышында үюлі тұрған ағаш, бөшкелердің үстіне шығып, биіктігі үш метрлік дуалдың сыртына секіреді. Дуалдың үстіне көтеріле берген жиырма бір жастағы Үрия өзі қашып шыққан үйдің терезесінен мұрты салбыраған екі жігіттің қарап тұрғанын көзі шалып, жүрегі тас төбесіне шығады. «Қорыққанға қос көрінеді» демекші, әлгілер қуып келе жатқандай артына қайта-қайта қарайлаған күйі жан-дәрмен үйіне жеткенмен, жүрегі аузына тығылады. Басар біршама уақыт өткеннен кейін ғана аман-есен келіпті.

Оның айтуынша, ол да дуалдан секіріп, казармаға жетеді де, бір взвод әскермен қайта келсе Үрияны таба алмайды. Дереу екі жағындағы үймен қоса үш үйді қоршап алып, үй ішіндегі сандықты ығыстырады. Сөйтсе, сандықтың түбі жоқ та, асты иықты адам сыятындай көлемде ойылған екен. Кілттіктің тұсында тесігі бар. Әлгі тесіктен ұраға екі-үш рет оқ атып, берілуін талап етсе де, еш жауап болмайды. Амалсыздан оларды граната лақтырып, жарақаттаған соң ұрадан шығуға мәжбүр болыпты. Сол сәтте ауладағы құдықтан да екі бандит қолын көтеріп шыққан. Сөйтсе, «құдық» пен бөлме астындағы ұраның арасында қазылған жолы бар көрінеді. Ұрада жарылған гранатадан антикеңестік топтың тағы екі мүшесі өлген екен. Үй иелері мұның бәрін сырттай бақылап, әскерилер келген соң қаладан қашып кетіп, ақыры таптырмапты.

– Осылай, шырағым, Басар екеуміз ажал аузынан аман шықтық. Содан кейін Басекеңе аман тұрғанда елге қайту жөнінде қыңқылдай бердім. Өйткені, өзі аман болғанмен қарамағындағылардың бірі қаруынан айырылса, жазым болса немесе жоғалып кетсе, командир ретінде бұл жауап береді. Офицерлердің де тәртіптері нашарлаған еді, соғыстан шыққан, жүйкелері тозған ғой, бірінің сөзін бірі көтере алмай төбелеседі, тіпті атысуға дейін баратын, — деді Үрия шешеміз сұрапыл күндерді еске алып.

Туған жерде…

1946 жылы маусымның басында әскери қызметтен запасқа шыққан капитан Басар Иманәлиев елге оралған соң Осоавиахим (Общество содействия обороне, авиационному и химическому строительству) Гурьев облыстық кеңесінің төрағасы болып сайланады. 1948 жылы құрылым үшке бөлінгенде, оған ДОСААФ облыстық комитетін басқару жүктелген. Одан 1949 жылғы тамызда «Главкондитер» бас басқармасы Гурьев облыстық базасының басқарушылығына ауысады. Сосын жергілікті партия комитетінің сынына ұшырап, өндіріс ошақтарына жұмысқа кетуге мәжбүр болады. Тіпті, КОКП Орталық Комитетінің жанындағы Москва жоғары партия мектебін бес жыл бойы сырттай оқып бітірсе де, облыс басшылары іздей қоймаған.

– Ол жанұясына да, жұмыстастарына да қатаң тәртіп орнатқан, талапшыл да өте әділ адам еді. Ешкімге жалынған, не сөз салған емес. Қуғындаудың түрлі тәсілдеріне шыдап бақты, жоғарыға шағымданған жоқ. Бірақ соның бәрі оған ауыр болған сияқты. Төсек тартып ауырмастан, тіке жүрген күйінде 1975 жылдың 25 ақпанында елу сегіз жасқа қараған шағында жүрек талмасынан бақилық болды. Ол атақты әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевпен аталас туыс еді, Алматыға барғанда сол кісінің үйіне түспесек реніш еститінбіз. 1967 жылдың 7 қарашасында Басар Атырау қаласында өзінің 50 жасын жасағанда, ағасы арнайы келді. Сол күні ауа райы да жылы болды, бірінші қабаттағы пәтердің терезесін ашып қойдық. Өйткені Ғарекең таңға дейін 30-40 шақты әнді әуелете шырқағанда, сирек кездесетін дауысы шақырым жерге жеткен шығар. Тіпті, тереземіздің алдына халық жиналып, түнімен тік тұрып тыңдап, дүркірете қол соғумен болды. Арасында олардың да сұраулары орындалып жатты, — деген еді Үрия апай.

Қорытынды

Біздің буынның есінен шықпауы тиіс принцип – еленбей қалған тұлғаларды қайта тірілтіп, халыққа, кейінгі ұрпаққа таныстыру. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жарияланып отырған қан майданда батальон басқарған орденді офицер Басар Иманәлиев туралы осы мақала – сол үдеден шығуға талпыныс.

Ал, Оралов Иманәлі қария мен оның зайыбы Қатшаның Басардан өзге перзенттері Муса да майдангер, әскери шені – кіші лейтенант, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Өжеттігі үшін» медалімен марапатталған. Кенжесі Иса – республиканың мұнай-газ өнеркәсібін өркендетуге еңбек сіңірген жан.

Комбат Басар Иманәлиев өмірлік жары Үрия Әбдіғалымқызы екеуі Мейрамнан кейін Орынай, Тұрлан, Бағытжан, Асқар және Мұхтар есімді тағы бес перзент сүйді. Олардан тараған ұрпақ бүгінде бір қауым ел болған. Тек батальон басқарған Басардың есімі ғана елеусіз қалды.

Жұмабай ДОСПАНОВ,

жазушы-зерттеуші

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button