
Екінші дүниежүзілік соғыс: ортақ ерлік, ортақ тарих
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Ратушаға алғаш Жеңіс туын тіккен соғыс батыры Кенжебай Мәденовтың 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы «Ұлы Отан соғысы: ерлік пен қаһармандық жолы» тақырыбында өрбіді. Іс-шараға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы Мұрат Өтешов қатысып, конференцияның маңызына тоқталды.

– Адамзат тарихына өшпес қара таңба салған 1941-1945 жылдарғы Екінші дүниежүзілік соғыс дүмпуі басылып, Ұлы Жеңістің салтанат құрғанына биыл – 80 жыл. Бүгінгі жиында қазіргі тарихнамамыздағы Екінші дүниежүзілік соғыстың гуманитарлық мәселелерін, отандық және шетелдік архивтердегі аталған тақырыптағы мұрағаттық деректерді, халықтардың күштеп жер аударылуын және соғыс жылдарындағы саяси репрессиялар, зерттеулер туралы кеңінен білу, қан майданда ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қазақстандықтар туралы зерттеулерді, ақтаңдақтарды аршу мақсатында шетелдік әріптестеріміздің басын қосып, талқылағалы отырмыз. Сонымен қатар, екінші дүниежүзілік соғысы барысында «Берлин» операциясына қатысып, Рейхстагтан кейінгі ордасы Ратушаға бірінші болып өз взводын бастап кіріп, оны жаудан тазартып, ту тіккен, ерен ерлік жасаған батыр Кенжебай Мәденовтің атын ұлығылау мақсатымыз, — деді шара шымылдығын түрген «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Саламат Идрисов.

Алғаш боп сөз алған Х.Б. Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарих, археология және этнология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет, тарих ғылымдарының кандидаты, бейбітшілік мәдениеті институтының профессоры (ЮНЕСКО), «Еуропа-Азия» ММА жанындағы өлкетану институтының директоры Альберт Бурхановтар (Татарстан, Ресей) баяндамаларын соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың үлесі мәселелеріне арнады.
– Тәуелсіздікке бастар жолдағы игі істерде ұлтымыздың біртуар ұлдары мен қыздары сөзімен де ісімен де ақтады.
Сонау сұрапыл 1943-тің қақаған қаңтарында 18 жасқа толмастан Мәден қарттың қара шаңыраққа ие болатын ең кенже ұлы Кенжебай өз еркімен Қызыл Армия қатарына аттанды.Кіші командирлер даярлайтын Краснохомск жаяу әскер училищесін ойдағыдай аяқтаған соң, сол жылдың қараша айында ІІІ-ші Украин майданының 57-гвардиялық атқыштар дивизиясының 170-ші гвардиялық атқыштар полкінің құрамында станокты-пулеметшілер бөлімшесінің командирі болып жау қолында қансырап жатқан Украина жерінде қанды шайқасқа түсті. Майдан жолы одан әрі былайша өрбеді. Кіші командир К.Мәденов 5-ші Екпінді армияның офицерлік жаяу әскер курсын тәмамдаған соң кіші лейтенант офицерлік шенін алып, 1944 жылдың қараша айынан бастап І-ші Белорус майданының 5-Екпінді армиясының 266-атқыштар дивизиясы, Суворов орденді 1008-атқыштар полкі, 2-ші батальон ротасының 5-атқыштар взводына командир болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың ең сұрапыл шайқастары Днепрден өту, Яссы-Кишинев операциясына, Варшаваны азат ету,Висла-Одер операциясына, Берлинді алу шабуылына қатынасты.

Жауынгерлік ар-намыс, жауынгер жолдастарының қаны төгілген дивизияда қасарысқан жаумен жан аямай шайқаста шынығуды қатал уақыт талап етті. Жас лейтенант Кенжебай Мәденов сол талап биігінен көріне білді. Ол солдатша соғыса білуге де және командир ретінде әрбір солдаттың жүрегіндегі сөзді айтуға да тиісті болатын. Ол сөз – Ерлік болатын. Бұл әр жауынгердің жүрегіндегі сөз жауды өз ордасында талқандап, Жеңіс туын желбірету болатын. Бұл талай адамның тағдырын өзгертіп, жұлдызын жандыратын сөз болатын. Сол ерен ерлігі арқылы ол ұлтын да, өзін де мәңгілік даңқтың табалдырығынан аттаты.
1945 жылдың 16 сәуіріндегі «Берлин шабуылы» операциясы екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ең ірі, әрі сұрапыл шайқас болғаны тарихтан белгілі. Берлин операциясы кезінде 29 сәуір күнілейтенант К.Мәденовтің взводы бірінші болып фашисттердің аты шулы Рейхстагтан кейінгі негізі ұясы Ратуша үйіне кіріп жеңіс туын тікті. Бұл айтуға да жазуға да оңай… – дей келе ғалым Ратушаны қорғап тұрғандар атышулы СС-тің таңдаулы бөлімдері болатын. Олар өліспей берісетіндер қатарынан емес. Ратушаның ішіндегі шайқаста әр қабатты қолма-қол ұрыстармен алуға тура келді. Ратушаның төбесіндегі тұғырға жойқын ұрыстардан соң взвод командирі К.Мәденов пен комсорг К.Громов жеңіс туын қадады.Соғыстың соңғы күндерінде бар болғаны 20 жасар лейтенант Кенжебай Мәденов фашизм ордасында жеңіс туын тігіп, ұлт рухын асқақтатқан қас батыр болды, — деп аяқтады сөзін.
Ал, ресейлік тарихшы-ғалым Альберт Бурхановтар сол кездегі КСРО-ның әр отбасына Ұлы Отан соғысы әсер еткенін, біреуі соғысып, үйіне оралса, біреуі сұм соғыстан орылмағанын, енді бірінің тылда КСРО халықтарының жалпы жеңісіне көмектескенін айтады.

– Ғылыми-тарихи және көркем әдебиетте «жалиловтар» немесе «Құрмаш пен Жалил тобы» деп аталатын неміс фашизмі өлтірген 11 татар батырлар бар. Олардың ерліктерін мемлекет әлі толық бағалаған жоқ. Бұл бағытта әлі де үлкен жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Гайнан Нұриұлы Құрмашев (Гайнан Құрмаш) (1919-1944)– Торғай – қазіргі Ақтөбе облысының Қобда ауданының тумасы, «Идел-Орал»вермахт татар легионының жерасты антифашистік ұйымының басшысы. Фуат Ходжарахманұлы Сайфульмулуков (1916-1944),Ташкентте дүниеге келген және ерте жастан бастап нақты ғылымдарға қызығушылық танытқан. Қазақ КСР Қазалы орта мектебін бітірген. Атнашев Ахат Махмұтұлы (1917-1944), Петропавл қаласының тумасы.Оның ата-анасы, Пермь губерниясының тумасы Махмут пен Үммикамал Атнашевтер 1917 жылғы революцияға дейін Қазақстанға қоныс аударған екен.
Атырау облысының тумасы, 1944 жылы 7 шілдеде Беларусь астанасы азат етілгеннен кейін Минск маңында ерлікпен қаза тапқан капитан Адгам Кәрімовты да атап өткім келеді.Кәрімов Адгам Муфтиевич (Мифтахович) 1917 жылы Гурьев уезінің Жилая Коса ауылына (қазіргі Атырау облысы) Казаннан отбасымен бірге көшіп келген көпес отбасында дүниеге келген.
22 жасында, 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, 284-атқыштар полкінің полк мектебінің курсанты, содан кейін Казандағы 316-атқыштар полкінің бөлім командирі болды.
Ол Ұлы Отан соғысын Батыс майданының 49-армиясының 42-ші атқыштар дивизиясының құрамында бастады. Мәскеу, Ржевск-Вяземск, спас-демен, Смоленск-Рославль операцияларының қорғаныс мүшесі, содан кейін Багратион операциясында. Юхнов, Спас-Деменск, Смоленск, Витебск, Шклов, Могилев, Березино және Минск қалаларын азат етуге қатысушы.
Бабовозовщина ауылындағы шайқас кезінде капитан А. Кәрімов 10 немісті жойып, олардың бөлімшелерін бос емес позициядан шығарып, жарақаттанып, қаза табады. Беларусь Республикасының Минск ауданы Волковичи ауылының азаматтық зиратында офицер-командирдің құрметімен жерленген.
56 жыл бойы оны жерлеу белгісіз капитанның қабірі болып саналды, бес бұрышты жұлдызды обелиск орнатылды, зираттың жанында пионерлер мен комсомолға қабылдау үшін патриоттық шаралар өткізілді. «Сіздің атыңыз белгісіз ,ерен ерліктің үлгісін көрсеткен капитан» – бұл сөздер қызыл обелискке жазылған. Тек 2000 жылы ғана Қазақстаннан келген татар халқының ұлы Адгам Кәрімовтың есімі анықталды, — дей келе ғалым Ратушаға алғаш Жеңіс туын тіккен соғыс батыры Кенжебай Мәденовтың ерлігі туралы кеңінен айтып берді.
Педагогика ғылымдарының докторы, психология және педагогика кафедрасының профессоры Шолпан Жанзақованың айтуынша, К.Мәденовтің ерлік, туған Отанға қызмет жолын екі кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең – Ұлы Отан соғысы майданындағы кезеңі, екінші кезең – соғыстан кейінгі қоғамдық қызметі. К.Мәденов ерліктің үздік үлгісін өзі барып қатысқан майдан даласында көрсетсе, соғыстан оралған соң қоғам қызметіне белсене араласқан кезінде отаншылдық сезімінің биіктігін қызметінде де көрсете білді. Соғыстан кейін Атырау облыстық кауiпсiздiк комитетiнде ширек ғасырдай еңбек етті. Ұзақ жыл бойғы дене жарақаты 50 жасқа да жетпей дүниеден озуына себепкер болыпты. Ал, екінші кезеңде жазылған әріптес, замандастарының естеліктері Кенжебай Мәденовтің тұлғалық болмысын тереңірек тануға ықпал етеді. Замандастарының батыр туралы көп естелігі – бұл пайымдауға дәлел бола алады.

– Патриоттық тәрбие – қазіргі таңдағы егемен еліміздің даму стратегиясында белгіленген басты бағыттардың бірі. Осы орайда, өткен тарихты, бабалар мұраты – тәуелсіздік жолында күрескен ерлердің ерлігін, рухани шығармашылық еңбегін бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау күн тәртібінде тұрған мәселе.
Бұл ретте мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқан істің бір парасы – «Рухани жаңғыру», «Тарих толқынында», «Мәнгілік ел», «Жаңа Қазақстан:жаңару мен жанғыру жолы» атты жобалар аясында жасалған игі бастамалар. Әрине, әлі де болса жасар істер жетерлік. Соның бірі– ескерілмей қалған тарихи ақтаңдақтарды жарыққа шығару, тарих парақтарын ақтарып, К.Мәденов сында ерлердің ұлттың тұтас, бейбіт болуы үшін күрескен ерліктерін елеп, «Батыр» атағын беру. Мәселе ұрпаққа ақпаратты беру ғана емес, қалай беру жағын да ескергеніміз абзал! Себебі – бабамызды «батыр» деп көрсетіп, оған дәлел ретінде еңбектерін ұсына алсақ, балаларымыз да бабасын батыр деп танитын болады, деген Шолпан Исағалиқызы келешекке зор үміт арта отырып, К.Мәденовке «Халық Қаһарманы» атағын беру сынды игі қадамды ертеңге аманат ететінін жеткізді.
Конференция барысында біраз тың тақырыптар талқыланып, талданды. Баяндамаларында тарихи тың деректерімен бөліскен философия ғылымдарының докторы, Чирчик мемлекеттік педагогикалық университетінің «Ұлттық идея, руханият негіздері және құқықтық білім беру» кафедрасының профессоры Насредин Назаров, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей мемлекеттік білім академиясының Қалмақ мемлекеттік университеті Б.Городовиков атындағы Ғылыми орталығының директоры Аркадий Панькин, В.Н.Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университеті ФГБОУ доценті Алексей Тюриндер өз ойларын ортаға салып, қазақстандық тарихшылармен өзара ғылыми тәжірибе алмасты.
Жиын соңында “Ратушаға ту тіккен қазақ батыры” кітабының тұсауы кесілді.
Осыдан 80 жыл бұрынғы соғыс оқиғалары туралы жаңа деректердің шығып, оған қатысқан мемлекеттер сол кезеңдегі мәліметтерді жариялап жатыр. Тарихтың ақтаңдақтары аршылып келеді десек те, бұл соғыстың адамзатқа орасан зор шығын әкелгені, оған қатысушылардың төгілген қаны, ерлігі, маңдай тері ешқашан ұмытылмақ емес.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ