Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Бір уыс топырақ  

Осыған дейін маңғыстаулық Жәнібек Науаров Жылыой аудандық «Кең Жылой» газетінде Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен жылыойлық бір топ боздақтар туралы тың деректер жариялап келген еді. Ондағы мәліметтер негізінде өз әкелері мен аталарын тауып, редакцияға сүйінші сұрап келген жерлестеріміз аз болмады.   

Енді, міне, арада жеті жыл өткенде Жәкеңнің жазбаларына қайта оралып отырған жайымыз бар. Жақында редакциямызға боранқұлдық Дүйсенбай Зұлқашұлы хабарласты.  Ол «Кең Жылой» газетінің 2018 жылғы 22 ақпандағы №8 санында жарық көрген Жәнібек Науаровтың «Концлагерьде болған жылыойлықтар» атты деректі мақаласынан өзінің атасы Ығыбай Құнанбаевтың хабарын білгенін қуана хабарлады. Осыған дейін хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде жүрген 27 жастағы жауынгер фашистердің тұтқынында болып, азап лагерінде Отан алдында берген антына адал күйінде қаза тапқан екен.

Жат жердің топырағын жамылған батыр аталарының басына барып, рухына тағзым етуді көздеген Зұлқашевтар әулетінің азаматтарына 2018 жылы Балтық еліне сапарға аттанудың сәті түспесе керек. Белгілі бір себептерге байланысты атасының жерленген жеріне жете алмаса да, бұл миссияны арада жеті жыл өткеннен кейін орындауға бел буған. Сөйтіп биылғы наурыз айында Дүйсенбай Зұлқашұлы Құлсары қаласында тұратын інісімен бірге арнайылап Литва мемлекетіне аттанады. Ондағы Қазақстан елшілігі арқылы барып, атасының басына туған жердің бір уыс топырағын салып, рухына дұға бағыштап,  зиярат етіп қайтқан.   

Дүйсенбай Зұлқашұлының айтуынша, атасы Ығыбай Құнанбаев 1939 жылдың 5 ақпанында сол кездегі Жылыой аудандық әскери комиссариатынан  қызыл армия қатарына шақырылған. Мәскеулік №56 қызыл ту орденді атқыштар дивизиясының  37-атқыштар полкінде әскери борышын өтеп жүрген ол 1939-1940 жылдары 8-Армияның құрамында фин соғысына қатысады. Одан аман-есен өткен жылыойлық жауынгер енді елге ораламын деп жүргенде неміс-фашист басқыншылары елімізге тұтқиылдан лап қойып, қатардағы сарбаз Құнанбаев қайтадан қолына қару алып, қан майданға аттанады. Сөйтіп аш қасқырдай анталаған күші басым дұшпанды Литва жерінде қарсы алып, қандыкөйлек жолдастарымен бірге алғашқы ауыр шайқастарды бастан кешіреді. Сондай бір қиян-кескі ұрыстардың бірінде немістердің қоршауында қалып, тұтқынға түседі. Бұл  – 1941 жылдың 1 шілдесі еді. 

Атамыз тұтқында Хайдекруг (Шилуте) қалашығындағы шталаг 1С 331 концлагерінде болады. Онда 1942 жылдың 4 шілдесінде, яғни қолға түскесін арада бір жыл өткеннен кейін адам төзгісіз ауыр азапты көріп қайтыс болады. Сол лагерьдің қасындағы Мацикай деген деревнядағы соғыс тұтқындарының қорымына жерленген екен, — дейді Дүйсенбай Зұлқашұлы.

Д.Зұлқашұлы Литва еліне Құлсары қаласында тұратын інісі Талғат Құнанбаев екеуі барған.  Онда туған Жылойының бір уыс топырағын алып барып, аталарының сүйегі жатқан қабіріне салып, аруағына дұға бағыштаған. Сол жерге жерленген барша боздақтар рухына да тағзым етіп, қолдан келген жөн-жоралғысын жасайды.

– Біздің Литва еліне жасаған сапарымызды ұйымдастыруға көмектескені үшін Қазақстанның сол мемлекеттегі елшілігіне, еліміздің Клайпедадағы құрметті консулы Бенедиктас Петраукасқа және қазақ диаспорасының төрағасы Айболат Сарыбаевқа айрықша алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ аталарымыздың жатқан жерін қарайтып, ондағы мемориалдық кешенге қамқорлық танытып отырған Литва билігіне, ондағы Шилуте әкімшілігіне де зор ризашылық сезімімізді жеткізгіміз келеді. Бәрінен де бұрын жетпіс жеті жыл бойына қай топырақ бұйырғанын білмей жүрген атамыздың жерленген жері туралы бір дерек тауып берген ауылдасымыз Жәнібек Науаровқа мың алғыс айтамын, — дейді ризашылығын жасыра алмаған Дүйсенбай Зұлқашұлы. 

Біз Игебай Құнанбаев туралы деректерді нақтыламақ ниетпен бүгінде Ақтау қаласында тұратын маңғыстаулық Жәнібек Науаровқа хабарласқан едік. Ол боранқұлдық ауылдасы Дүйсенбай Зұлқашұлының айтқанын растап, жылыойлық жауынгердің лагерь тұтқынындағы құжаттарын да қоса жолдады. Аты-жөні, басқа да мәліметтері немісше толтырылған  бір парақ сары қағазда немістер түсірген жерлесіміздің фотосуреті де анық сақталған екен. Ал хабар-ошарсыз кеткен және қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің деректері жарияланған мұрағаттық «ОБД Мемориал» сайтындағы жазбадан: «Кнонбаев Игебай Кнонбаевич, дата рождения: 05.12.1915, Казахская ССР, Прорва, красноармеец/ рядовой, дата пленения: — 07.1941, дата выбытия: 04.07.1942, Погиб плену, Литва,  место захоронения: Хайдекруг» деген деректерді оқыдық.  

Иә, бірнеше ондаған миллион адамның өмірін жалмаған Екінші Дүниежүзілік соғыс кімдердің тағдырын тәлкекке салмады. Осыдан 86 жыл бұрын бейбіт күні Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін туған жер топырағынан жыраққа аттанған қатардағы жауынгер Игебай Құнанбаевтың еліне қайтып оралмасын туыстары, әрине, білген жоқ. Екі жыл өткеннен кейін хабар-ошарсыз кетіп, жат жерде қалған боздақтың дерегі 77 жылдан кейін ғана табылып, қаза тапқасын 83 жылдан соң туған жердің бір уыс топырағы бұйырды.

Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақылды сөз бар. Расында да артында қалған ұрпақтары жеткізген киелі Жылойының қасиетті бір уыс топырағының иісі – тірісінде сағыныш сазына айналып, жанына шүберек қып түйіп өткен антына адал жауынгердің рухын пейіште шат-шадыман еткені анық.  

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Жылыой ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button