Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Бейбіт күннің бағасын ұқтыратын шеру

Биылғы әскери парад ерекше ауқымда және жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны байқалды. Сапқа құрлық әскерлері, теңіз жаяу әскері, десанттық бөлімдер, шабуылдаушы құрамалар, әйелдер ротасы сияқты түрлі әскери бөлімшелер тізіліп шықты. Барлығы жиырма төрт колонна сап түзеді. Парадты салтанатты түрде әскери оркестр бастап жүрді. Парадқа құрылық әскерінің қолбасшысы генерал-майор Нұрлан Ермекбаев команда беріп, оның хабарламасын қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қабылдап, барлық 24 колоннамен жеке жеке әскери амандасты. Осыдан соң ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа әскердің дайындығы жөнінде баяндама жасады.

Президент Тоқаев өз сөзінде парадтың мән-маңызына тоқталып, шамамен жиырма минут көлемінде мазмұнды баяндама жасады. Биылғы парадтың ерекшелігі — оның екі бөліктен тұруында: алғашқысы тарихи бағытта өтті. Соғыс кезіндегі жауынгерлік формалар, пулеметтер мен автоматтар, соның ішінде аты аңызға айналған Калашников автоматы мен ауыр пулеметтер көрсетілді. Екінші бөлімде қазіргі заманғы армияның техникалық мүмкіндіктері мен күш-қуаты паш етілді.

Әсіресе аспанға көтерілген әскери ұшақтар — жойғыш ұшақтар, шабуылдаушы ұшақтар, бомбалаушылар мен тікұшақтар — ерекше әсер қалдырды. Олар төрт-төрттен, алты-алтыдан топтасып, саппен ұшты. Бір сағат он минутқа созылған бұл парад — көзбен көргенге ұмытылмас көрініс болды.

Халықтың көңіл-күйі ерекше көтеріңкі болды. Шамамен бес мың адам арнайы сахнада отырды. Қазақстанның барлық өңірлерінен делегациялар келіп қатысты. Бір шақырымнан аса ұзындықтағы сахнада Астана халқы да парадты тамашалады.

Қорытындылай келе, бұл әскери парад өте жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушылардың еңбегі зор. Елдің әскери әлеуеті мен патриоттық рухы айқын көрінді.

Шахман НАҒЫМОВ,
педагогика ғылымдарының кандидаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button