Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

«Барбаросса»: Жүзеге аспаған жоспар

1941 жыл. 22 маусым. Таң бозарып атқан шақта фашистік Германия КСРО-ға соғыс жарияламастан тұтқиылдан басып кірді. Сол сәттен бастап сұрапыл соғыстың өрті тұтанды. Бұл – тарихта Ұлы Отан соғысы деген атпен қалған қанды майданның басталуы еді.

Отыз тоғызыншы жылдың тамызында фашистік Германия мен кеңес одағы арасында жасалған шабуыл жасаспау туралы келісімді Гитлердің әскери машинасы осылайша аяқасты етті. Алайда бұл шабуыл күтпеген әрекет емес еді. Деректерге сүйенсек, 1940 жылдың орта шенінен-ақ фашистік Германия КСРО-ға басып кіру мақсатында «Барбаросса жоспарын» әзірлеуге кіріскен.

Бұл жоспар шапшаң әрі жойқын соғысты көздеді. Фашистік әскерлер құрлықта, аспанда және теңізде бір уақытта соққы беріп, бар-жоғы 3-4 айдың ішінде кеңес одағын тізе бүктіруді көздеді. «Барбаросса» жоспарының түпкі идеясы – КСРО-ны ыдырату, орнына Германияның шикізат пен азық-түлік базасына айналатын қуыршақ мемлекеттер құру еді.

Нацистік басшылық КСРО-ны «тұрақсыз этникалық құрылым», «ішкі бірліктен жұрдай жасанды мемлекет» деп санап, кеңестік республикалар аумағында Остланд, Украина, Московия, Еділ–Орал, Түркістан сынды рейх комиссарияттарын құруды жоспарлады.

Осылайша, «Үлкен Түркістан» деген атаумен жаңа отарлық аумақ құрылып, оның құрамына Қазақстан, Татарстан, Башқұртстан, Орта Азия елдері, Кавказ, Әзербайжан, Қырым, тіпті Ауғанстан мен Шыңжанға дейін енгізілмек болған. Мұндай арандатушы жоспарға қарсы тұру үшін КСРО Жоғарғы кеңесінің президиумы 1942 жылдың тамызында Каспий маңын «соғыс жағдайында» деп жариялайтын құпия Жарлық шығарды. Бұл шешімнің өзі де құпия болғандықтан, қабылданған шаралар да жабық түрде жүзеге асты.

1 қыркүйекте облыстық қорғаныс комитеті құрылды. Жергілікті халық майдан шебінде болмаса да, тылдағы жанкешті еңбегімен жауға қарсы тұруға білек сыбана кірісті. Халықтың ішкі рухы мен бірлігі фашизмнің бет қаратпас сұрапылына қарсы тұрған шын қамалға айналды.

Ресми деректерге сүйенсек, сол кезеңде 2 миллионнан астам қазақстандық әскери даярлықтан өтті. Майдан ғана емес, тыл да қайнаған еңбек алаңына айналды. Мемлекеттік қызмет ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Қатимолла Ризуанов 1942 жылдың 29 қыркүйегінде Гурьев қалалық партия комитетінің активі өткенін баяндайды. Бұл жиынға облыстағы барлық өндіріс басшылары шақырылған. Онда Мырзахмет Бекжанов «Облыстың соғыс жағдайында болуына байланысты партия ұйымдарының алдында тұрған міндеттер» атты баяндама жасап, тылдағы жұмыстарды нақтылай түскен.

– Сол жылдың қыркүйегінен бастап Гурьев қаласы толықтай қараңғыланды. Түнде көшелерде жарық жағуға, үйлердің терезесінен жарық шығаруға қатаң тыйым салынды. Қала мен аудан орталықтарында тәртіпті сақтау үшін күндіз-түні кезекшілер қойылды. Әуе шабуылынан қорғануға ерекше мән берілді. Облыстық партия комитетінің басшылығымен атқыштар батальоны, арнайы әскери бөлімдер құрылды, — дейді Қ.Ризуанов.

Бұл жұмыстардың арқасында жау ұшақтары тастаған бомбалар мен антикеңестік парақшалар халық арасында үрей туғыза алмады. Қайта халық майданға көмектесуді, еңбек етуді басты міндет санады.

Соғыстың алғашқы кезеңінде 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып, майдан шебіне жөнелтілді. Бұл – Қазақстанның жауға қарсы тұрудағы жанқиярлық үлесінің дәлелі.

Екінші дүниежүзілік соғысқа әлемнің 80 пайызы тартылып, 61 мемлекет майданға қатысты. 110 миллион адам әскери форма киіп, тарихтың ең қанқұйлы соғысының құрбанына айналды. Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам адам майданға аттанса, соның 42 мыңнан астамы – Атырау өңірінен еді.

Соғыс жылдарында елімізде еңбек армиясы құрылып, 700 мыңнан астам адам еңбек майданына шақырылды. Ал 27 әскери оқу орны жұмыс істеп, 16 мың офицер даярлады. 1941–1945 жылдары 42 мыңнан астам қазақстандық әскери білім алып, майдан шебіне жолданды.

Осылайша бір ұлттың ғана емес, бүтін бір мемлекеттің тағдыры таразыға тартылған сол бір ауыр кезеңде Қазақстан халқы – майданда да, тылда да жанкешті еңбек етіп, елдік пен ерліктің үлгісін көрсетті. Бұл шындықты ұмытпау – кейінгі ұрпақтың борышы.

Рита  ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button