
Атыраулықтар мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды
Бүгін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Атырау қаласындағы Жеңіс саябағында кең ауқымды салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған облыс және қала басшылары, ардагерлер, тыл еңбеккерлері, әскери бөлімдер мен интернационалист жауынгерлер, сондай-ақ түрлі мекеме-ұйымдардың өкілдері қатысты.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылды. Оны әскери оркестрдің сүйемелдеуімен жиналғандар құрметпен орындады.
Ерлікпен қаза тапқандарды еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланып, метроном үні естілді. Бұл сәт халық жүрегінде терең әсер қалдырды.

Іс-шара барысында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовтың атынан Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың рухына арнап “Мәңгілік алау” монументіне гүл шоқтары қойылды. Гүл дестелерін алты әскери офицер алып шықты. Бұл батырларымызға деген ерекше құрметтің белгісі болды.
Салтанатқа қатысушылар да «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, соғыс жауынгерлерлеріне тағзым етті. Ата-бабалар ерлігіне бас иіп, олардың ерлік жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету – бұл шараның басты мақсатына айналды.

Ұлы Жеңіс күні – ерлік пен елдік символы. Бұл күн – тарихтың ең ауыр кезеңінде елін қорғаған жауынгерлердің рухына тағзым ету күні. Атырауда өткен бұл шара соғыстың зұлмат жылдарын еске алып, бейбіт өмірдің қадірін түсінуге шақырды.





Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ