Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Атырауда лейтенанттар оқыған еді

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қызыл Армиядағы жаяу әскер үшін кіші командирлер дайындаудың ерекше қажеттілігі туындады. Бұл кезде офицерлер корпусына кіші лейтенанттар құрамын дайындау ісі өте қиын жағдайда жүрген екен. Өйткені, елдің көптеген бөлігін уақытша жаулап алған аумақтардан ірі өнеркәсіп ошақтарымен бірге әскери училищелер де тылға көшіріліп жатты. Мысалы, Шымкентке – Чугеев әскери ұшқыштар училищесі, Оралға – Одесса жаяу әскер училищесі, Ақтөбеге – 2-ші Бердичев жаяу әскер училищесі орналасты.

img 2391 1
Screenshot

Ел басына қатер төнген 1942 жылы Атырауда да жаяу әскер командирлерін даярлайтын училище ашылды. Оның негізгі міндеттерінің бірі – майдан үшін кіші командирлер құрамын дайындау. Оны қысқа мерзім ішінде 200-ден астам атыраулық бітіріп, дереу Армияны толықтырды. Олар майданда ерлік көрсетіп, кейін Атырау өңіріндегі еңбек майданында да өздерін көрсете білді.

1987 жылы училищенің құрылуына 45 жыл толуына орай ұйымдастырылған шарада училище түлегі, полковник А.С.Коробев (Ташкент) Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі университет) студенттерімен кездесу барысында училище тарихы туралы диплом жұмысын жазуға ұсыныс білдірген екен. Өкінішке қарай, бұл тақырыпқа диплом жұмысы жазылған жоқ. Оның өзіндік себептері де болды деп есептейміз. Себебі, училищенің тарихына қатысты бірде-бір құжат облыстық архив қорында да, облыстық, қалалық әскери комиссариаттың архивтерінде де болған жоқ. Оған соғыс жылдарында Гурьев облысы штабы Чкалов (қазіргі Орынбор) қаласында орналасқан Оңтүстік Орал әскери округінің қарамағында болуы дәлел болса керек. Кеңес дәуірінде бүкіл жауынгерлік құжат Москваға жақын Подольск қаласындағы әскери архивте сақталды.

Өткен күн белгілері

Училище тарихын зерттеуде ерекше септігі тиер дүние – оның түлегі, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендері мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері В.Ф.Ладейщиковтың «Младший лейтенант пехоты» атты еңбегі. Мұның құндылығы сол, училищеде оқыған және майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жерлестер туралы мәліметтер бар. Автор өз еңбегінде Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің архивінде Гурьев жаяу әскер училищесі туралы формулярдың да жоқ екенін назарға алады. Училищенің құрылуы мен таратылуы жөніндегі бұйрықтардың мәтіні де сақталмаған. Тіпті, курсанттардың училищені аяқтағаны, оларға офицерлік шен берілгендігі туралы бұйрықтар да толық сақталмаған. Бейбіт заманда Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві қорларындағы училище туралы сақталған материалдармен тек екі-ақ адам – училище түлегі, генерал-майор М.И.Белов өмір деректерін іздеу мақсатында және «Ұлы Отан соғысы жылдарында Оңтүстік Орал әскери округінің майдан үшін жауынгерлік резервті дайындаудағы қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертация жұмысына орай Р.В.Стрелец танысқан.

Ал, жергілікті «Прикаспийская коммуна» газетінің 1987 жылдың 9 қазанындағы санында жергілікті өлкетанушы Иван Прикметаның «Встреча однополчан», сол жылғы 13 қазанда 17 жыл бойы «Прикаспийская коммуна» газетінің редакциясын басқарған белгілі журналист, соғыс және еңбек ардагері, училище түлегі Иван Свербихиннің училище туралы «Встреча с боевой юности» атты мақалалары жарық көрген. Одан басқа, «Курсанты», 1992 жылдың 28 ақпанында училищенің 50 жылдығына орай «Никто не забыт, ничто не забыто», 2002 жылы училище түлегі, отставкадағы подполковник Сидеғали Дүсіповтің «Что нам годы, что нам расстояния», 2007 жылы 13 желтоқсанда журналист Жанар Біләлованың «А мы с тобой, брат из пехоты» атты тақырыптағы мақалалары да жарияланыпты.

Қалалық әскери комиссариаттың архивінде сақталған тізімде 1942 жылдың наурыз, сәуір айларында майданға шақырылған 22 жерлесімізді осы училищеге оқуға жібергені анықталды. Оңтүстік Орал әскери округіне Гурьев қалалық әскери комиссариаты арқылы 1939-1949 жылдар аралығында Кеңес Армиясының құрамына шақыру кітабының ІІ бөлімі бойынша шақырылғандар туралы мәліметтерді оқырман назарына беруді жөн көрдік.

Армияға 1942 жылғы 21 қаңтарда шақырылып, Гурьев жаяу әскер училищесіне жіберілгендер тізімі:

1. Багров Гаврил Агафонович – 1922 ж.т.;

2. Баймұханов Оразғали – 1922 ж.т., Жанбай ауылдық кеңесі;

3. Балмолдин Хамит – 1922 ж.т., Бабан ауылдық кеңесі;

4. Башенов Шынтаз – 1922 ж.т., Забурын ауылдық кеңесі;

5. Бегалиев Мүтиғолла – 1922 ж.т., Новобогат ауылы.

1942 ж. 9 наурызда  шақырылғандар тізімі:

1. Бакалкин Константин Александрович – 1923 ж.т.;

2. Баркар Иван Васильевич – 1923 ж.т.;

3. Бешсалиев Жекен – 1923 ж.т.;

4. Бородин Георгий – 1923 ж.т.;

5. Бородин Иван Алексеевич – 1923 ж.т.;

6. Бөкебаев Бораш – 1923 ж.т.;

7. Булох Иван – 1923 ж.т.;

8. Буянов Михайл Федорович – 1922 ж.т.;

9. Дорошенко Виктор Степанович – 1923 ж.т.;

10. Дүзбаев Жылқыбай – 1923 ж.т.;

11. Дүйсекенов Сұлтан – 1923 ж.т.;

12. Дүсіпов Сидеғали – 1923 ж.т., Орпа ауылдық кеңесі;

13. Жұмағалиев Ерғали – 1923 ж.т., Новобогат ауылы.

1942 ж. 2 сәуірде шақырылғандар тізімі:

1. Бекбергенов Бақтығали – 1923 ж.т.;

2. Дабысов Сатым – 1923 ж.т.;

3. Донск А.Д. – 1923 ж.т.;

4. Жанғұтов Самбаз – 1923 ж.т.

Бұлардың арасынан Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-зерттеу бөлімінің бұрынғы аға ғылыми қызметкері Жанат Жетпісбаеваның училищеде оқыған жерлес түлектер туралы жинақтаған мәліметінде тек С.Дүсіповтің есімі ғана кездеседі. Ал, Мақат ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Орақ Деңгелбаев өз зерттеуінде осы оқу орнында 21 мақаттық жігіттің оқығанын атап өткен.

Әйтсе де, Атыраудағы училище түлектерін анықтау жұмысы жалғаса беруі қажет. Сонда «соғыстың соңғы жауынгері Жер-Ана құшағына тапсырылмайынша соғыс аяқталмайды» деген қағиданың өміршеңдігі жалғаса бермек. Өйткені, махамбеттік Қайыржан Мәжиев аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің 2022 жылдың 11 наурызындағы санында әкесі Мәжидің Гурьевтегі әскери училищеден топограф-барлаушы мамандығын алғанын жазды. Бұрын кездеспеген бұл деректе Мәжи майданда Курск, Днепр, Румыния, Австрия, Чехословакия жерлерін басқыншылардан азат етіп, Манчжуриядан Тынық мұхитына дейінгі соғыс кезінде бір рет жараланғаны да айтылған.

Училище қалай құрылды?

Бұл оқу орны КСРО Қорғаныс Комиссариаты Кадрлар жөніндегі Бас басқармасының 1942 жылдың 26 ақпанындағы №0106 бұйрығы негізінде құрылған. Ал, 2 наурызда Гурьев облыстық атқару комитеті қалада әскери училищені орналастыру жөнінде №102 арнайы шешім қабылдапты. Шешімде училищеге ғимараттар, оқу-жаттығу, нысана ату алаңдары үшін жер телімін беру және шаруашылық жүргізу үшін полигон бөлу жөнінде көрсетілген. Сол жылдың басында қалаға училище бастығы мен командалық-оқытушылар құрамы келіп жетті. Жаңа ашылатын училищенің негізгі әскери мамандары Одесса жаяу әскер училищесінде қызмет еткендер мен оны бітірген түлектер еді.

Полковник Н.С.Богданов пен комиссар И.С.Нифонтовке жүктелген училищені ашу жұмысы күрделі жағдайда жүрген. Басты себеп – қалада лайықты ғимараттардың табылмауы. Ол үшін №44 мектеп, бұрынғы партия курсы тыңдаушыларының жатақханасы, мұғалімдер үйі, облыстық автобасқарманың бөлмесі, өкпе аурулары ауруханасы, қалалық әскери комиссариаттың бірінші қабаты, су транспорты вокзалы, екі қабатты Ленин атындағы мектеп, Куйбышев орта мектебі, мұнайшылар клубының оң жақ қанаты және «Қазақстанмұнай» комбинатының асханасы бөлініп берілген.

Училище бастығы, полковник Н.Богданов пен комиссар И.Нифонтов, материалдық-техникалық жабдықтау бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Яралов және Оңтүстік Орал әскери округінің І-ші рангалы әскери технигі Зорин округтік интендант, генерал-майор Финогеновке былай деп жазбаша баяндау хат түсірген: «Облыстық атқару комитеті тарапынан пәтер қорымен көмектесу жеткілікті дәрежеде емес. Кейбір жеке мәселелер өте баяу шешілуде, жедел шешімін таппайды. Құрылыс материалдарымен көмектесу барысында қарсылықтар болды. Облыстық атқару комитетінің жедел түрде жұмыс жасамауынан училищеге бөлінген ғимараттарды әскери оқу орны үшін қайтадан бейімдеу жұмыстары мен қажетті мүліктермен қамтамасыз ету кешеуілдеді. Басшылық құрам қалалық тұрғын үй басқармасы қызметкерлерінің пәтерлерінде тұрып жатыр. Ал, казармалар қаладағы құрылыс мекемелерінің көмегімен екі қатарлы төсектермен (нары) жабдықталуда. Өкпе аурулары ауруханасының бөлмелерін оқу сыныптарына лайықтап жабдықтау, орталық жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары кешеуілдеуде. Тамақтандыру блогына насос станциясын, таза су құбыры, резервуар салу мәселелерін қарастыру қажет…»

Наурыз айында Оңтүстік Орал әскери округі басшылығының әскери бөлімдерде қосалқы шаруашылық құру туралы бұйрығы шықты. Училище бастығы Н.Богдановқа оқу орнын өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында бау-бақша өсіру және балық аулау бригадасын ұйымдастыру сияқты қосалқы міндеттер қоса жүктелді. Бірақ басшылықтың оған ешқандай базасы жоқ еді. Қосалқы шаруашылық үшін қаладан 18 шақырым жерден 56 гектар жер телімі берілген. Оны игеру мақсатында «Қазақстанмұнай» комбинатымен жасалған келісім-шарттың негізінде комбинат жер жырту, су жіберу жүйесін жасау, т.б. өз мойнына алған. Курсанттардың күшімен 4 шақырымдық вал мен 75 мың текшеметр судан құтқару бөгетін (дамбысын) соғып шықты. Өкінішке қарай, комбинат ол міндеттерді орындаған жоқ. Көктемгі су тасқыны кезінде өңделген барлық жерді су алып кетіп, егін егуге жарамсыз қылды. Сондықтан да қаладан 12 шақырым қашықтықтан көлемі 24 гектар болатын басқа жер телімі берілді.

«…Бұл жерден 2 мың центнер картоп, 1000 центнер қырыққабат, 750 центнер қызанақ, 680 центнер қияр, 75 центнер пияз, 220 центнер асханалық қызылша, 420 центнер қарбыз, 140 центнер қауын мен асқабақ, 280 центнер азықтық қызылша, 1 центнер темекі өнімдері алынды», — деп еске алады В.Ф.Ладейщиков.

Балық аулау мақсатында қаладан 8 шақырым жердегі жағалау беріліп, 29 сәуір мен 10 мамыр аралығында жоспар бойынша 150 центнердің орнына 1949 килограмм сазан, 77 кг көксерке, 441 кг шоқыр, 27 кг бекіре, 70 кг пілмай (шип) балығы ауланды. Сәуірде училище басшылығы облыстық тұтынушылар одағына ұжымшарлардан 60 мүйізді ірі қара, 100 қой, 50 шошқа алуға сұраныс берді. Қосалқы шаруашылық өнімдері курсанттар мен командалық-оқытушылар құрамын, олардың жанұялары мен жабдықтау бөліміндегі қызметкерлерді азық-түлікпен толық дәрежеде қамтамасыз ете алған жоқ. Осылайша, училище басшылығы Оңтүстік Орал әскери округінің «Округтегі әскери бөлімдерде қосалқы шаруашылықтар құру туралы» бұйрығын орындап шықты. Соғыстың қатал заңы бойынша курсанттарды әскери соғыс ісіне үйрету қосалқы шаруашылықпен қатар жүргізілді. Бұл уақыт талабына сай мәжбүрліктен туындаған еді.

Осындай қиындықпен құрылған училище 1943 жылы 6 сәуірде Астрахан қаласына көшірілді.

0977cbac b5ba 4c5b ac03 64fc6ce13439 1

Оқу да оңай болмаған…

Училищеге Гурьев (Атырау), Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында, РКФСР-дың Чкалов (Орынбор), Челябі облыстары мен Башқұрт АКСР-нда 1923-1924 жылы туған азаматтар алынды. Курсанттар құрамын жасақтау жұмысы өте шапшаң қарқынмен жүргізілген. 1942 жылдың ақпанында 278 адам (атқыштар, пулеметшілер, минометшілер), наурызда 1929 адам алыныпты. Сол жылғы 15 сәуірде әскери-соғыс ісінің қыр-сырын оқыған 2387 курсанттың тек 8-і ғана армия қатарында қызмет етсе, 18-і жоғары оқу орнында оқитын студенттер еді. «Жаттығуда қиын болса, ұрыста оңай болады» қағидасын қатаң ұстанған курсанттардың оқу курсы үш кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңде жеке жауынгерлік іс-тәжірибе, екінші – взвод, рота мен батальонда жеке жауынгерлердің іс-қимылы, үшінші кезеңде – взводтың іс-қимылы, взвод, рота мен батальонды басқару тәжірибиесі. Курсанттар отрядының оқу-жаттығуы 3-5 күн, тек екінші кезеңде 11 күнге созылды. Олар жауынгерлік-тактикалық жағдайда, яғни бекініс, ор, траншея қазу, кедергілерден өту, жүгіру маршын ауа райының қолайсыздығы мен тәуліктің қай уақыты болса да белгіленген мерзімде орындап отырды. Оқу-жаттығу кезінде бөлімшелер мен взводтарды курсанттар кезекпен басқарды.

Атқыш, пулеметші, минометші курсанттар жекелеген пәндерді, атап айтқанда әкімшілік ісі, авиация, автобронотанк ісі, артиллерия, әскери тарих, нысана ату дайындығы, инженерлік және қару-жарақ істері, байланыс, тактика, топография, әскери-химиялық іс, әскери жарғыларды (әскери, гарнизон қызметі, тәртіптік, қарауыл) оқыды. Олар соғыс уақытының қатаң тәртібіне бағына отырып, әскери-соғыс ісін үйренуге барлық күш-жігерін салды. Оқу-жаттығулар қала сыртындағы белгіленген алаңда өткізілді. Нысана көздеу бойынша бірінші батальондағы 538 курсанттың 127-сі «үздік», 163-сі «жақсы», 159-ы «қанағаттанарлық» бағаға тапсырса, 89 курсант атқан үш оқтың бірде-бірін нысанаға тигізе алмаған. Өйткені, бұл оқу-жаттығудың ең қиын түрі еді. Нысанаға атып жаттығуды взвод командирлері жүргізгендіктен, көптеген курсанттар винтовкамен атудың қарапайым әдіс-тәсілін де білмейтін. Ал, училищені жаңадан аяқтаған командирлердің өздері қарумен атудың тәсілдерін толық меңгермеген болатын. Сол себепті училище басшылығы взвод командирлеріне қосымша айына үш рет, күніне тоғыз сағаттан кәсіби дайындалу үшін оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді.

Оқу орны тарихындағы жарқын оқиғалардың бірі – Гурьев қалалық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары қалалық кеңесі туының тапсырылуы. Дәстүрлі 1 мамыр шеруінен кейін курсанттар ту алдында сапқа тұрып, жаңа қабылданған курсанттар әскери ант қабылдады. Алғашқы антты Воронеж облысынан келген М.Фигурин қабылдаған. Ол антына адал болып, Белоруссия, Украина және Германиядағы қанды шайқастарға қатысып, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.

Ерлер даңқы өшпейді

Училище түлектері 1942 жылы Сталинград, 1943 жылы Курск доғасы, 1944 жылы Донбасс, Белоруссия, Балтық бойы, Молдавия, Днепр, 1945 жылы Висла мен Одер өзендерінен өту, Берлин операцияларына қатысқан. Олардың арасынан 1944 жылдың 9 мамырында Севастополь қаласы үшін шайқаста Т.Б.Гилязетдинов (1924 ж.т.) басқарған взвод жаудың 2 танкісі мен 2 зеңбірегін құрамымен қоса жойса, ал жаралы лейтенант жаудың бір танкісін отқа орады. Бұл ерлігі үшін лейтенантқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылдың 24 наурызындағы Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» атағы Ленин орденімен қоса тапсырылған.

Майдан даласында М.Ғабдиев, И.Т.Морянов, С.Х.Сағызбаев, К.С.Сұпығалиев, Ә.Қайырболатов, А.Әділов, Ж.Мұқанов, С.Хайреденов, Ө.Жақыпов, С.П.Тамбовцев, Б.М.Агафонов, Г.Юзаев, Г.Я.Вольнов, Т.Жанғалиев, Ф.В.Демяшев, М.Ә.Қабиев, Ә.Кенжебаев, С.Бекхожин, Н.Қаражігітов, Б.Ерманов, Б.Шанбасов, Х.Малғариев, Н.Мұсағалиев, М.Мансараев, И.Баянов, Е.Нұрымов сияқты жерлестеріміз қаза тапты. Із-түссіз жоғалғандар тізімінде Б.Иманғалиев, Ж.Дүйсенбаев, Ж.Ақбөпиев, Ш.Айденов, О.Әйішев, А.Құлбаев, К.М.Насенков, А.Д.Недомовный, И.М.Тарабрин, басқа да қаһармандар бар.

1942 жылы армия қатарына шақырылған жерлесіміз Қ.Бұсырманов (1923 ж.т.) соғыстан оралған соң ішкі істер органдарында қызмет істеп, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Венаны алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», бейбіт өмірде «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. Ал, Қ.Е.Қожахметов «Даңқ», К.И.Лұқманов (1924 ж.т.) «Отан соғысы» ордендеріне, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Мінсіз қызметі үшін» медальдарына ие болды. Будапешт, Вена қалаларын, Румыния, Югославия, Болгария, Венгрия және Австрия жерлерін неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысқан М.И.Фиткулин соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерін, «Будапешті алғаны үшін», «Венаны алғаны үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарын кеудесіне тақты. Майдан даласындағы ерлік іс-қимылдары үшін О.Байдәулетов «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы», «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», т.б. медальдарымен, Ж.Құрмантаев екі мәрте «Қызыл жұлдыз», орденімен, «Батырлығы үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен, Д.Мұхтаров «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.

Училище түлектері Қашқын Түгелбаев, Батырғали Қаленов, Орынғали Қарасаев, Иван Свербихин, Иван Прикмета, А.Смыслов, А.П.Лызлов, О.Каршев, М.Әбілхасов, Қ.Досымбетов, Ж.Есенбаев, Х.Мирманов, А.Әлжанов, В.Ф.Калмыков, Ізтілеу Көпбаев, Ж.Қармысов, С.Қожиев, К.Лұқманов, Б.Усов, С.Жұмағалиев, А.Исаев, Е.Қабышев, И.Құспанов, Қ.Менетаев, Н.Сапаров, Б.Тұрғалиев, Ғ.Шахманов, И.Ахметов, Ш.Шәмеков, А.Кузнецов, А.Мұхтаров, Е.Рахметқалиев, Т.Сүгіралиев, Ш.Тілеуғалиев, К.Шайхимов, Т.Әліпов, О.Байдәулетов, Х.Жаңбыршиев, Ж.Құрмантаев, Д.Мұхтаров, О.Ниязбаев, С.Сәбетов, Т.Тасимов, т.б. соғыстан аман оралып, халық шаруашылығының әр саласында жемісті еңбек етті.

Ұлы Жеңісті жақындата түскен әрбір күн мен түн ұмытылмақ емес. Өйткені, ерлік шежіресі – ұрпаққа ұлағат, ертеңгі күнге үлгі боларлық сабақ. Жеңіс күнін жақындатып, қанқұйлы фашизмге қарсы жанқиярлықпен күрескен әрбір жауынгерге бүгінгі ұрпақ мәңгілік қарыздар.

Аққали АХМЕТ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Суреттерде: 

 1. Училище түлектері майданға осы теміржол вокзалы арқылы аттанған.

2. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқу корпусындағы ескерткіш тақта

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button