
Ашық есік күні Жеңістің 80 жылдығына арналды
Биыл 9 мамырда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтіледі. Осы мерейлі күнге орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында “Ұлы жеңіске – 100 күн” атты акция бастау алған болатын. Аталған іс-шара аясында ұландықтар 100 күн бойы әскери-патриоттық бағыттағы түрлі шаралар ұйымдастырып, Жеңіс күнін кең көлемде атап өтуде.

Аталған акция аясында Батыс аймағы әскери прокуратурасының қолдауымен Атырау қаласындағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде оқушылар үшін “Ашық есік” күні өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақты әскери қызметпен таныстырып, олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға ықпал ету.
Іс-шараға Атырау қаласындағы BINOM мектебінің 10-11 сынып оқушылары қатысты. Оқушылар әскери қызметтің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, сарбаздардың тұрмыс жағдайын көрді. Сондай-ақ, әскери қару-жарақтар мен техника үлгілері таныстырылып, олардың қолданылу ерекшеліктері түсіндірілді.

Шара соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери академиясының қызметі мен әскери білім беру жүйесі туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Әскери қызметшілер жастарды Отан қорғау ісіне белсенді атсалысуға шақырды.
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі