Жарнама
Ұлы Жеңіске - 80 жыл

Архивте жатқан аналар ерлігі

Атырау облыстық мемлекеттік архиві Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында маңызды бастамаларды қолға алды. Соғыс жылдарындағы құжаттардың қолжетімділігі мен зерттеу нысанына айналуына да баса назар аударылған. Атап айтқанда, архив қызметкерлерінің еңбегінің арқасында «Қазақстандық парахоккей федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау филиалының басшысы Әнуар Иманәлиев атасы туралы бұған дейін белгісіз болып келген 33 тарихи құжатқа қол жеткізді. Атасы Басар Иманәліұлы туралы жаңадан табылған тың деректер тек бір әулет үшін ғана емес, ел тарихының соғыс жылдарындағы кезеңін зерттеуде маңызды мәлімет болатыны сөзсіз. Демек жаһандану дәуірінің жастары екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарын ұмытқан жоқ, керісінше, Әнуар сияқты жаңа буын майдангер ата-әжелері туралы деректерді архивтерден тірнектеп жинап, әулет шежіресін толықтыруға ынталы екенін көруге болады.

Соңғы жылдары бұрын-соңды есімі мен ерлігі ескерусіз батырларды тануға өскелең ұрпақтың қызығушылығы арта түскен. Осы арқылы архившілерге де талап күшейе түсетіні белгілі.

Ерлік көрсеткен атыраулық қыздар

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ қыздарының нақты саны әлі де зерделеніп жатыр. Майданға аттанған қазақ қыздары түрлі әскери құрамаларда жанқиярлықпен қызмет етті. Олардың арасынан ұшқыш та, ұшақ механигі де, зенитші мен пулеметші де, бомбалаушы, дәрігер, мерген, радист, танкист, партизан мен барлаушы да шықты.

Ресми деректерде Қазақстаннан жалпы саны 5250 ару соғысқа аттанды десе, тарихшы Жұмабай Доспанов олардың санын 8000-ға жуықтатып отыр. Сол тізімде Орталық Азия елдерінен шыққан ұшқыш-штурман, гвардия аға лейтенанты Хиуаз Доспанова (1-сурет) да бар. «Қанатты қыз» атанған ол шап-шағын фанера ұшағымен 300-ден аса әуеге көтеріліп, әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындаған. Бұл – сол жылдары екі мәрте «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған ұшқыштармен тең көрсеткіш. Оның үстіне Хиуаз Қайырқызы ауыр жарақатына қарамастан, достарының көмегімен ұшаққа отырып, жауға қырғидай тиіп отырыпты. Ол жөнінде майдандастарының естеліктері де жеткілікті. Алайда, нағыз қаһарман ұшқыш штурман Хиуаз Доспановаға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілмей, «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Тағы бір қаһарман қазақ қызы Қамқа Үмбеталина (2-сурет) туралы кейінгі жылдары ғана жан-жақты айта бастадық. Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында дүниеге келген ол Гурьев қаласынан мектеп бітіріп, он тоғыз жасында майданға аттанған. Қаршадай қыз әуе күштері құрамында үш жылдан аса әскери борышын өтегенде ауыр бомбаларды ұшаққа қолмен тиеп, тіпті Жапонияның квантун армиясымен соғысқа да қатысыпты.

Бірде Қамқа отырған «Дуглас» ұшағына снаряд тиіп құлағанда, қаршадай бомбалаушы қыздың өмірін парашют пен ағаш сақтап қалады. Атырауға 1945 жылы оралып, мұнай саласына жұмысқа тұрған. Кейін ол Маңғыстау облысындағы мұнай өнеркәсібіне жолдамамен ауысып, ұзақ жыл еңбек етті. Қазақстанның еңбек сіңірген геолог-барлаушысы 90-шы жылдарға дейін «Қазмұнайгазбарлау» тресінде лаборант, коллектор, инженер, химия лабораториясының аға инженері қызметтерін атқарған.

Соғыс және еңбек ардагері Қамқа Үмбеталина ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Қазақстан экономикасының дамуына зор үлес қосқан геолог, ардагер-мұнайшы Қамқа Жаниярқызы тоқсан жеті жасқа қараған шағында дүниеден озды. Биыл өмірінің көп уақыты өткен Ақтауда майдангер ананың тұрған үйіне жергілікті әкімдік мемориалдық тақта орнатты.

Майданға он сегіз жасында өз өтінішіне сай алынып, жеңісті жақындатуға үлес қосқан қазақ қыздарының қатарында зенитші Ажар Оразғалиева (3-сурет) да бар. Ол 1943 жылы туған жері – Гурьев қаласынан 17 қыз болып пойызбен аттанған. Әуелі оларды 416-атқыштар дивизиясына бөліп, зеңбіректі меңгеруге оқытады. Бір айдан соң зенитші болып ұрысқа араласады. Курск иінінде басталған оның майдан жорығы Харьков, Орел, Львов, Киев, Румыния бағытымен жалғасады. Осы жерден кеңес әскерлері Берлинге кіреді. Ажар апай Рейхстагқа ту тіккен сарбаздардың шаттанғанын өз көзімен көргендердің бірі болатын.

Елге оралған соң Ажар Оразғалиева Ғабидолла есімді майдангермен дәм-тұзы жарасып, өмірге бірнеше перзент әкелген. Бертінде дүние салған.

Тылдағы майталмандар

Соғыс жылдарында стратегиялық маңызға ие Гурьев облысынан майданға тасымал жасау қолайлы еді. Армияны қамтамасыз ету үшін жөнелтілген жанар-жағармай, балық, азық-түлік және киім-кешек туралы мәліметтер Атыраудағы архивте де жүйелі сақталған. Зерттеушілер үшін қолжетімді.

Майданға кеткен азаматтардың орнын басқан әйел мұнайшылар өндіріс көлемін еселеп арттырмаса, төмен түсірген жоқ. Мысалы, Атырау облыстық мемлекеттік архиві қорындағы мәліметтерде Сафи Өтебаев басқарған ембілік мұнайшылар 1940 жылға қарағанда, 1941 жылы екі есе көп мұнай өндірген. Ал, 1939 жылғы көрсеткіштен 77 мың тоннаға артық еді, бұл – оқ бораған майданда етігімен от кешкенмен пара-пар ерлік.

Облыс шаруашылығының қай саласында да сол жылдары аянбай еңбек еткен қыз-келіншектер аз болған жоқ. Ресми дерек бойынша 1941 жылдың аяғында мұнай кәсіпшілігінде жұмыс істейтін әйелдер саны 2386-ға жеткен. Тіпті, ең ауыр бұрғылау жұмысына да әйелдер араласып, табандылық танытты. Тарихи мәліметтерде 1940 жылы мұнай өндірісінде 7719 адам еңбек етсе, 1944 жылы олардың саны мамандар мен ер азаматтардың соғысқа аттанғанына қарамастан қарқынды өсіп, 9453-ке жеткен. Соның 35 пайызын әйел мұнайшылар құрапты. Тарих ғылымдарының докторы, академик Хисмет Табылдиев «Атырау облысы – отты жылдарда» атты еңбегінде «Мұнайшы әйелдер саны үш есе өсіп, 1943 жылы 4 мыңға жетті» деп атап көрсетті. Соның арқасында майдандағы әскери техника жанар-жағармайдан тапшылық көрген жоқ. Соғыс жылдарында әйелдерді ынталандыру мақсатында социалистік жарыс та барынша өрістетілді. Осылай майдандағы жауынгерлер ерлігін тылдағы мұнайшы әйелдер жалғастырып жатты.

Доссорлық Балғаным Доспаева (4-сурет) – майданға кеткен ер-азаматтардың жүгін арқалап, мұнай өндіру жұмысына тайсалмай кіріскен ержүрек аналардың бірі. Ол өз замандастарын соғысқа кеткен жұмысшылардың орнын жоқтатпай, мұнай өндірісіне жұмылуға шақырып, ұйымдастыра білді. Қажырлы еңбегінің арқасында қарапайым жұмысшыдан мұнай өндіру шеберіне дейін көтерілді. Кеңес Одағы әйелдері арасынан тұңғыш рет мұнай өндіру учаскесін құрып, оған басшылық жасады. Балғаным Доспаева жетекшілік еткен қыз-келіншектер бригадасы жоспарды үнемі асыра орындап, абырой-атақтары мерзімді басылымдарда жазылып, майдандағы жауынгерлерге де жетіп жатты. Осылайша ол Байшонас кәсіпшілігінде 45 жыл бойы тапжылмай еңбек етті. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына да үш мәрте сайланған алғашқы қазақ әйелі Балғаным Доспаева «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.

Тылдағы еңбек қаһармандарын сөз еткенде, мұнай кәсіпшілігіне 60 жыл ғұмырын арнап, өндіріске басшылық еткен тұңғыш әйел Балжан Жұмағалиеваны (5-сурет) айтпай өте алмаймыз. Балжан Жұмағалиқызы – 1936 жылы Гурьев мұнай техникумынан «техник-геолог» мамандығы бойынша бітірген алғашқы қазақ қыздарының бірі. Ол соғыстан кейін де ерен еңбегімен абырой-құрметке бөленді. Сегіз жыл әйгілі Доссор мұнайы өндірісіне басшылық етті. Оның басшылығымен кәсіпшілік жоспарды үнемі артығымен орындап отырды.

Қаршадайынан еңбекке араласып, сол кездегі ең жоғары марапат саналатын Ленин және «Еңбек Қызыл ту»  ордендерін иеленген доссорлық Жібек Сегізәлиеваның (6-сурет) жеңісті жақындатуға қосқан үлесі айрықша. Әйелдер арасында тұңғыш мұнай операторы адал еңбегімен ел құрметіне бөленіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Айтпақшы, биыл тылдағы еңбек батыры Жібек Сегізәлиеваның туғанына – 100 жыл.

Осы саладағы қазақ әйелдері арасынан тұңғыш «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған Нәбира Шағырова (7-сурет) да еңбекке жастай араласып, жеңісті күндерді жақындатуға сүбелі үлес қосты. Тапсырылған міндетті үнемі артығымен орындағаны үшін 1944 жылы ол «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Доссор, Байшонас кәсіпшіліктерінде оператор болып еңбек жолын бастаған Нәбира апай соғыстан кейін де мұнай саласынан қол үзген жоқ. Саладағы қажырлы еңбегі үшін «Ленин», «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерін иеленді.

Атыраулық қыз-келіншектер арасынан шыққан тағы бір еңбек батыры, балықшы қыз Айнаш Байжігітова (8-сурет) еді. Өйткені, бұл өңір майданға тек мұнай өнімдерін емес, азық-түлік түрінде балық та жіберіп тұрды. Ал Айнаш апай бұл салада ер-азаматтардың өзін шаң қаптырып, Одақ деңгейіндегі ең жоғары «Социалистік Еңбек Ері» атағы мен «Ленин» орденіне ие болды. Соғыс жылдарында ол өте мол мөлшерде балық әзірлеп, өзге әріптестерін де еңбекке жұмылдырды. Қаншама еңбек адамдарын тәрбиелеп, кәсіпке үйреткен еңбек ардагері тоқсаныншы жылдардың орта шенінде дүниеден өтті.

Атырау – еліміздегі майдан дүмпуін ең жақын сезінген өңір. Әскери техниканы жүргізетін «қара алтын» өндірісіне залал келтіру мақсатындағы жау диверсанттары туралы мәліметтер де архивте аз емес. Осындай күрделі жағдайға қарамастан атыраулық тыл еңбеккерлері жеңіске өлшеусіз үлес қоса білді.

Облыс архившілері де жыл бойы арнайы іс-шаралар ұйымдастырып, майдан және тыл қаһармандарына құрмет көрсетуді жалғастыра бермек.

Тұрсын ҚАЛИМОВА,

Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button