
Әкелі-балалы майдангерлер
1941 жылдың маусымында Адай Есенғалиев қазіргі Махамбет ауданының Таңдай ауылында 1930 жылы жеті жылдық мектеп-интернат болып ашылған орталау білім ұясын бітіргені туралы куәлікті енді ғана алған еді. Интернатта орталығы Таңдай ауылындағы №5 «Бақсай» және Мұқырдағы №8 «Гурьев» қаракөл қой кеңшарлары малшыларының балалары жатып оқитын. Кейін түрлі шаруашылықтар мен аудандарды басқарып, ұзақ жыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған қайраткер Оңайбай Көшеков те Адаймен бірге оқыған осы интернаттың түлегі болатын. Бұл мәліметтерді белгілі тарихшы қаламгер Жұмабай Доспанов берген еді.

Есенғалиев Адай, 1945 жыл
Адайдың әкесі Саян 1932 жылдан бастап табаны күректей он жыл бойы «Бақсай» кеңшарының бес фермасын кезекпен басқарып, майданға кеткенше шаруа жайымен қыстақ-жайлауларды аралап жүреді екен. Мектеп жасындағы балалары оның үйге келгенін тек каникул кезінде ғана көретін дейді көзкөрген куәгерлер.
1942 жылы ақпанның басында Бақсай ауданының орталығы Жаманқала селосындағы әскери комиссариат арқылы майданға аттанған Саян сол жылғы қыркүйектің аяғында Сталинград түбіндегі қиян-кескі ұрыстардың бірінде ауыр жарақаттан көз жұмады. Бұл кезде оның ауылдан аттанғанына небәрі сегіз ай болған еді. Саянның қаралы хабарды жеткізген «қара қағаз» Ұлы Октябрь социалистік революциясының 25 жылдығын атап өткен салтанатты жиын үстінде жары Сағадатқа табысталды. Еңбек жолын он алты жасында өзі оқыған Таңдайдағы мектеп-интернатта интернат тәрбиешісі, әрі еңбек пәнінің мұғалімі болып бастаған Адай дәл сол күні мектептің күзгі каникулына үйіне барып еді. Анасының әкесін жоқтап жылағаны оның мәңгілік көз алдында қалды…
Сол күннен бастап, қайткенде де тезірек майданға жетіп, әкесінің кегін қайтару арманы Адайдың есінен бір сәтке де шыққан жоқ. Мектептегі жалғыз қара телефоннан Жаманқаладағы Бақсай аудандық әскери комиссариатына, аудандық оқу бөліміне және аудандық комсомол комитетіне хабарласып, майданға сұрануын жиілетті. Ақыры, он сегіз жасқа толуына бір ай қалғанда оны Отан қорғауға өз еркімен аттанушылардың тізіміне қосты. Осылайша, қысқы каникулға да келместен, бір топ жерлесімен бірге Гурьев қаласына аттанып кетті.
Әскерде өткен жеті жыл
1925 жылдың 15 ақпанында Таңдайда кіндік қаны тамған Адай Есенғалиев Бақсай аудандық әскери комиссариаты арқылы 1943 жылдың қаңтарында Қызыл Армия жауынгері атанды. Майданда І-Белоруссия майданына қарасты 47-армияның Бас қолбасшылықтың резервіндегі серпінді 4-артиллериялық Қызыл тулы корпусына бағынышты 6-артиллериялық Мозырь серпінді дивизиясының 2-миномет бригадасының 135-миномет полкі құрамындағы дивизионның барлаушысы болған. Әскери қызметті аға сержант шенімен 1950 жылы аяқтайды.
Талай өмір мен өлім бетпе-бет келген ұрыстарды бастан кешкен Адай Есенғалиев 1944 жылдың 5 қыркүйегінде «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденіне, 1945 жылғы 11 мамырда І дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсынылғанымен, екеуі де оған бұйырған жоқ. Оның бұған дейін ұрыстағы ерен ерлігі мен өжеттігі үшін алған «Өжеттігі үшін» медалі (13.07.1944) мен бірнеше ордені бар еді.

Есенғалиев А.
Жергілікті әскери тарихшы әрі жазушы Жұмабай Доспановтың зерттеуінше, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденіне ұсынылуына Висла өзенінің батыс жағалауындағы плацдармды кеңейту үшін болған ұрыстардағы көрсеткен ерлік пен батылдық үлгілері негіз болған көрінеді.
1944 жылғы 12-26 тамыз аралығындағы шабуыл кезінде Есенғалиев барлау барысында қарсыластың 120 миллиметрлік 2 миномет және 1/105 миллиметрлік артиллериялық батареясын, 3 станокты пулеметін байқап, дереу командирге жеткізеді. Соның нәтижесінде дивизионның артиллериясы немістерді осы қару-жарағынан айырып, мүлдем жойып жібереді.
Ал, 20 тамыз күні Польшаның Мониохи елді мекені түбіндегі ұрыста Адай жаяу әскермен бірлесіп, барлауға шыққанда Монохиға таяу жерге мықтап бекінген 2 станокты пулемет ұясының өз қаруластарының ілгері жылжуына кедергі келтіріп тұрғанын анықтайды. Дивизион командиріне көргенін баяндап, 4-батареяға өзі коррекция жасауға кірісіп кетеді. Пулеметтердің көзін жойған соң біздің жаяу әскерлер елді мекеннен солтүстікке қарай 400 метр жердегі биікке бекінген жау ұясын еш шығынсыз басып алған.
Алты күннен соң Лашумка ауданындағы Радомка өзенінің оң жағалауындағы шайқастарда фашистер төрт мәрте қарсы шабуылының соңғысында Қызыл Армия бөлімшелерін тықсыра түсті. Бірақ олардың бұл қитұрқы әрекетіне бағынбаған Адай Есенғалиев жараланғанына қарамастан бір адым да шегінбестен, автоматтан үздіксіз оқ жаудыра отырып, 15-ке жуық гитлершіні жер жастандырды. Осылайша, батальонның өз позициясын сақтап, Радомка өзенінің жағалауына табан тіреуіне мүмкіндік туды. Жаралы жауынгерді ұрыс аяқталған соң санитарлар госпитальге әкеліп орналастырды.
Қарсыластың қарсы шабулына тойтарыс берудегі осындай қайсар іс-әрекеттері үшін аға сержант Есенғалиевті 135-миномет полкінің командирі, подполковник Гурьянов 5 қыркүйекте «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапаттауға ұсынды. Бірақ ол 2-миномет бригадасының командирі, полковник Игнатий Еловацкий мен 6-артиллерия дивизиясының командирі, гвардия артиллерия генерал-майоры Алексей Битюцкийдің тарапынан қолдау таппай, дәрежесі тұрғысынан алғанда әлдеқайда төмен ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған.
Ал, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне сержант Адай Есенғалиев сол жылдың 25 желтоқсаны мен 1945 жылдың 14 қаңтарындағы неміс басқыншыларымен күрестегі ержүректігі үшін ие болды.
Желтоқсанның 25-інде барлауға шыққан топ Польша жеріндегі Грабув-Залесны елді мекені аумағында жау әскерімен бетпе-бет келіп, ойламаған жерден ұрыс басталып кеткен еді. Топ мүшелері жауынгерлік тапсырманы орындаудан гөрі аман қалуға қамдана бастады. Сол кезде фашистерге қарсы автоматынан оқ жаудыра жүріп, Адай 15 немістің көзін жойғанын кейін білді, оған қоса жау тылынан «тіл» алып шығуға жәрдемдесті. Ол қарсыластың позициясын талқандауға зор септігін тигізген болатын.
1945 жылдың 14 қаңтарында барлаушы Есенғалиев дивизионның барлау қызметінің бастығымен бірге жаяу әскердің алдыңғы шебінде келе жатқан еді. Польшаның Мазовецкое воеводствосының аумағындағы Михалув-Гурны елді мекенінің маңында жау әскерінің тегеурінді қарсылығына тап болды. Плица өзенінен өту үшін бұл қарсылыққа тойтарыс беру керек. Сол кезде дивизион артиллериясын пана тұтқан батальон жауға қарсы еркін шабуылға шықты. Осы шайқаста бір өзі 20-дан астам фашисті жер жастандырған Адай Михалув-Гурны деревнясын алып, одан әрі жеңісті қимылды жалғастыруға жағдай туғызды. Сол үшін оны ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттау жөніндегі 135-миномет полкінің командирі, подполковник Васильевтің 19 қаңтардағы ұсынысын 2-миномет бригадасының командирі, полковник Ващенок, 6-артиллерия дивизиясының командирі, полковник Вернов және І-Белоруссия майданы артиллериясының қолбасшысы, артиллерия генерал-полковнигі Казаковтар қолдап, 1945 жылдың 11 ақпандағы Әскери кеңестің қорытындысына сәйкес майдан қолбасшысы, Кеңес Одағының Маршалы Георгий Жуков бұйрыққа қол қойған.
Бұйырмаған «дәреже»
ІІ-ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері мен «Өжеттігі үшін» медалінің иегері барлаушы, сержант Адай Есенғалиев бұдан кейінгі қиян-кескі шайқастарда да қаһармандық үлгісін үзбей көрсете берді. Барлау тобында байқаушы қызметін атқаратын ол сәуірдің 30-нда Бранденбург қаласы маңында барлауға шыққан еді. Жаны мұрнының ұшына келген басқыншылар жанталаса әрекет ете жүріп барлаушыларды байқап қалыпты. Амалсыздан ұрыс сала жүріп, 16 фашистің көзін жойған Адай алты немісті тұтқынға алуға атсалысты.
Ал, мамырдың 5-інде дивизион барлауының бастығымен бірге жаяу әскердің алдыңғы шебінде келе жатқан Есенғалиевтің тобы Бранденбургтің солтүстік-батысындағы Фл.Кютцков ауданында қарсылыққа тап болды. Дивизион артиллериясының қолдауымен ығыса қоймаған батальон керісінше жауға дүрсе қоя берді. Шабуылшылар тобындағы Адай Есенғалиев бұл шайқаста да 10 немістің көзін жойып, Кютцков елді мекенінен жаудың кері шегінуіне үлес қосты.
Бұл шын мәнінде І дәрежелі «Даңқ» орденіне пара-пар ерліктің үлгісі болатын. Полк командирі, подполковник Гурьяновтың бұл ұсынысын өзгелер қолдағанымен, 47-армия артиллериясының қолбасшысы, гвардиялық артиллерия генерал-лейтенанты Годин мен І-Белоруссия майданы артиллериясының қолбасшысы, артиллерия генерал-полковнигі Казаков «І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттауға лайық» деген түйін жасады. Сол кездегі тәртіпке сай «Даңқ» ордені «Қызыл Жұлдыз» орденінен де төмен награда саналғанымен, үш дәрежесін толық иеленген адам «Кеңес Одағының Батыры» атағына теңестірілетін. Бірақ, құдайыңнан күштімісің, көрсеткен ерлігі үшін «Даңқ» орденінің І дәрежесін әділетті түрде алуына қызғаныш білдіріп, таршылық жасау қазақ ұлтынан шыққан нағыз батырдың санын біреуге болса да азайту әрекетін аңғартқандай. Осындайда XVII ғасырда өмір сүрген Бальтасар Грасианның «Өз тағдырына риза болмағандар басқаның бақытын қызғанады» деген өлмес нақыл сөзіне қайран қалмасқа амал да жоқ.
Есесіне соғыс біткен соң, 30 мамырда І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттаған майдан қолбасшылығы А.Есенғалиевтің өңіріне Варшаваны, Будапешті, Венаны, Праганы және Берлинді алғанына арналған медальдарды 9 маусым күні – бәрін бір күнде таққан. Ал, 20 қазан күні «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, 1985 жылғы 6 сәуірде Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен екінші мәрте марапатталған. Демек шындықты шетқақпай жасауға құлшынып тұратындар қай дәуірде де болғанын бүркемелеуге болмайтын тәрізді.
Қираған шаруашылықты қалпына келтіріп…
Әскер қатарынан 1950 жылы елге оралған Адай Есенғалиев партияның жұмсауымен Есбол ауданының орталығы – Кулагино селосында аудандық сотта сот орындаушысы болып екі жыл жұмыс істеген. Бұл кезде Адайдың анасы Сағадат бала-шағасымен Қалмақ қырында тұратын. Оған себеп болған Сталинград түбінен жау серпілген соң қираған шаруашылықты қалпына келтіру жөніндегі өкіметтің пәрмені еді. «Бақсай» асыл тұқымды қаракүл қой кеңшарының бір фермасын мал-мүлкімен 1944 жылы Астрахан облысына жіберді. Сонда бір ферманың малын айдап, шаруа жайын үйлестіруге Таңдайдағы кеңшарда жұмыс істейтін қырық шақты малшы отбасын бірге аттандырған. Олардың ішінде соғыстан қайтпаған Саянның, онымен қызметтес болған «Қызыл жұлдыз» орденді мүгедек-майдангер Қайыршақ Бабаевтың, басқа да отбасылар бала-шағасымен көшкенін бүгінде ресми құжаттар растайды. Ал, Қайыршақтың ұлы Нәби Бабаев 1966 жылы еңбек көрігін қыздырып, Социалистік Еңбек Ері атанып, кең кеудесіне «Орақ пен Балға» алтын жұлдызына Ленин орденін қоса таққанын атап өткен жөн.
Соны ескерген Адай анасы мен бауырларының соңынан Қалмақ қырына аттанған. Ондағы ауылдастарымен көрісіп, мауқын басқан ол кеңшардың есепшісі болып жұмысқа орналасыпты. Сол барғаннан 1974 жылы біржола елге оралған майдангер Адай Есенғалиев Махамбет аудандық «Казсельхозтехника» өндірістік бірлестігіне диспетчер болып қабылданып, 1985 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан. 1988 жылы 6 қаңтарда дүние салған оның кіндігінен өрбіген төрт қызы мен жалғыз ұлы Нұрмұхамбеттен тараған ұрпақ та бүгінде бір қауым ел болды.
Саянның мәңгі мекені
1900 жылы Қызылқоға ауданындағы Қарабау жерінде кіндік қаны тамған Саян Есенғалиұлы он алты жасында төрт сыныптық біліммен төрт-бес жылдай сол өңірдегі Зәкір, Сармолда есімді дәулетті адамдардың малын бағып күнелтеді. 1921-1922 жылдары Қызылқоға ауылдық кеңесінде милиционер болған Саян одан әрі Доссордағы мұнай кәсіпшілігінде ұсталық жұмыс істейді. 1929 жылы туған жеріне қайта келіп, ауылдық кеңестің хатшысы болып істегеніне екі жыл толғанда, БК(б)П XV съезінің директиваларының негізінде жасақталған І бесжылдықтың жоспарларын іске асыру үшін шаруашылыққа кәсіби мамандар қажеттілігі туындайды. Сол себепті Орал қаласындағы зоотехниктер курсын бітірген.

Есенғалиев Саян
Өндірістік қажеттілікке сәйкес №5 «Бақсай» қаракүл қой кеңшарының №1 фермасына 1932 жылы зоотехниктің көмекшісі болып жұмысқа кіріскен ол бір жылдан соң №4 ферманың зоотехнигі, екі жылдан кейін кеңшар бас зоотехнигінің көмекшісі болып істейді. Жұмысқа жауапкершілігін байқаған басшылық оны сатылап ауыстыра отырып, Саян Есенғалиев 1936 жылғы қазан айынан 1942 жылдың ақпанына дейін әуелі №4 ферманың, сосын №2, №3, №1, №5 фермалардың басқарушылық лауазымын үздіксіз кезек-кезек атқарған. Атап өтер жайт – дәл мұндай бір кеңшардың барлық фермасына жетекшілік еткен жан Қазақстанның кеңестік дәуірінде ешқашан қайталанған емес.
Осындай халық шаруашылығының үздігі соғыста бірден Сталинград майданына түскен Саян 84-атқыштар дивизиясының құрамындағы 382-атқыштар полкінің бағынышында өзінің Отан алдындағы парызына адал жауапкершілігі және батылдығымен көзге түседі. Соған сәйкес оған 1942 жылдың мамыр айында «кіші сержант» әскери шені берілген. Басқыншылардың тегеурінді іс-қимылына бастапқыда төтеп бере алмаған Қызыл Армия қолбасшылығы құрылымдардың командирлік құрамын саптағы қайсар да жүректі жауынгерлерден іріктейтін еді. Сондай талапқа сай келген С.Есенғалиев шілде айында атқыштар бөлімшесінің командирлігіне тағайындалған. Кіші сержант өз бөлімшесінің фашистермен қақтығыстағы тактикалық тәсілдерді арттыра отырып, әрекет жасайды. Амал не, мықты техникамен мұздай қаруланып, әскери оқу-жаттығуларда ұрыс техникасын шебер меңгерген жау айласын асырды. 1942 жылғы 27 қыркүйек күні кескілескен ұрыс кезінде артиллерия мен әуеден берілген соққының салдарынан ауыр жараланған бөлімше командирі Саян Есенғалиев Садкидегі 4 госпитальдің бірі – 102-дербес медициналық-санитарлық батальонның далалық госпиталіне жеткізілген. Бірақ ол ауыр жарақаттан есін жимаған күйі 29 қыркүйекте қайтыс болады.
Осылайша, қазақтың алғашқы кәсіби зоотехниктерінің бірі, шебер ұйымдастырушы Саян Есенғалиев Сталинград облысының Дубовский ауданына қарасты Садки деревнясының солтүстік-шығысындағы жарқабаққа орналасқан бауырластар зиратының шығыс бөлігіндегі бірінші қатарынан, солтүстіктен бірінші бейіттен мәңгілік тыныс тапты.
Небәрі қырық екі жасында опат болған есіл ердің ұл-қызынан бүгінде отызға жуық ұрпақ өрбіген…
Назарбек ҚОСШИЕВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі