Жарнама
Ұлттық құрылтай

UTC +5. Құрылтай. Әдеби қосымша.

(Жыл жайында аз сөз)

Жер-жаһанға тағы бір жыл келді, Ұлу жылы!..

Әрине, оның ерекшелігі, жыл қайыру мен күнтізбедегі мән-маңызы дегендерге тоқталу артық, өйткені іздеген жанға мәлімет ғаламторда бар. Бастысы, бұл жолы Ұлу несімен келді? Қандай маңызы бар? Осы хақында аз сөз айту азаматтық пікірді қалыптастырудың жолы деп білдік.

Наурызды халқымыз «жаңаның басы» деп қабылдайды, демек Жыл басы. Әлбетте, соған байланысты наурыздан наурызға дейінгі аралықтан жаңашылдық күтетін отандастарымыз биыл да үмітін үкілеп отыр. Оның себебі де жоқ емес. Ел-жұрт қоғамға серпіліс керектігін айқын сезінді. Әрине, мерекені тойлау тұрғысынан емес, халықтық ұғымды ұлт ісіне ұтымды үйлестіру үшін. Әйтпесе ішіп-жеу мен даңғаза дүбірдің қарын мен миға салмақ түсіргеніне біраз уақыт болғаны шын.

Әуелі 14 наурыздағы Көрісу дәстүріне қатысты бірер сөз. Рас, ол біздің өңір үшін таңсық емес. Әйтсе де, ел арасында «Күн мен түннің теңелуі» дегенді білдіретін наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түнді бұған дейін Жер-Анаға жылу дарып, тіршілік атаулының қысқы ұйқыдан оянар шағы деп қабылдасақ, бұдан гөрі 12 сағат жарық пен 12 сағат қараңғылықтың бөлінуі 14 наурызға сай келетініне анық көз жеткіземіз, сосын күндізгі уақыт біртіндеп көбейе береді. Уақыт белдеуін нақтылайтын ақпараттық ресурстардың мәліметіне сүйенсек, Атырау уақыты күн көрінетін уақыттан 101 минут бұрын жүреді екен. Ғылым тілін теріске шығара алмаймыз, себебі бұрын ата-бабамыз уақытты аспанға қарап анықтағанын мойындаған жөн.

Шығыс күнтізбесі бойынша Һамал (Амал) айы дәл осы күннен басталады, бұл – парсы тілінде Тоқты шоқжұлдызының ескіше атауы, «Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады» деген ұғымды қалыптастырды. Маңғыстаудағы жұрттың «Амал мерекесі» деп тойлап жүргенінің салдарын осы жерден іздесе артық болмас. Өйткені, «Амал кірді» деген көнекөздердің сөзі қазіргі түсініктегі «Отамалы», «Бесқонақ», «Құралай» секілді табиғат амалдарына қатысты емес, төркіні – қызылбастың Һамалында жатыр.

Ертеде қариялардың «14-і бір жаңа» деп отыратынының мәнінің түйіні де осында. Бүгінде біреулер оны Юлиан күнтізбесінен Григориан күнтізбесіне ауысумен сабақтастырады. Алайда оның еш қисыны жоқ. Малдың тісіне еріп, Алтайдан Азауға, Арқадан Алатауға дейін көшіп-қонған ата-бабамыз жер жіпси бастаған кезде бір-бірімен арнайы барып көріскен, қыс бойы өлі-тірісін біле алмай сағынысқан ел арқа-жарқа боп аман-саулық сұрасқан. Қазір айтылып жатқандай, мұның «көр» сөзіне еш қатысы болмаған. Ислам қағидаттарына да қашық емес бұл дәстүр негізінен Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында ғана, Ресейдің Астрахан, Сарытау, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақ елінің батыс облыстармен шектесер аумағында берік сақталған еді. Тіпті, Ақтөбе облысында да бізбен шекаралас аудандардан өзге халық көрісу жоралғысынан бейхабар. Соған қарағанда, бұл – о шеті мен бұ шетіне жүгірген аңның тұяғы күйіп, ұшқан құстың қанаты талар сайын сахара жұртын татулық пен ынтымаққа ұйыстырудың тағы бір таптырмас тетігі.

Бір ескерерлігі, Көрісу дәстүрін соңғы кезде кейбіреулер «Көрісу айты» деп айтып та, жазып та жүр. Бұл да қате түсінік. Ертедегі ақылмандар қолында қазіргі 1 қаңтар, 8 наурыз, 1 мамыр тәрізді белгіленген мейрам болмаған соң, оразадан 70 күн кейін келетін Құрбан айтты мереке ретінде атап өткен. Дейтұрғанмен, Айтты мереке деп қабылдасақ та, Көрісу жоралғысын Айтқа айналдырып жіберудің жөн-жосығы болмай тұр.

Ендеше, жаңару мен тазалықтың нышанын білдіретін Көрісу дәстүрі «жылдан аман шығып, тағы бір жасқа есейдік, аман-сау көрістік» деген ұғымда бүгінгі қазақтың баршасына ортақ мерекеге айналды. Бабамыздың «Жыл келді» деп кеудесін шаттық кернеп, ауыл-үй жиылып наурыздық беретіні осы күн. Қазіргіше айтқанда, 1 қаңтарды тойлағандай Жаңа жыл бұл!.. Мұның әлімсақтан қалыптасқан дәстүр-жоралғы екенін ізденген жан сонау Махмұт Қашқаридан кешегі Мұхтар Әуезовке дейінгі оқымыстылардың туындылары мен көне тарихты екшеген өзге ұлт жылнамашыларының еңбектерінен оқып біле алады. Мұны мемлекет басшысы да арнайы атап көрсетті.

Көктемнің жаршысындай Наурыз тойын Қазақ елі биылдан бастап, жаңа нұсқамен атап өтуді ұйғарды. 14-23 наурыз аралығында «Наурызнама» онкүндігін жариялады. Әр күннің символдық атауы бар бұл шараны ұйымдастырған республиканың Мәдениет және ақпарат министрлігі болғанмен, бастамашысы – Президент.

Ұлттық этноқұндылықтар шоғыры іспетті Наурыз мерекесін бұдан біраз уақыт бұрын тарихшы-наурызтанушы Серік Ерғали дайындап, ұсынған еді. Амал не, замана желі басқа қырынан тұрып, пенденің дегені орындала қойған жоқ. Дегенмен, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 5 қаңтарда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтқан «…Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн» деген бастамасы біртіндеп іске аса бастағандай. Ал, басқасы «…жүре бара түзелер».

Бастысы, биылғы Ұлудан бастап, ел аумағында бірдей сағат белдеуі қалыптасып, күллі халық батыс өңірге тән UTC +5 (GMT +5) уақыт өлшемін қабылдады. Атырауда Ұлттық құрылтайдың ІІІ мәжілісін 15 наурызда өткізуді белгілеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы көне астана – Сарайшықта мәңгілік тыныс тапқан жеті ханның рухына тағзым етіп, көрісе келді. Сосын биыл ұлт әдебиетінің баспасөзі – қоңыр күзде 90 жылдық торқалы тойын атап өткелі отырған «Қазақ әдебиеті» газетінің өңірлік бетшелерін шығару ісі қолға алынғанда, алдымен «Қазақ әдебиеті – Атырау» қосымшасы жарық көрді.

Міне, осы үш оқиға да көңілімізге қуаныш ұялатты. «Уақыт белдеуі, Құрылтайдың дәл осы күнге сай келуі, әдебиет қосымшасының тұңғыш саны Атырауға бұйыруы кездейсоқтық болмас, сірә» деп ой түйдік.

ххх

Айтпақшы, Ұлу – кәбиса жыл. Григориан күнтізбесі бойынша биылғы 14 наурыз – жылдың 74-інші күні. 29 ақпан күні туғандар биыл төрт жыл күткен жаңа жасына толып жатыр…

Үнемі кәбиса жылға сәйкес келетін биылғы Ұлу қасиетті Рамазан айымен басталды. Төрт жылда бір қайталанатын басы артық күн ақпанның үлесінде. Ежелден қалыптасқан сенім-наным бойынша Ұлу – өте жайлы, тоқшылық пен молшылықтың жылы. Өзі суда жүретіндіктен бұл жылы құрғақшылық болмайтын көрінеді. Қазақтар осы жылы астық пен шөптің шығымы мол болады деп жорамалдаған. Дегенмен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1928 жылғы кәмпеске науқаны, 2020 жылғы COVID-19 індеті тәрізді жайсыздықтар да Ұлудың үлесіне тиген. Беті әрмен, көлденеңнен сақтағай!

«Өмірлік тәжірибеде жайлылық пен бейбітшілікті сүйетін, ақылды да зерек жандар осы жылы дүниеге келеді» дейді білетіндер. Ұлудың Наурызы береке-молшылықпен келіп, қалыпты, жайлы жыл болады деген сенімдеміз.

Ал, Наурыз мерекесі ықылым заманнан-ақ атам қазақтың өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбірлік пен кішіпейілдікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі.

Ендеше, береке мен бірліктің мейрамы – Әз-Наурыз құтты болсын, ағайын!

P.S.

Қазақстанда 62 жылдық үзілістен кейін Наурыз мерекесі 1988 жылдан қайта тойлана бастады. Бұл да Ұлу жылы еді…

Назарбек ҚОСШИЕВ,

Бас редактор,

жазушы-публицист

Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button