Жарнама
Ұлттық құрылтай

Ұлттық киім – рухани жаңғырудың жарқын көрінісі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұлттық киімге қатысты айтқан сөзі қоғамда кеңінен талқыланып, зор қолдау тапты. Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлігімізді нығайту үшін төл мәдениетімізді, оның ішінде ұлттық киім үлгілерін дәріптеудің маңыздылығын атап өтті. Шындығында, ұлттық киім – әрбір халықтың болмысын, тарихын, дүниетанымын бейнелейтін құндылық. Сондықтан оны тек мерекелік шараларда ғана емес, күнделікті өмірде де кию – ұлттық сананың жаңғыруына жасалған нақты қадам.

Елімізде Наурыз мейрамын тойлау жаңа мазмұнға ие болды. Ұлыстың ұлы күні 14 наурыз – Амал мерекесінен басталып, 10 күн бойы әртүрлі атаулы күндермен атап өтілетін болды. Бұл қадам халқымыздың дәстүрін, құндылықтарын жаңғыртып қана қоймай, ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді. Осы он күннің ішінде ерекше мәнге ие болған бастамалардың бірі – «Ұлттық киім күні». Бұл күн халықтың зор қолдауына ие болып, ұлттық киімге деген сұранысты арттырды.

Қазір мектептерде, балабақшаларда, жоғары оқу орындарында, түрлі мемлекеттік мекемелерде және жекеменшік компанияларда ұлттық киім кию үрдіске айнала бастады. Бұрын тек сахналық қойылымдар мен салтанатты шараларда ғана көрінетін қазақы шапан мен камзол бүгінде қызметкерлердің арнайы күндерде киетін сәнді киіміне айналды. Бұл үрдіс ұлттық киімнің сұранысын арттырып қана қоймай, отандық дизайнерлер мен тігін цехтарының жұмысына да серпін беруде.

Ұлттық киім – бұл халықтың өмір салтын, салт-дәстүрін, дүниетанымын айқын көрсететін мәдени құндылық. Қазақтың шапаны, сәукелесі, камзолы мен бешпенті – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысын бейнелейді. Біле білсек, әрбір ою-өрнекте, түстердің үйлесімінде терең мағына жатыр. Мәселен, қазақ әйелдерінің киіміндегі ою-өрнектер олардың жас ерекшелігіне, әлеуметтік мәртебесіне байланысты болған. Ал ер азаматтардың киім үлгілері олардың мәртебесін, тұрмыс деңгейін айқындап отырған.

Бүгінде қазақы нақыштағы киімдерге деген сұраныс артып келеді. Заманауи сән әлемінде ұлттық стильдегі киімдер ерекше орын ала бастады. Бұл ұлттық мәдениеттің жаңғыруының, ұлттық бірегейлікті сақтау мен дәріптеудің айқын белгісі. Тіпті белгілі дизайнерлер де ұлттық нақыштағы заманауи киімдер жасап, оны халықаралық деңгейде танытуға күш салуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бет-жүзді толық тұмшалайтын қара киімдердің біздің ұлттық болмысымызға сай келмейтінін баса айтты. Расында да, қазақ әйелдері ертеден ашық жүзді, еңсесі тік, сәнді киінген. Сәукеле мен камзол, үкілі тақия мен қос етек көйлек – қазақ әйелінің сұлулығын одан әрі айшықтай түсетін киімдер. Сондықтан дәстүрлі киім үлгілерін қайта жаңғырту – мәдени мұрамызды дәріптеудің бір жолы.

Кейінгі жылдары қазақы ою-өрнекпен көмкерілген киімдер тек ұлттық мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде де киіле бастады. Бүгінде бұл үрдістен мектеп оқушылары да қалыс қалмайды. Мәселен, біздің мектепте әр жұма сайын ұлттық киім күні. Барлық ұстаз бен оқушы ұлттық нақышта киініп жүреді. Бір қызығарлығы, әр сыныптың таңдап алған өзіндік бірегей үлгісі бар. Сондай-ақ Наурызнаманың онкүндігі басталғалы бері мектептегі стиль ұлттық киімге ауысты.

Қазір отандық сәнгерлер ұлттық киім үлгілерін заман талабына сай жаңартып, ыңғайлы, сәнді киімдер ұсынуда. Бұл үрдіс қазақ киімін тек той-жоралғыларда емес, кеңседе, мерекелік кештерде, тіпті көшеде де киюге болатын әдемі стильге айналдырды.

Ұлттық киімді насихаттау – қазақтың мәдени мұрасын дәріптеумен қатар, отандық өндірісті дамытуға да ықпал етеді. Бүгінде тігін шеберханалары көбейіп, ұлттық нақыштағы брендтер де пайда бола бастады. Бұл – экономикамызға да оң әсерін тигізетін маңызды фактор. Егер ұлттық киімге деген қызығушылық арта берсе, болашақта қазақы киімдерді әлемдік нарыққа шығару мүмкіндігі де кеңейе түспек.

Президент айтқандай, ұлттық бірегейлікті нығайту – әрбір азаматтың міндеті. Бұл тек киімге қатысты емес, ұлттық дәстүрлерді сақтауға, мәдени мұраны жаңғыртуға да тікелей байланысты. Біздің мақсат – ұлттық киім киюді сәнге айналдыру ғана емес, оны мақтан тұту, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Өйткені ұлттық киім – ұлттың жаны, ұлттың рухы.

Өнербек ЕРҒАЛИЕВ,

Әл-Фараби атындағы “BINOM-“SCHOOL” мектеп-лицейінің директоры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button