Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек КҮРІШБАЕВ: «Қазіргі заманның Сәтбаевтары қайда?!»
Әрбір қоғамның дамуы – ғылым мен білім салаларының қарышты қадамына байланысты. Бұл сөзімізге алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тәжірибесі дәлел бола алады. Сондықтан, біздің елде де ғылым мен білімге деген қалыптасқан көзқарасты түбегейлі өзгертіп, отандық ғылымды жандандыратын кез жетті.
Бұл үшін алда нақты қандай жұмыстар жүзеге асуы тиіс? Отандық ғылымның пәрменділігін қалай арттыра аламыз? Осы және өзге де сауалдарға ІІІ Ұлттық Құрылтай аясында Атырауға ат басын тіреген Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ақылбек КҮРІШБАЕВ жауап тосқан еді.
– Ақылбек Қажығұлұлы, Атырау өңіріне қош келдіңіз! Бүгінге дейін отандық ғылымның қарқынды түрде дами алмауының себебі неде? Алдымен әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Рахмет! Қош көрдік! Сұрағыңыз өте орынды. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында біз отандық ғылымды ұйымдастырудың заманауи жүйесін құра алмадық. Осы уақытқа дейін мемлекеттік орындардың жұмысының негізгі қағидаты – жылдам жеңістерге және жоғары жаққа табысты есеп беру үшін тез нәтижелерге қол жеткізу болды. Мемлекеттің басты басымдықтарынан тысқары қалған отандық ғылым мұндай жағдайда, әрине, тиісті түрде дами алмады.
Жасыратыны жоқ, қоғамда «қазіргі заманның Сәтбаевтары, Есеновтары, Марғұландары қайда?» деген орынды сауал туындауда. Егер қажетті технологияларды шетелден сатып аламыз деп, жылдар бойы өзіміздің ғалымдарымызды мойындамасақ, бізде ғылыми зерттеулерді қаржыландыру дамыған елдерге қарағанда 10, 20 және 30 есе аз болса, олар қайдан пайда болмақ?!
Соңғы уақытта ғана ғалымдарға тиісті назар аударыла бастады. Бүгінде елімізде ғылым мен білім беруді дамытуға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп жатыр.
– Ендігі уақытта Қазақстанда ғылымды дамыту стратегиясы қалай құрылады?
– Бұл жерде атқарылар жұмыстарға жүйелілік керек. Бұл стратегия басқа елдердегідей экономиканы дамытуға бағытталған шын мәнінде прагматикалық болуы тиіс. Ендігі уақытта Ұлттық ғылым академиясына ерекше міндет жүктеледі. Ол ғалымдардың үстінен қарайтын тағы бір әкімшілікке айналмауы керек. Оның өзіндік бірегей миссиясы мен пайымы бар: тәуелсіз ұсыныстарын беретін автономды, беделді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылу және ғылымды басқару саласында жіберілген жүйелі олқылықтардың орнын толтыру.
Ең алдымен, ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын дұрыс анықтау қажет. Біздің дамыған елдерден айырмашылығымыз, басым бағыттар көбінесе елдің қажеттіліктеріне емес, ғалымдардың мүмкіндіктеріне негізделген. Осыған байланысты Академия базасында экономиканың, ғылымның нақты жай-күйімен және ғылыми-технологиялық дамудың әлемдік трендтерін бағалау арқылы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындаудың объективті жүйесі енгізіледі.
Екіншіден, конкурстық негізде қаржыландырудың үш жылдық кезеңімен ғылымның барлық бағыттарына қолданылатын шаблондық тәсіл ғылымда, әсіресе іргелі зерттеулер саласында нәтижеліліктің төмендеуіне әкелді. Осы уақытқа дейін Қазақстанда заманауи базалық құзыреттерді дамытуға ықпал ететін және қолданбалы әзірлемелердің тиімділігін арттыруға негіз болып табылатын, елдің зияткерлік әлеуетін тұрақты түрде қамтамасыз ететін іргелі (фундаменталды) ғылым үшін тиісті жағдайлар жасалмады. Сондықтан, біз осындай ғылыми зерттеулерді қаржыландыру форматын түбегейлі өзгертуіміз қажет.
Сонымен қатар, Академия жетекші ғалымдармен бірлесіп, заманауи цифрлық және геномдық технологияларды пайдаланып, ел дамуының маңызды әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған ірі пәнаралық мегажобаларды іске асыру бойынша ұсыныстар енгізеді.
Қазір біз осындай бес стратегиялық маңызды бағдарламаны әзірлеуді бастадық. Мәселен, әлемге танымал ғалым, Академияның вице-президенті Дос Сарбасовтың жетекшілігімен ауыл шаруашылығындағы заманауи биотехнологияны дамыту жөніндегі жоба дайындала басталды. Бұл жаңашылдық ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, ауқымды аумағы бар Қазақстанда экономиканы теңгерімді түрде дамыту үшін өңірлік ғылымды дамыту өте маңызды.
– Осы тұста айтыңызшы, технологиялық дамыған елдердің табысының құпиясы неде?
– Бұл сұрақа бірнеше мысал келтіруге әбден болады. Мәселен, алпауыт АҚШ-тың әр штатында дерлік ірі зерттеу университеттері бар. Олар – сол өңірдің экономикасын дамытудың инновациялық орталығы, «ми хабы». Бұл жұмысты тікелей штат губернаторы үйлестіріп отырады.
Біздегі жағдай мүлдем басқаша. Ғалымдар өңірдегі мәселелерді білмейді. Ал, өңірдегілер ғалымдардың мүмкіндіктерінен хабарсыз. Тіпті көптеген әкімдіктерде ғылыми салаға жауапты мамандар да жоқ.
– Бұл мәселені шешудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
– Біріншіден, академия өңірлік университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарды жан-жақты қолдайтын болады. Қажет болған жағдайда академияның мүшелері мен шетелдік серіктестерді тарта отырып, өңірлер үшін ғылыми зерттеулерді дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі. Бұл жұмысты өңірлік университеттер базасында облыс әкімінің орынбасарының басшылығымен Ғылым және технологиялық даму жөніндегі кеңесті құрудан бастауды ұсынамыз. Оның құрамына жетекші ғалымдар, академиктер, қоғамдық ұйымдардың, ірі кәсіпорындар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдері кіреді. Кеңестер өңірлердегі өзекті мәселелерді анықтайды және оларды шешудің қолайлы параметрлерін ұсынады.
Екіншіден, өңірде ғылымды дамыту жөніндегі жұмыс көрсеткіштерін әкімдердің рейтингіне қосу қажет. Бұл жобаны өзара іс-қимылға дайын әкімдермен, 2-3 облыс мысалында пилоттық режимде бастауды ұсынамыз.
Академияның «Өңірлік ғылым – өңірлер үшін» атты бастамасы – мен осыған дейін айтылған ғылым саласындағы прагматикалық тәсілдің мысалы. Бұл ғылыми, ғылыми-техникалық саясаттағы жүйелі «олқылықтың» орнын толтырып, ғылымды практикаға және нақты өндіріске жақындатып, елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтады. Сонымен қатар аймақтардың әлеуметтік және экономикалық дамуына мүмкіндік береді. Осы жұмыстың тағы бір ерекшелігі, біз өзгерістерді әдеттегідей жоғарыдан төменге емес, төменнен жоғарыға қарай бастап отырғанымыз дұрыс-ақ.
– Сұхбатыңызға бек рахмет! Отандық ғылымды дамытудағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суретті түсірген автор
Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ