Жарнама
Ұлттық құрылтай

Қоғам пікірін жатсынбау керек

Мені толғандырып жүрген мәселе – билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынас. Президенттің бастамасымен жаңашыл идеялар пайда болып жатыр. Олар идеологиялық тұрғыда жүзеге аса да бастады. Осы бастамаларды іске асыру мақсатында күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғам өкілдерінің пікірлерімен санасып, бірлесе отыра жұмыс істеуі керек деп есептеймін.

«Билік. Қоғам. Диалог» деген үш маңызды ұстынды біраздан бері айтып жүрмін. Бұл үшеуі сөз жүзінде ғана қалмауы керек. Соңғы кезде азаматтық қоғамның белсенді өкілдерін қудалау жағдайлары жиілеуде. Әрине, заң бәрімізге ортақ, орындалуы керек. Қоғамның басым бөлігі Президенттің саясатына енді-енді қалыптасып, демократиялық принциптерді қолдап жатқандығы байқалады. Олары анық көрініп те тұр.

Қоғам болған соң сыни пікірлердің айтылуы да қалыпты жағдай. Мәселен, бетке басар қиянаты болмаса да еркін пікірін білдіріп, қоғамға ой тастап, әділдіктің үстемдік құруын қалайтын кейбір азаматтарды заң алдында жауапты етіп, сенделтіп қою фактілері бар. Олардан төнетін қауіпті көріп тұрғаным жоқ. Олар да алға қойған бағдарламалардың жүйелі түрде орындалып, елдің игілігі үшін жүзеге асқанын қалайды.

Рас, іс-әрекеттерінде мұның бәрін қоғамның талқысына салып, жеткізуінде ерекшелік болуы мүмкін. Сондықтан ішкі саясаттың тізгінін ұстаған азаматтар орындықтарынан тұрып, халықпен жиі араласып тұруы қажет деп ойлаймын. Бұл жұмыстардың бірізге түсуіне барлығымыз бір кісідей атсалысуымыз керек. Осы бағытта да жүйелі жұмыстардың босаңсып тұрғандығын көруге болады.

Ермұрат БАПИ,

Парламент Мәжілісінің депутаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button