Қ.Тоқаев: Ілия Жақанов – нағыз мемлекетшіл тұлға, зиялы қауым ішіндегі аса беделді ағамыз
«Шын мәнінде, жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет. Әсіресе, қазіргі геосаяси жағдайда бұл міндет аса маңызды екенін ұмытпаған жөн. Осы орайда, мен әйгілі қаламгер, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевты айрықша атап өткім келеді.
Ол – руханият саласында, мемлекеттік қызметте ерекше қолтаңбасын қалдырған біртуар тұлға, классик жазушы. Мен Әбекеңмен қызметтес болдым, жақын араластым. Әбіш Кекілбайұлы нағыз тау тұлғалы азамат еді. Ол ішкі мәдениеті өте жоғары жан болатын. Ешқашан біреуді біреуге қарсы қоймайтын, бәріне сүйіспеншілікпен қарайтын. Әр аймақтан өзіне сәлем беруге келген азаматтарға есігі қашанда айқара ашық еді. Онымен тілдескен адамдар рухтанып, қанаттанып шығатын. Әбекең ұсақ-түйек әңгімеге берілмейтін, жалпы адамзатқа ортақ мәселелер туралы ойланып, толғанатын. Бір сөзбен айтсақ, Әбіш Кекілбаев нағыз зиялы адам, кемеңгер тұлға болды.
Сондай-ақ бүгін ортамызда Құрылтай мүшесі, аса көрнекті мәдениет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов отыр. Ілекең де нағыз мемлекетшіл тұлға, зиялы қауым ішіндегі аса беделді ағамыз. Әрдайым салмақты ой, салиқалы пікірімен елге сыйлы болып жүрген ардақты азамат.
Біз халқымыздың осындай перзенттерін, олардың өмір жолын жан-жақты дәріптеуіміз керек, лайықты құрмет көрсетуіміз қажет»
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ