Жарнама
Ұлттық құрылтай

Президент ұлтты ұйыстырудың жолын айтты

«Жазушылар Одағының төрағасы, Ұлттық Құрылтайдың мүшесі Мереке Құлкенов жақында осы мәселе туралы орынды пікір білдірді. Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түседі деп айтты.

Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ.

Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз. Бұл – халқымыздың жүріп өткен жолы. Сол себепті, қалай десек те, тарихымызға шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабылдауымыз керек. Ұлт жылнамасы елді біріктіретін фактор болуға тиіс.

Ашығын айтуымыз керек, біз тарихқа келгенде көбінесе эмоцияға беріліп кетеміз. Өткен заманды орынсыз қазбалау жақсылық әкелмейді, оның пайдасынан гөрі, зияны көп.

«Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтпаған. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де бір болуы қажет. Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек.

Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр.

Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет. Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек»

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button