Оқулықтағы олқылықтың себебі неде?
Құрылтайға алғаш рет қатысып отырғандардың бірімін. Алқалы жиында оқулық мәселесін көтермекшімін. Өйткені, әлі күнге дейін бұл проблема оңтайлы шешімін таба қойған жоқ. Бұған мектептегі 50 жыл еңбек өтілі бар математика пәнінің мұғалімі ретінде салыстырмалы түрде баға бере аламын.
Бүгінде қаншама оқулықтар шығып, оларға қанша қаражат жұмсалды!? Соның бәрінің басын қоссақ, кеңес кезіндегі бір оқулыққа жетпейді. Бұл, әрине, өткенді көксеу емес, дегенмен, шындығы сол.
Олай деуіме саладағы жүйенің, логикалық байланыстың жоқтығы себепші болып отыр. Оқушы оқулықтағы тақырыпты тыңдап, талдау жасап отырады. Яғни, алған білімін өзінше бөлікке бөліп, есіне сақтайды. Содан соң алған білімін біріктіріп, синтездейді. Синтезделген білімін біріктірген соң, ол тұжырымға айналады. Дидактиканың принципінде ең қарапайымнан күрделіге біртіндеп көшуі керек. Егер ондай тапсырмалар болмаса оқушылар мектепте алған тұжырымды қалай бекітеді? Мұны кемшілік деп білемін. Сондықтан ата-аналарға, балаларға, мұғалімге түсінікті болатын бірыңғай фундаменталды оқулық шығарылса деген ойдамын.
Сонымен қатар, қазіргі таңда оқушы сабақ кезінде телефон қолдана алмайды. Арнайы заң да шықты. Бұл істі қолдағанымызбен, үзіліс кезінде оқушыға тыйым сала алмаймыз. Оқушы сол уақытта әртүрлі сайтқа кіріп, ақпараттар жинайды. Ал сабақ кезінде интернетке алаңдаған баланың зейінін аударуға тиіспіз. Оған тағы да уақыт керек. Баланың алған ақпараттары орталық жүйке жүйесіндегі нейрондардан тұратын шеңберде тұрып алады да оның шығуы үшін белгілі бір уақыт қажет.
Әр бала физиологиялық ерекшелігіне байланысты осы жағдайдан әртүрлі уақытта шығуы мүмкін. Осылайша, баланың сабақтан ешқандай пайда алмауына әкеледі. Менің ойымша, баланың ата-анасына ескертіп, оқушыға телефонды мектептегі сабақтарын толық аяқтаған соң ғана ұстату керек. Сонда ғана сапалы білім ала алады.
Алма ШҮКІЖАНОВА,
Семей қаласындағы №7 мектеп-лицейінің мұғалімі