Мән-маңызы артқан алқалы басқосу
Жақында Атырауда үшінші Ұлттық құрылтай өтті. Алқалы басқосуда атадан балаға мирас болып келе жатқан жалпыұлттық құндылықтарды дамыту, заманға сай жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірлеу мен енгізу, қоғамдық бірігуді дамыту, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдар өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету секілді міндеттер қойылды.
Мәдениет, өнер және руханият мәселелері ұлттық мәдени мұра, көркемдік көрініс және рухани дәстүрлерді сақтау мен дамытуды көздейтіні анық. Бұл тұста өнердің қоғамдағы рөлі, мәдени дипломатия, дәстүрлі қолөнер мен тәжірибені сақтау және мәдени әралуандылықты ұлтты біріктіру көзі ретінде насихаттау маңызды деп ойлаймыз. Осы орайда Президент алға қойып отырған мәдени құндылықтарға жаңаша көзқарас, оның ішінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, салт-дәстүрімізге деген құрметті орнықтыру сияқты ойлары халық ішінде қолдау табары анық.
Оған облыста құрылғанына он жыл болған «Елсана» рухани –патриоттық қауымдастығының халық арасында жүргізіп отырған жұмысы құптарлық. «Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді. Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді» деді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент адами құндылық, ниет, пейіл тазалығына да қатысты мағыналы ойларын ортаға салды. Мұның өзі елдікті сақтап, күшті мемлекет болу жолында адамның рухани байлығы, өнегелі тұлғасының да маңызы бар дегенді білдіреді. Жалпы, қоғамдық институт ретінде қалыптасып үлгерген ұлттық құрылтай жұмысы еліміздің өсіп-өркендеуіне, идеологиямыздың беки түсуіне қызмет етіп келеді.
Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ,
Атырау облысының Құрметті азаматы