
Кәсіпкерлікке – кең өріс
Құрылтай – тарихи маңызы бар, дала демократиясының дәстүрінен бастау алған, бүгінде қоғам мен мемлекет арасында диалог орнатуға арналған алаң болып табылады. Онда елдің өзекті мәселелері шешіліп, болашаққа нық қадам жасау үшін маңызды жоспарлар мен жобалар талқыланады. Мәселен, Ұлытаудағы құрылтайда ұлттық мүдделер және республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы айтылса, Түркістанда мәселе мемлекеттік құндылықтар туралы болды.
Сондай-ақ, жастардың рухани және физикалық тұрғыдан денсаулығы атап айтылды. Атырауда кейбір азаматтардың дәстүрлі емес діни ағымдарға бейімділігі, адамгершілік, тәрбие мәселелері көтерілді. Осындай кездесулердің нәтижесінде құрылтайда қазақстандық қоғамның маңызды мәселелері шешіледі, заңнамалық деңгейде құжаттар мен бағдарламалар қабылданады. Атап айтқанда, ұлттық құрылтайдың қорытындысында Атырауда есірткі қылмысы мен құмар ойындарға қарсы іс-қимыл бойынша түзетулер, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, есірткі сатуға және вандализмге қарсы күрес жөніндегі нормалар қабылданды. Электрондық темекіні сатуға тыйым салынды. Жалпы, былтырғы құрылтайда көтерілген мәселелерді іске асыру үшін 10 заң әзірленіп, бүгінде олардың 9-ы қабылданды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінде қоғамда қызу пікірталас туғызған салық реформасына қатысты өз көзқарасын білдіріп, Үкіметке мақсатсыз мшығындарды қысқартуды тапсырды. Президенттің айтуынша, біздің мемлекетіміз — әлеуметтік, сондықтан білім беруге, денсаулық сақтауға инвестиция салу жалғасады. Бірақ көмек шынымен мұқтаж азаматтарға көрсетілуі керек, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондай-ақ, Президент аз салық төлеу үшін өз бизнесін бөлшектейтін кәсіпкерлер туралы айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, қалыптасқан жағдайды заңнамаға қажетті өзгерістер енгізе отырып, шұғыл түрде «түзету» қажет.
Қазақстанда кәсіпкерліктің дамуы – мемлекеттің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан бизнесті қолдауда бұрын болмаған шаралар ұйымдастырылуда, мемлекеттік қолдау құралдарын қарастырған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда.
Өңірде бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау, бизнес-климатты жақсарту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда, нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштердің өсу динамикасы байқалуда. Былтыр мұнайлы өлкеде ресми түрде 68 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны – 146 мың адамды құрап, өндірілген өнімінің көлемі – 2,4 трлн. теңгеге жеткен. Тек былтырдың өзінде кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әр түрлі көздерден 13,3 млрд. теңге қаралған.
Оның ішінде, кәсіпкерлікті дамыту Ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бюджеттен 12,4 млрд. теңге бөлініп, 35,9 млрд. теңге құрайтын 1000 – ға жуық кәсіпкер жобасы қолдау тауып, олар арқылы 429 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 5 млн.теңге көлемінде мемлекеттік грант 16 жобаға ұсынылған, жалпы мемлекеттік қайтарымсыз грант көлемі — 80 млн. теңге. Бұл бағытта 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз грант ұсынуға 430 млн.теңге бөлініп, нәтижесінде 291 кәсіпкердің жобасы қолдау тапқан.
Халық құрылтайды ерекше қызығушылықпен күтеді, өйткені бұл — қоғамды толғандыратын өзекті мәселелер айтылатын және елдің саяси және экономикалық тұрақтылығының игілігі үшін осы мәселелерді шешу жолдары туралы айтылатын платформа.
Нұрлы ӘЙТИЕВА,
Әйелдер күштері Альянсының жетекшісі,
Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры