Жарнама
Ұлттық құрылтай

Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі

Ұлттық киім – ұлттың бітім-болмысынан, тарихынан, дәстүрінен хабар беретін құндылық. Ықылым заманнан ұрпақ сабақтастығын жалғаған қазақ халқы киім үлгілерінің  тәлімді сабақтастығын әлі жоғалта қойған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында ұлттық киімдерді кеңінен насихаттау мәселесін көтерді.

Өңірде ұлттық тәрбие, салт-дәстүрімізді қайта оралтып, аналардың осы бағыттағы жұмысын жандандыру бағытында көптеген игі бастамаларды қолға алып келеміз. Мысалы, мен өзім бала кезімде кимешек киген аналарды тек кинолардан ғана көретінмін. Кимешекті тек әжелер киген деген түсінікті тарихты білгендер айтпас еді. Кимешекті 1 бала туған аналар да ұлықтап киген екен. Мен тарихты жан-жақты зерделей келе, осы ұлттық киіміміздің қадір-қасиетіне терең бойлап, кимешекті заманауи үлгіде сән-салтанатымен киюді дәстүрге айналдырып келемін. Осындай ұлттық құндылықтардың барын айтып жеткізетін, насихаттайтын аналардың қатарын көбейту мақсатында аз жұмыстанып жатқан жоқпыз. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық екенін айтты. Расында да, бүгінгі қоғамда ең сорақысы – бастан аяқ қара жамылған қыз-келіншектердің көбейгені. Денесінде көзінен басқа ашық жер қалдырмай, қара түнекке айналған, айналасына қорқыныш дәнін сепкен бұл қыз-келіншектердің басына күн туған жоқ, жат ағымның жетегінде жүр. Ұлтынан, салт-дәстүрінен, дінінен безініп, дүбәраға айналуда. Қазақ үшін қара түс — қайғының белгісі. Көңілге қуаныш сыйлап, әдемілікті паш ететін арулар қара жамылды. Бетті бүркемелейтін жамылғы кию ислам үшін міндетті болып табылмайтындықтан өзге елдерінің өзінде «ниқаб»киюге тыйым салу ойластырылып жатқанда, біздікілердің бұл әдетін қалай түсінуге болады? 

Қазақтың қыз-келіншегі қалай киінген еді? Әрине, әдептіліктің белгісі ретінде тұла бойды жауып тұрды. Бас киімі ше? Жасына, отбасына қарай өзгеріп отырған оның да өзіндік бір философиясы бар. Асқан шеберлікпен, әсемдікпен тігілген қазақ әйелінің киімі оның ұлттық болмысын айқындады. Көйлек етегінің ұзындығы ибалықты білдірсе, кимешек секілді бас киім бір жағынан тазалықты, бір жағынан көшпелі елдің көшпенді өмірінде әйелді қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғады. 

Қазақ әйелі де нағыз мұсылман әйелі ретінде шариғатқа сай қалыптастырылған ұлттық киім киіп, жаугершілік заманда ерлермен бірге еліне қорған бола алды. Ерлерше киім киіп, атқа қонған батыр қыздарымыз тарихта баршылық. Бірақ, ешқайсысы қара жамылған жоқ еді… Әрине, заман өзгерген сайын киім кию үлгісі де өзгермек. Әлемдік деңгейдегі сәнгерлердің үлгісімен тігілген киімдер қоғамға еніп, біздің әйелдер де оларға басымдық берді. Олар ұлттық киімді ығыстырса да, қазақи болмыстан айырған жоқ.

Мектептерде, университеттерде ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптейтін арнайы пән мен сабақ енгізіп, ұлттық киім мен мәдениеттің маңызын түсіндіретін бейнеролик, деректі фильм түсіруге баса назар аударған жөн. Жастар арасында ұлттық құндылықтарды құрметтеуді насихаттайтын жобаны көбейтіп, ұлттық мәдениетті құрметтеуді отбасынан, балабақшадан бастап қалыптастыруымыз керек. Танымал тұлғалар, өнер жұлдыздары ұлттық құндылықтарды дәріптеуі үшін арнайы жобалар жасаса нұр үстіне нұр болар еді.

Дәстүрімізге сай, атадан-балаға мирас болып келе жатқан ұлттық киімдерімізді ұлықтасақ, тарихымыз жойылмайды. Алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киімдерді тек сахналық немесе мерекелік емес, күнделікті тағатын бұйым, киетін киімге айналдырып, қалыптастырсақ, рухани жаңғырудың жарқын жолы болар еді деп ойлаймын.

Жанар ӘБІШ,

«Қазақ аналары – дәстүрге жол» 

республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button