
Бізге керегі жарасымды сыйластық пен бірлік
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда адамгершілік пен жауапкершілік, әділдік пен адалдық, бірлік пен ынтымақ сынды құндылықтарды қоғамда кеңінен дәріптеудің маңызына айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы осы құрылтайда қоғамды жайлап бара жатқан әлеуметтік кеселдермен күресудің өзектілігін де тілге тиек етті. Осы бағытта асыл дінімізді дамытуға, оның ұлтты ұйыстыру жолындағы сындарлы рөліне жоғары мән берді. Бұл жердегі маңызды мәселе – елдің бірлігі мен тұрақтылығы.
Бұл – Қазақстанның басты ұстанымы. Осыған орай Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы кешенді мәдени-танымдық шараларды жиі өткізіп келеді. Бұл тақырып – «Қоғамда ізгілікті насихаттаудың мәдениеті» тақырыбындағы ІІ республикалық уағызшылар форумында жан-жақты қамтылды.
Осыған байланысты «Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті» құжаты қабылданды. Қабылданған доктринада өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды асыл қасиеттерімізді жаңғырту мәселесі кеңінен әңгіме өзегіне айналып отыр. Бұл мақсатта Қазақстан діни басқармасының бастамашылдығын еліміз бойынша қолдауға әбден болады. 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялаудың өзі қоғам өміріне тың серпін беріп отыр. Ол адамдар арасындағы гармониялық үйлесім мен жарасымды сыйластықтың негізін қалыптастыруға жасалған үндеу. Гармония – ғаламның үздіксіз өркендеуінің негізгі кепілі. Сондықтан Діни басқарма отбасылық гармония орнатуды негізгі бағыт етіп алып отыр.
Қоғамда өзіндік мүдделері мен мақсаттары бар түрлі әлеуметтік топтар мен саяси күштердің қатар жүретіні айқын. Демек, қарама-қайшылықтар болады. Бірақ оны бір өлшеммен, адамгершілік мұраттарына бағындыра отырып жетістікке жетуге әбден болатынын уақыт көрсетіп отыр. Әрине, бұл тұста сыйластық пен діни білімнің жарқын, иланымды көмегі қажет. Оның ең үлкені мұсылмандық дәстүрге жарасымды болуы тиіс.