Жарнама
Ұлттық құрылтай

Айтылған сөз орындалуымен құнды

Президенттің Атырауда өткен Құрылтайда сөйлеген сөзінде Атырау облысының дамуына ерекше көңіл бөлінетіндігі айтылды. Соған көңілім бірленіп отыр. Өңірдегі экология, су, жұмыссыздық секілді өзге де салалардағы қордаланған мәселелерді қамтыған. Аймақта мол жерасты суы қоры бар екендігі айтылады, соны тиімді пайдаланудың жолы қаралса жөн болар еді.

Сонымен қатар, құрылтайда ана тіліміздің қойыртпақталуы, оған қоса дін төңірегіндегі түйткілдер де айтылған. Тіл саясаты және ономастика бойынша қалалық комиссияның мүшесі ретінде бұл жайттар мені де толғандырады.

Өзім жастармен, жасөспірімдермен тығыз жұмыс істейтіндіктен бұл мәселелердің көтеріліп, күн тәртібінде үнемі айтылуы керек деп есептеймін. Қазақ халқының ежелден қалыптасып, сүрлеуіне түскен жолы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Халқымызда отбасылық құндылыққа айрықша мән берген. Соның бірі қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі саналатын жеті ата ұғымының орны тым бөлек. Бүгінде тіл мәселесіне келгенде облыстағы тіл саясаты саласындағы жұмыстарды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қауқарсыздығы байқалады. Президент құрылтайда сөйлеген сөзінде тіл саласындағы мәселелерге байыппен қарап, қоғамға пайдалы бағыттарын ұсыну керектігін айтқан.

Енді осы айтылған міндеттердің жүйелі түрде орындалуын қолға алу керек деп ойлаймын. Байқасаңыздар қазақ халқы атамұра, атакәсіп, атақоныс деген сөздерді қолданғанмен, тілге келгенде ана тілі деген сөзді қолданды. Бұл жерде тіл мәселесі ананың қолында екендігіне нұсқаса керек. Өйткені анасы қай тілде сөйлесе, бала да сол тілге бейім келеді. Сондықтан бұл мәселеге ерекше көңіл бөлу керек. Тіл – адам бойындағы ең мықты иммунитет. Төрт-бес жасқа дейін ана тілінде сөйлеген бала ержеткен соң да өз тілін ұмытпайды. Ал оның орнына басқа тілде сөйлетсе, бір бүйрегі сол тілге қарай бұрып, елдік мәселеге келгенде ойлары тұрақсыз ұрпақ қалыптасуы мүмкін. Жоғарыда атап өткенімдей, жастардың арасында дін мәселесіне келгенде еліктеушіліктің де бар екендігін байқаймыз. Бұл тұрғыда кейбір көршілес елдердегі дін саласындағы тәртіптің заң жүзінде жолға қойылғандығы себепті белгілі бір тұста тиімділігін көрсетіп отыр. Сондықтан олардың заңдарын түгелдей көшіріп алмасақ та кейбір діни атрибуттар туралы заңның қабылданғаны дұрыс деп санаймын.

Әлбетте еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан әр адамның сенімі мен ұстанымын да естен шығармай, толерантты қарау да керек. Сондай-ақ, бүгінгі таңда заманауи салаларды игеріп, мемлекетіміздің дамуы үшін ақпараттық технологияларды да меңгеруіміз міндетті меже болып тұр.

Асан РАУШАНОВ,

ҚР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы, ҚР-ның Құрметті спорт қайраткері

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button