Жарнама
Ұлттық құрылтай

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар

«Американың өзінде Орталық Азиядағы көршілес елдердің мыңдаған азаматтары тұрып жатыр. Көбі бизнесін жүргізіп, саудамен айналысады, арасында қалталы адамдар пайда болуда. Бірақ олар өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтқан жоқ. Ең дамыған елдердің азаматтары да шетел асып, табыс табуға намыстанбайды. Заманауи көшпенділер, Modern Nomads дегеніміз – осы. Бұл – бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс.

Соңғы жылдары біздің де жастарымыз шетелге жиі шыға бастады. Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр. Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер де бар. Қай жерде болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай бір жағдай болса, көмектесе алады.

Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу.

Келесі құндылық – жасампаздық және жаңашылдық. Бұл – өте жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті, біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз.

Біз адам капиталына арқа сүйесек, өзіміз белгілеген ауқымды өзгерістердің бәрін жүзеге асыра аламыз. Елімізде талантты азаматтар аз емес. Олар тың амал-тәсілдер қолданып, батыл шешімдер қабылдағанының арқасында түрлі салада зор табысқа жетіп жүр.

Соңғы жылдары креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Қазақстанның мәдени толқыны кең қанат жайып, өрендеріміз аймақтық және жаһандық деңгейде таныла бастағаны кездейсоқтық емес. Ұлтымыздың орасан зор жасампаздық әлеуеті кино, музыка, әдебиет және өнердің басқа да жаңа салаларында айқын көрініс тапқан. Креативті индустрия экономикамызды өркендетуге тың серпін беретініне сенемін.

Еліміз біртіндеп постиндустриалды қоғам үлгісіне көшіп келеді, идея мен инновация оның басты қозғаушы күші саналады. Біз озық технологияларға негізделген білім экономикасын құруымыз қажет. Қазақстан жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айналуға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз. Осы технология таяу болашақта әлемді түбегейлі өзгертеді.

Біз барлық салада цифрлы номадтар өркениетінің озық стандарттарына сай болуымыз керек. Жастарымыздың әлеуеті мен менталитеті, қарым-қабілетіне қарасақ, «Қазақстанның қарышты қадамын» жасауға біздің толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады. Басқа-басқа, бірақ дәл осы жерде батыл қимылдап, құлашымызды кең сермеуден қорықпау керек.

Әрине, мұның бәрі қатып қалған қағида емес. Алайда, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар бола алады. Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Мен ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек.

Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады.

Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек. Өздеріңізге мәлім, соңғы бес жылда біз әртүрлі құндылықтар жайлы жиі пікір алмасып, ой елегінен өткіздік. Оның бәрі уақытша ғана мәні бар жалаң тақырыптарды талқылау емес, идеология саласында жүргізілетін кешенді жұмыстың нақты бағдарын айқындау үшін жасалды.

Мен бүгін маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы тарқатып айтып бердім. Тағы да бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет.

Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі керек. Аталған идеалдар Қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларына да арқау болуы қажет.

Негізгі құндылықтарымызды бұқаралық ақпарат құралдары мен креативті индустрия, әсіресе, кино, музыка және әдебиет арқылы дәріптеу аса маңызды. Салалық ведомство көпшіліктің қызығушылығын туғызатын тың жобалар ұсынуға тиіс.

Жаңа қоғамдық этиканы орнықтыру ісінде орталық органдар ғана емес, өңірлік билік те маңызды рөл атқарады. Орталық пен аймақтар тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Мысалы, ел ішіндегі еңбек көші-қонын жандандыру мәселесі бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімдіктері өзара үйлесімді әрекет етіп, жұмыла жұмыс істеуі қажет.

Ұсынылып отырған құндылықтар жүйесі ағартушылар мен қоғам белсенділеріне бағыт-бағдар бола алады. Озық құндылықтар біздің болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы үшін оны қоғамда жан-жақты дәріптеудің тиімді тәсілдерін іздеу, ұсыну және тарату қажет. Сіздер, Ұлттық Құрылтайдың мүшелері, осы күрделі әрі маңызды жұмыстың алғы шебінде болуға тиіссіздер.

Сырттан келмеген, өмірден іргесін ажыратпаған бұл құндылықтар төл тарихымызға, мәдениетімізге, болашаққа ұмтылысымызға негізделген. Сондай-ақ барша азаматтарымыздың мүддесіне сай келеді. Оны кеңінен дәріптеп, ілгерілету үшін мемлекеттік аппарат пен қоғамдық күштердің бәрі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеуі қажет. Президент Әкімшілігіне бұл жұмысты бақылауға алуды және идеология саласындағы міндеттерді орындау үшін кешенді жоспар жасауды тапсырамын.

Елімізді жан-жақты жаңғырту үшін кең ауқымды жұмыс жасалып жатыр. Бүгінгі айтылған бастамалар – соның бір бөлігі ғана. Көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер әлі де бар. Оның бәрі халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Біз оны біртіндеп шешіп жатырмыз. Бірақ барлығын бір күнде реттеу мүмкін емес. Сондықтан оған уақыт, түсіністік және сабыр қажет.

Дүние жүзінде қалыптасып отырған аса күрделі ахуал жағдайды ушықтырып тұр. Кейбір саясаткерлердің жауапсыз мәлімдемесін өздеріңіз оқып жатырсыздар, олар түрлі арандатушыларға дем беруде.

Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз. Әрине, өрге шығу оңай емес. Талай қиындық туындауы мүмкін. Соған қарамастан, тек алға ұмтылуымыз керек.

Соңғы бес жылда көптеген маңызды бастаманы жүзеге асырдық. Нәтижесінде Қазақстан саяси тұрғыдан түбегейлі өзгерді. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін нақты шаралар қолға алынды. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Үкіметке экономиканы түбегейлі реформалау үшін барлық құзырет берілді. Халқымыз оның нәтижесін көп ұзамай көреді деп сенемін. Бірақ ең бастысы – нақты мақсат қойып, соған ұмтылу. Осыны жете түсінген жөн. Әр азамат еліміздің қайда бет алғанын, ертеңіміз қандай болатынын білуі керек. Бұл – өте маңызды».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button